Жұмысқа орналастыру үшін пара алған депо басшысы сотталды

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығы сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Антикор мәліметінше, Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығына қатысты үкім шығарды.
Ол локомотив депосының кадрлар жөніндегі делдал-менеджері арқылы адамды тепловоз машинисінің көмекшісі лауазымына орналастыру үшін 1,5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген мәліметте.
Сол үкіммен делдал 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, пара берген адам және оның көмекшісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
