Жаңалықтар

Журналистикаға жасанды интеллектінің келуі үлкен мүмкіндік берді - Айна Задабек

Журналистикаға жасанды интеллектінің келуі үлкен мүмкіндік берді - Айна Задабек
Фото: El.kz 16.04.2025 14:56 388

ІІ Орталық Азия медиа форумында Qazcontent АҚ төрағасы Айна Задабек жасанды интеллекттің медиа саласында қолданылуына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жасанды интеллект журналистикаға үлкен мүмкіндік әкелді. Сөзіміз дәйек болуы үшін Qazcontent-тің мысалын келтірейін. Қоғамымызда 2024 жылдың соңында ЖИ-ді дамыту бойынша кеңес құрдық, - деді ұйым басшысы.

Qazcontent – ол мемлекеттік акционерлік қоғам. Оның құрамына Baq.kz, Baigenews.kz, El.kz, Ruh.kz, Тарих порталы, Әдебиет порталы және Премьер-министрдің ресми сайты кіреді.

Журналистикаға жасанды интеллектінің келуі үлкен мүмкіндік берді - Айна Задабек

Біз ЖИ-ді енгізу процесін бастаған кезде қызық оқиға болды. Алғашында әріптестерімнен, тілшілерден “ЖИ-ді пайдаланасыздар ма?” деп сұрадым. Сол кезде көбі үндемей қалды, кейбірі пайдаланбайтындарын айтты. Мен әріптестерім ЖИ-дің мүмкіндіктерін пайдаланбайтын болса, онда біз шұғыл түрде осы жүйеге қосылып, оны меңгеруіміз керек деп ойладым. Кейін біраз уақыт өткеннен кейін әріптестерім ЖИ-ді шыққан кезден бері пайдаланып келе жатқандарын мойындады. Бірақ не үшін бірден айтпағандарын сұрағанымда “ЖИ-ді пайдаланып, мақаланы жазған кезде ол мақаланың авторы кім болады, мен бе, әлде робот па?” деген мәселе болды. Біз мемлекеттік тапсырысты орындайтындықтан министрлікке есеп беруіміз керек, - деді Айна Задабек.

Qazcontent басшысы министрліктегі әріптестерімен сөйлесіп, бұл мәселенің шешімін тапқанын жеткізді. Задабек ЖИ көмегімен жазылған мақалаға белгі қою керегін атап өтті.

ЖИ журналистің жұмысын азайтпайды, бірақ үлкен мүмкіндік береді. Жаңа бағыттар, креативті ойлау мүмкіндіктерін ашады, - деп ойын қорытындылады ол медиафорумда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға