Жаңалықтар

«Жүректен жүрекке»: ҚХА су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастыруда

«Жүректен жүрекке»: ҚХА су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастыруда
Фото: Қазақстан халқы Ассамблеясы 07.04.2024 20:32 865

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жүректен жүрекке» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Акцияға Алматы қаласы бойынша «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі қатысты. Алматылық жастар үлкен көлемдегі киім-кешек берді. Ал Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы азық-түлік жеткізуге бағытталған гуманитарлық көмек ретінде өңірлерге 3500 кг азық-түлік, Қазақстан дүнгендер қоғамы су басқан өңір халқына азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім және төсеніш пен жастықтар жеткізді. Оған 4,1 млн теңге жұмсалған.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Елена Бакарасова болса, акция аясында су басқан үйлерді қалпына келтіру үшін бір тонна құрылыс материалдарын жөнелтті.

Алматыдағы өзбек ұлттық мәдени орталығы 4,5 млн теңге көлемінде азық-түлік, резеңке етік, төсеніш пен су тазарту үшін сүзгілерді жөнелтсе, «Луи» армян мәдени орталығы мен «Ариана» ауған этномәдени орталығындағылар да зардап шеккендерді азық-түлікпен, ыдыс-аяқ және төсек-орынмен қамтамасыз етуге бағытталған акциядан тыс қалмады. 

Әзірбайжандар қоғамы гуманитарлық көмек ретінде өңірлерге 400 төсеніш пен жастық жөнелтті.

(Фото: Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы)

Ал күні кеше Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының этнос белсенділерінің атсалысуымен Атырау облысына 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі жолға шықты.  

Еске салсақ, 3 сәуірде елордадағы Достық үйінің ғимаратында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік штабтарының бірлескен онлайн отырысы өткен болатын. Жиында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы іске қосылды. Гуманитарлық жүктерді өңірлерге жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға