Жұмыссыз азаматтар мемлекеттен қандай көмек ала алады?

Кез келген адам белгілі бір себептерге байланысты жұмыссыз қалуы мүмкін. Алайда мемлекет азаматтарын қиын жағдайда қолдаусыз қалдырмайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жұмыссыз азаматтарға бірқатар әлеуметтік көмек түрлері қарастырылған. Ол азаматтардың жұмыссыздық кезеңінде табыссыз қалмауына, жаңа жұмыс табуына және біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ендеше, мемлекеттен қандай көмек алуға болатынына толығырақ тоқтала кетейік.
Жұмыссыз азаматтарға қандай көмек көрсетіледі?
Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға мемлекет тарапынан келесі қолдау шаралары ұсынылады:
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу – азамат жұмысынан айырылған жағдайда оған белгілі бір мерзімге жәрдемақы тағайындалады.
Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу – лайықты бос жұмыс орындарын іздеп табуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.
Уақытша жұмыс орындарына жолдау – мемлекет субсидиялайтын келесі жұмыс түрлеріне қатысу мүмкіндігі беріледі:
- Қоғамдық жұмыстар;
- Әлеуметтік жұмыс орындары;
- Жастар практикасы;
- Алғашқы жұмыс орны;
- Ұрпақтар келісімшарты;
- Күміс жас жобасы.
Қайта даярлау курстарынан өту – жаңа мамандық алу немесе бұрынғы біліктілікті арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастырылады.
Кәсіптік оқыту – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігі ұсынылады.
Бастапқы бизнесті бастауға арналған гранттар – өз ісін бастаймын деген азаматтарға қайтарымсыз қаржылай қолдау беріледі.
Жұмыссыз ретінде қалай тіркелуге болады?
Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша мансап орталығына баруыңыз қажет немесе enbek.kz порталында автоматты түрде тіркелуіңізге болады.
Enbek.kz порталы арқылы тіркелу:
Ең алдымен, enbek.kz порталында жеке кабинет ашып, жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу қажет.
Осыдан кейін, бос жұмыс орындарына өтінім беру және әңгімелесуге қатысу мүмкіндігі беріледі.
Егер үш жұмыс күні ішінде жұмыс табылмаса, жұмыссыз мәртебесі қашықтан беріледі.
Тіркелу аяқталғаннан кейін, жұмыссыз азаматтарға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларына қатысу мүмкіндігі ашылады.
Ескерту: Жұмыс істейтін азаматтар, зейнет жасындағы тұлғалар, студенттер және жоғары сынып оқушылары жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды.
Жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақыға өтініш қалай береді?
Жұмыссыз ретінде тіркелген соң, жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақыға өтініш беруге болады. Өтінішті enbek.kz сайтында, eGov порталында онлайн, мансап орталығында немесе Халыққа қызмет көрсету орталығында офлайн түрде беру мүмкіндігі бар. Құжаттардан жеке куәлік пен өтініш қажет.
Жәрдемақы жұмыс өтіліне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін төленеді. Жәрдемақы мөлшері жұмыс берушінің соңғы 24 ай ішінде әлеуметтік сақтандыру қорына төлеген ай сайынғы табысына байланысты есептеледі. Сондай-ақ, барлық өтініш беруші үшін бірыңғай түзету коэффициенті – 0,45 және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі. Егер жұмыс беруші әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын аударым жасамаса, қызметкер жәрдемақы талап ете алмайды.
Уақытша жұмыс орындарына кімдер қатыса алады?
Мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына қатысу үшін мансап орталығына немесе еңбек биржасына жүгіну қажет. Оларға қатысуға мүмкіндігі бар тұлғалар мен шарттар төмендегідей:
Қоғамдық жұмыс – жұмыссыздарды уақытша қолдау шарасы. Қатысу үшін кәсіби білім талап етілмейді. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы кемінде 24 АЕК (2025 жылы – 94 368 теңге). Студенттер қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуі керек.
Жастар практикасы – жастарға тәжірибе алу мақсатында ұйымдастырылатын уақытша жұмыс. Оған оқу бітіргеніне бес жыл болмаған және жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған колледждер мен ЖОО түлектері қатыса алады. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы 30 АЕК (2025 жылы – 117 960 теңге). Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болса, жастар практикасына қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Алғашқы жұмыс орны – алғаш жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Оған жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған жастар қатыса алады. Жобаға қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді. Жоба аяқталған соң жұмыс беруші жұмыссыз адамды кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы қажет.
Әлеуметтік жұмыс орны – жұмыс беруші мен мансап орталығы бірлесіп құратын уақытша жұмыс орны. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді, ал жалақының 35%-ын мемлекет субсидиялайды, бірақ оның сомасы 20 АЕК мөлшерінен аспауы керек. ҮЕҰ құрған әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдар үшін жалақының 70%-ын мемлекет өтейді.
Ұрпақтар келісімшарты – зейнет жасына таяған қызметкерлер жастарға жинаған тәжірибесін және дағдыларын үйретеді. Жоба аясында арнайы жұмыс орындары құрылады. Ұрпақтар келісімшартына қатысу ұзақтығы 6 айдан аспайды. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді. Жобаға үш жыл бұрын оқу бітірген және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған түлектер қатыса алады.
Күміс жас жобасы – 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарға арналған жоба. Жобаға қатысу ұзақтығы 36 айдан аспайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлікке шыққанға дейін немесе кемінде бір жыл мерзімге тұрақты жұмыс ұсынады. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді, мемлекет субсидиялайтын сома 30 АЕК мөлшерінен аспайды.
Қайта даярлау курстарына қалай қатысады?
Жұмыссыз жүргендер, мамандық ауыстырғысы немесе біліктілігін арттырғысы келетіндер, сондай-ақ колледж не ЖОО бітірмегендер skills.enbek.kz порталында қайта даярлау курстарына қатыса алады. Қатысу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
- enbek.kz сайтында білім алушы ретінде тіркелу.
- Курсты таңдап, оның мазмұнымен танысу.
- Курстың сипаттамасы, ұзақтығы, сабақтар мен тапсырмалар саны, курс авторы және пайдаланушылардың пікірлері туралы ақпаратты қарау.
- Ақылы немесе тегін курстарды таңдауға болады. Тегін курсты таңдап, оның мазмұнын қарап шыққаннан кейін «тегін өту» түймесін басып, курсқа тіркелу.
Бір уақытта бірнеше курсты қатар оқуға болады. Оқуды аяқтаған соң қорытынды тестілеуден сәтті өткендерге сертификат беріледі.
Мансап орталықтары қайта даярлау курстарын тәмамдаған азаматтарға жұмыс табуға көмектеседі.
Бизнесті дамытуға арналған грантқа қалай өтініш беруге болады?
Жұмыссыз ретінде тіркелгендер және тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер мемлекеттен өтеусіз негізде бизнес-идеяны іске асыру үшін грант ала алады. Грант алу үшін өтініш беруші келесі әлеуметтік топтардың біріне жатуы қажет:
- Көпбалалы отбасылар;
- Қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
- Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана;
- Қандас мәртебесі бар адамдар;
- Атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Асыраушысынан айырылғандар;
- Еңбекке араласа алатын мүгедектігі бар адамдар.
Грант алу процесі қалай жүреді?
Алдымен business.enbek.kz порталында тіркеліп, бизнес-жоспар құрыңыз. Грант алуға өтініш беріңіз.
Грант алғаннан кейін 12 ай ішінде мансап орталығына есеп беріп отыру қажет.
Грант көлемі 400 АЕК, 2025 жылы бұл сома 1 млн 572 мың теңгені құрайды.
Бұл грант кәсіпкерлікті бастауға немесе дамытуға бағытталған, өтеусіз көмек ретінде ұсынылады.
Кәсіптік оқытудан өту үшін не істеу керек?
Кәсіптік оқытудан өту үшін enbek.kz порталында жеке кабинет ашып, оқу мамандығы мен жұмыс берушіні таңдауыңыз қажет. Өтінішті толтырып, қол қойып, сұхбаттасуға қатысуыңыз керек. Егер іріктеуден өтсеңіз, өзара келісімшарт жасалады. Оқуды аяқтаған соң, сізге сертификат беріледі. Оқудан өткен адамға ай сайын 20 АЕК (2025 жылы – 78 640 теңге) мөлшерінде жалақы төленеді, ал оқу аяқталғаннан кейін кемінде бір жыл сол жұмыс орнында жұмыс істеу міндетті.
