Жаңалықтар

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Қарқаралы – жер жаннаты
18.07.2016 02:53 6396

Журналистер мерекесі қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздің БАҚ өкілдері үшін арнайы демалыс ұйымдастырған болатын. Қазақ даласының қаймағы болған Қарқаралы өңіріндегі сапар «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналист қауымын бір серпілтіп тастаған еді. 

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы салдырған мешітте құран бағыштаумен басталған демалыс сапары әйгілі «Шайтан көлге» сапармен жалғасты. Астанадан аттанған журналистер 400 шақырым жердегі Қарқаралыға 8 сағат жүріп әрең жеттік. «Бір жол бар, жақын, жақын да болса алыс, бір жол бар, алыс, алыс та болса жақын» дегендей, жыр болған Қарағанды-Астана күрежолының бітпеген жөндеулерінің салдарынан жақын жеріміз алыс болды. Дегенмен, қағаз бен қалам, камера мен микрофон шаршата алмаған журналистерді бұл жол да қажыта қойған жоқ.

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған демалыс сапарына бір кезде ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы білім алған Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университеті де қолдау көрсетті. Қарқаралы өңіріне табаны тиген БАҚ өкілдерін ҚарМТУ-ға қарасты «Политехник» оқу-сауықтыру орталығында күтіп алып, қазақы қонақжайлық танытқан осы ЖОО ректоры Арыстан Ғазалиев арнайы қонақ асын беріп, еліміздегі білім саласының жаңа реформалары туралы журналистермен емен-жарқын әңгімелесті.

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Екі күнге жалғасқан демалыс сапары барысында Қасым Аманжолов, Нүркен Әбдіров, Тоқтар Әубәкіров т.б. қатарлы атақты тұлғалар туып шыққан киелі топырақтың тарихымен, көркімен, руханиятымен танысқан журналистер Қарқаралы тибиғи қорық мұражайы, Қарқаралыдағы Абай Құнанбайұлы екі айдан астам аялдаған көпес Бекметовтің үйі, Құнанбай қажы салдырған мешіт қатарлы ерекше орындарда болды.

Қарқаралының табиғат мұражайы

Алайда орталықтан алыста жатқан Қазақстанның кез келген ауылының халі Қарқаралыны да айналып өтпеген екен. Әсіресе осындай әйгілі өңірдің жол мәселесінің шешілмеуі, мәдени орындарының жұтаң күй кешуі еріксіз еңсені басады. Дегенмен, жолдың шаршатқаны да, көңілге кірбең ұялатқан ауыл көркінің жұтаңдығы да Қарқаралының ғажайып табиғатын көрген соң ұмытылып кеткендей.

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Өкініштісі, қазір Шайтанкөлге аққулар қонбайды екен...

Бұған дейін де түрлі сала басшылар Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында журналистерді марапаттап, сый-сияпаттар жасаған еді. Алайда, елдің тікелей болашағымен жұмыс жасап отырған БҒМ қалам ұстаған қауымды бір серпілтіп, киелі өңірге апаруды жөн санаған екен. Бұл әрекеттері журналист қауымның қолдауына ие болды. Алдағы уақытта да БАҚ өкілдерін еліміздің өзге де өңірлеріне демалыс сапарына апарып тұруды жоспарлаудамыз дейді БҒМ PR кеңесшісі Майраш Тайкенова.

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Журналистердің Қарқаралыға сапары

Қарқаралының қасиетті ауасымен тыныстап, біраз тыныққан журналистер қауымы осылайша қимастықпен тарқасты

Қазақтың Қарқаралыдай киелі мекеніне сапар жасаған әрбір журналистің көкейінде көрікті мекенге, киелі топыраққа, әсем табиғатқа деген ерекше құрмет сезімі болғаны анық. «Қарқаралы басында жалғыз арша», Қарқаралы – жер жаннаты деп жырлаған әйгілі Мәди өскен өңірмен қимай қоштастық...


Қыр баласы

Фотоға түсірген Ержан Жаубай

baq.kz

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға