Жұмысшы жастар форумы өтті
Атырауда өткен ауқымды форумға еліміздің 15 облысынан 200-ден аса жас қатысты. Олардың қатарында жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер, кәсіпорын қызметкерлері мен ұйым өкілдері бар.
Форумның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл шара тек кәсіби даму алаңы ғана емес, жаңа идеялар мен үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей платформа екенін атап өтті.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Атыраудың Қазақстандағы ең ірі индустриялық-өндірістік аймақтардың бірі екенін, осында мұнай-газ саласындағы ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын алға тартты.
Жұмысшы жастарға ҚР Парламентінің депутаттары, салалық министрліктер, ірі компаниялар мен жастар ұйымдарының өкілдері спикер ретінде шақырылып, тәжірибесімен бөлісті.
Мұнда «Қазақстанның еңбек нарығы және жұмысшы мамандықтарының келешегі» атты пленарлық отырысы мен TEDx форматында «Isker talks» конференциясы өтті. Кейін қатысушылар үш блокқа бөлініп, оларға оқыту курстары мен тренингтер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, форум аясында қатысушылар жаңадан ашылған «Atyrau faces» жұмысшы мамандықтардың фотокөрмесін тамашалады. Мұнда түрлі саланың басын ұстаған еңбеккер жандардың суреті қойылып, келушілер назарына ұсынылды.
Екі күнге созылған форумда жұмысшы жастар аллеясы ашылды. Сондай-ақ, ең үздік жоба ұсынған алты адамға жалпы соммасы 3 млн теңгелік мини-гранттар табысталды.
Форум жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кәсіби бағдар беруді жандандыру және техникалық-кәсіптік білім беруді қолдау арқылы елдің еңбек ресурстарын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.