Жаңалықтар

Журналистерге жеңілдікпен ипотека берілсе, керемет мүмкіндік болар еді

Журналистерге жеңілдікпен ипотека берілсе, керемет мүмкіндік болар еді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 25.02.2023 11:29 1986

Болашағынан көп үміт күттіретін жас спорт журналисі, Meta-ratings.kz сайтының редакторы Әділ Саптаевпен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Әділ, қайырлы күн. Жедел сұхбат беруге келісім бергенің үшін рахмет. Алғашқы сауал, спорт журналистикасымен қашаннан бері айналысып жүрсің?

- Мен 2018 жылдан бері спорттық журналистикамен айналысамын. Еңбек жолымды «Хабар 24» телеарнасында Overtime бағдарламасынан бастадым. Сонымен қатар, «Сетанта Қазақстан» телеарнасында және «Sputnik Қазақстан» сынды Қазақстанның бірнеше интернет порталдарында жұмыс істедім. Қазіргі уақытта Meta-ratings.kz сайтында редактор-журналист болып жұмыс істеймін.

- Жалпы спорт тақырыбы сені қай уақыттан бастап қызықтыра бастады?

- Бала кезімде футболшы болуды армандайтынмын. Негізі мен футболға 2002 жылғы әлем чемпионатынан кейін қатты қызығушылық таныттым. Сол кезде бразилиялық Роналдо мен неміс қақпашысы Оливер Кан керемет ойын өрнегін көрсетті ғой. Ол ойын барлық футбол жанкүйерлерінің есінде сақталған шығар деп ойлаймын. Бірақ мен кәсіби футболшы емес, сол футбол жайлы, жалпы спорт тақырыбында жазатын журналист ретінде танылып келемін.

- Спорт туралы ақпараттарды қайдан аласың?

- Мен Қазақстан футболындағы оқиғаларды жіті бақылап отырамын, ақпаратты жедел және объективті түрде беруге тырысамын. Мен қарапайым журналистер мен тілшілердің қолы жете бермейтін бірегей дереккөздерден жиі ақпарат аламын.

- Спорт журналисі үшін пресс картаның қандай артықшылығы болуы мүмкін?

- Спорт журналисі ретінде баспасөз карталарын енгізу маған және көптеген әріптестеріме кез-келген спорттық іс-шараларға қатысуға көмектеседі деп айта аламын. Журналист ретіндегі қызметімде түрлі спорт клубтарының баспасөз қызметтері жауап бермеген және аккредиттеу туралы өтініштерді елемеген кездері болды. Баспасөз картасы Қазақстанның спорт журналистеріне жаңа мүмкіндіктер береді деген ойдамын.

- El.kz-тің оқырмандары өзің жайлы көбірек біле берсін. Өзіңді қысқаша таныстыра кетсең дұрыс болар еді.

- Мен Екібастұз қаласының тумасымын, жасым 27-де, Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша 2018 жылы бітірдім. Оқудан кейін 5 жыл Астанада тұрып көрдім. Қазір туған жерім Екібастұзда тұрып, еңбек етіп жатырмын.

Журналистерге жеңілдікпен ипотека берілсе, керемет мүмкіндік болар еді

- Қалай ойлайсың, қашықтан басқа қалада жұмыс істеу қиын емес пе?

- Жоқ, қашықтан жұмыс істеу өте ыңғайлы. Карантин кезінде біз кеңсеге бармай да жұмыс істеуге болатынын түсіндік. Жаңалықтарды жазу үшін үлкен кеңсе қажет емес екенін және барлық журналистердің бір жерде отырып жұмыс істеуі де қажет емес екенін көрсетті. Қазір технологиялар дамыған заманда сұхбат алу, жаңалықтарға мақала жазу үшін ноутбук пен телефон да жеткілікті.

- Әділ, жалпы жас журналист ретінде пікіріңді білгім келеді, бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеу қиын емес пе?

- Бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеу қиын емес, бірақ менің ойымша бұл дұрыс емес. Қазіргі қымбатшылық кезінде журналистердің жалақысы жеткіліксіз, сондықтан бізге бірнеше жерде қатар жұмыс істеуге тура келеді. Қазір жалақым жақсы, бірақ мен де кезінде үш жерде жұмыс істедім.

- «Сананы тұрмыс билейді» деп жатамыз, ипотека алу жағына қалай қарайсың?

- Журналистерге жеңілдікпен ипотека берілсе - бұл керемет мүмкіндік болар еді. Көбінесе журналистердің ипотека алуға мүмкіндігі жоқ, себебі журналистің жұмысы әрдайым тиісті дәрежеде бағалана бермейді. Бұл пікірімді көптеген әріптестерім де қолдайды деп сенемін.

Мысалы, менің туған қалама оралу себебім де осыған байланысты. Біріншіден, елордада пәтер жалдау құны қымбат, екіншіден кез келген жерде қашықтан жұмыс істей алатын қабілетім бар. Менің ойымша, журналистерге жеңілдетілген ипотека қарастырылуы керек деп ойлаймын.

- Өмірде ұстанған қағидаң немесе ұрансөзің бар ма? Әдетте спортшыларда болатын еді ғой деп сұрап жатқаным ғой.

- Менің сүйікті ұрансөзім: «Барлығы өзімізге байланысты!».

- Керемет, қысқа да нұсқа! Уақыт бөліп сұхбат бергенің үшін көп рахмет.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға