Жаңалықтар

Жұлынға түскен құрт. Жемқорлық бойынша сотталған "шортандар"

Жұлынға түскен құрт. Жемқорлық бойынша сотталған "шортандар"
Фото: Коллаж El.kz 28.07.2023 13:46 5890

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті.Мемлекеттік бюджеттен миллиардтап жымқырғандарды тізсек, санынан жаңыласың. Осы ретте  El.kz  ақпараттық агенттігінің тілшісі ең көп қаржы жымқырып сотталғандардың тізімін ұсынады.

Алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сүйенсек, сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 2022 жылы және осы жылдың үш айында 960 тұлға сотталған. Оның басым көпшілігі парақорлықпен байланысты. Жыл басынан мемлекетке 650 миллиард теңгеден астам залал өтелді, соның ішінде қомақты қаржы Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша қайтарылған.

Талғат Ермегияев – 14 жыл

2016 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы (пара алу), 189-бабы 4-тармағының 2-бөлімі (өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету) бойынша айыпты деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.  

Тергеушілер дерегінше, Талғат Ермегияев 4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленген.

Ахмедбек Ахметжанов – 13 жыл

Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов 13 жылға бас бостандығынан айырылды. 2016 жылғы 11 сәуірдегі үкімімен Ахмедбек Ахметжанов мемлекет қызметте лауазымдық қызмет ету құқығынан өмір бойы айырылып, бар мүлкі тәркіленді. Оған «84 миллион теңге пара алды» деп айып тағылды. Араға 3 жыл салып бостандыққа шықты.

Алмаз Асенов – 11 жыл

Бұрынғы қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері, генерал Алмаз Асенов 2013 жылы шілдеде 11 жылға сотталды. 200 мың доллар пара алды деп айыпталды. Арада 3 жыл өткесін бостандыққа шықты.

Қуандық Бишімбаев – 10 жыл

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2017 жылы қаңтарда қамауға алынған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы экс-министр Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айып тағылды. 10 жылға сотталып, 2,8 айда шартты жазамен босатылды.

Оның «Бәйтерек Development» ісі бойынша тергеліп жатқаны 2016 жылдың соңына белгілі болған еді. Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметінен 27 желтоқсанда босатылды. Министр болып тағайындалғанға дейін ол «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарған болатын. Енді Бишімбаев осы ұлттық компанияның тізгінін ұстаған уақытта жемқорлық қылмысқа барды деп айыпталды.

Қанат Сұлтанбеков – 10 жыл

«Қазақстан инжиринг» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2017 жылы қарашада 10 жылға сотталды. Ол «аса ірі көлемде пара алды» деп айыпталды. 2 миллиард 139 миллион теңге төлеп, ек айдан соң бостандыққа шықты.

Бірақ араға бірнеше жыл салып оған 2023 жылдың 3-ші мамырында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Астана LRT ісі бойынша айыпталушыларға үкім оқыды. Сот шешімі бойынша миллиардтарды жымқырды деген айыппен LRT ЖШС басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Мүсілім Өміряев – 10 жыл

Ауылшаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Мүсілім Өміряев 2014 жылы 10 жылға сотталып, 3 жылда босады. Ол «100 мың доллар пара алды» деп айыпталды.

Серік Баймағамбетов – 10 жыл

Бұрынғы ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовке 2013 жылы қыста «80 мың доллар пара алды» деген айып тағылды. Ол 10 жылға сотталып, 2 жылда бостандыққа шықты.

Арыстанбек Мұхамедиұлы – 8 жыл

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Арыстанбек Мұхамедиұлына Астанадағы Ұлттық музей директоры болып тұрған уақытта «бюджет қаржысын жымқырды» (140 млн теңге) деген айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Бұған дейінгі сот отырысында айыптаушы прокурор соттан экс-министрді 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Анар Мешімбаева – 7 жыл

Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева 2014 жылы ақпанда 7 жылға сотталып, 4 жылдан соң босады. 700 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деп айыпталды.

Ескендірбек Маханов – 7 жыл

Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Ескендірбек Маханов 2017 жылы көктемде 7 жылға сотталды. «100 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды» деп айып тағылды. Бір жылдан соң бостандыққа шықты.

Қайрат Сатыбалды – 6 жыл

Қайрат Сатыбалдыұлына аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ мен «Көлікке қызмет көрсету орталығы» АҚ қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Бұл іске тағы үш адам қатысқан. Тергеу барысында олар мемлекетке 240 миллиард теңгенің мүлкі мен ақшасын қайтарған. Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Оның мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мерзімге мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеу құқығынан айырумен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бағдат Майкеев – 6 жыл

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Бағдат Майкеевке 2014 жылы «екі миллион доллар пара алды» деген айып тағылды. 6 жылға сотталып, бір жылдан соң «қатерлі ісікпен ауыруына» байланысты босатылды.

Мейіржан Өндіргенов – 4 жыл

Ақтөбе облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Мейіржан Өндіргенов 2016 жылы тамызда 4 жылға сотталды. «900 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды» деп айыпталды. Бір жылдан соң бостандыққа шықты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға