Жұлдыз Мұқағалиұлы: «Әкем балажан, мейірімді азамат еді..»
![Жұлдыз Мұқағалиұлы: «Әкем балажан, мейірімді азамат еді..» Жұлдыз Мұқағалиұлы: «Әкем балажан, мейірімді азамат еді..»](/storage/storage/element/2025/02/07/mainphoto/141595/1200xauto_Jw3sgK3JEtV8SpGBS9t34DCQaejjuHFoZWjvuA4S.jpg)
Бүгін ұлы ақын, қазақ поэзиясының шыңына жеткен Мұқағали Мақатаевтың туғанына 94 жыл толып отыр. Оның шығармалары халқымыздың жүрегінде мәңгілік орын алса, рухани әлемімізді тереңінен тербеткен өлеңдері әрбір қазақтың жанын мазалап, көңілін толғандырады. Мақатаевтың жүрегінен шыққан әр сөз, әр шумақ адамзаттың арман-тілегі, сүйіспеншілігі мен қайғы-қасіреті жайлы сыр шертеді.
Әлеуметтік желі қолданушысы Әсет Ақмолда Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мүұағалиұлының естелігінен тың деректерді ұсынды.
Балаларынан әкелік мейірімін аямады..
Менің әкем ресми құжат бойынша 1931 жылдың 9 ақпанында дүниеге келген. Алайда әкемнің туған күні туралы екі түрлі мәлімет бар. Нағиман әжеміздің айтуынша, әкем 8 наурызда дүниеге келген екен.
Әкем 1948-1949 оқу жылдары ҚазМУ-дың филология факультетінде, кейін шет тілдер институтының неміс тілі факультетінде оқыды. Өкінішке орай, тұрмыстық жағдайға байланысты екі оқуын да тастауға тура келді. 1949 жылы оқуын аяқтамай, Шибұт ауылдық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқара бастады. Сол жылы анам екеуі отау құрды. 1954 жылы Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс және неміс тілдерінен сабақ берді. 1957 жылы Қазақ радиосының дикторы қызметіне қабылданды. 1963 жылы Алматыға қоныс аударды.
Әкем балажан, мейірімді азамат еді. Жанары жанып тұратын, әрдайым кеудесін тік ұстап жүретін. Балаларынан әкелік мейірімін аямады. Біреуге жақсылық жасауды өте жақсы көретін. Бірде үйге бір топ жігіт келіп, әкеме алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Түсінгеніміздей, олар түрмеде отырып, әкемнің өлеңдерін оқып, мінез-құлықтарын түзеп, тәлім-тәрбие алған екен. Тіпті әкеммен хат алысып тұрған. Олардың іздеп келгеніне әкем қатты қуанды.
Әкем еңбекқор еді. Шабыты келгенде, көңілі қалаған тақырыбына байланысты өлең жаза беретін. Жақсы өлең жазса, баладай қуанып, барлығымызды дауыстап шақырып, оқытатын. Анамыз қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болғандықтан, әкем ең алдымен оның пікірін сұрайтын. Сол сәттерді әлі есімде, ол өлең оқып отырғанда, оның құлаққа жағымды қоңыр даусы әрқашан жүрегімізді жаулайтын.
Алматыға алғаш келгенде бокспен де айналысқан екен. Әкеммен бірге жаттыққан Рожков кейіннен мықты жаттықтырушыға айналды. Сондай-ақ саятшылықты жақсы көретін, қыста шаңғы тебетін, жазда көкпар тартатын. Шахмат пен бильярд ойындарын да өте жақсы ойнайтын.
Біздің үйге Шәмші Қалдаяқов жиі келетін. Бірде екеуі дайын әуенге мәтін жазып жатқанда, ол әуеннің «Талдықорған» әні екенін кейін түсіндік. Сол кезде Панфилов көшесінде тұратын едік. Шәмші аға: «Мына сөздер менің әуеніме сай келмей тұр, қайтадан жазшы», – деп айтқан еді. Ал әкем: «Ішімнен шыққан дүниені мен неге өзгертуім керек?» деп көне қоймады. Сөйтіп, біраз айтысып қалған еді.
Әкем көп жағдайда қолдау таппай қалатын..
Әкем өлеңдерін өз бөлмесінде отырып жазатын. Аузына насыбай салып алып, көк шапанын желбегей жамылып отыратын. Үстелді кеудесіне тіреп, солай отырып жаза беретін. Жазып болған соң, жайраңдап келіп, анамызға оқып беретін. Сонда оқып, күліп: «Лашын, қалай болыпты?» деп сұрайтын. Ал анамыз – оның ең алғашқы төрешісі болатын.
Әкем көп жағдайда қолдау таппай қалатын. Мұндай сәттерде анамыз Лашын оны басу айтып, «Бәрі дұрыс болады» деп жігерлендіретін. Әкем сәл мұңайып отырып, бірақ қайтадан еңсесін көтеріп, бөлмеде ерсілі-қарсылы адымдап: «Әй, мені түсінгісі келген адам өлеңдерімді оқиды. Ничего, төрт миллион қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін!» деп қайталайтын.
Бір кездері Димаш Ахметұлына хат жазғанын білесіздер. Ол кісіден жауап көп күтті. Бірақ, өкінішке орай, жауап келмеді. Әттең, егер жауап келгенде, әкемнің өмірі басқа арнамен ағып кетер ме еді...
Әкем өзінің өлетінін сезгендей болды. Ауруханада дәрігерлер «мүлдем үміт жоқ» деп шығарып жібергенде, Комсомол-Космонавт көшелерінің қиылысындағы аялдамада ұзақ отырды. Көзін бір нүктеге қадап, үнсіз, ой үстінде отырды. Содан кейін үйде бір күн ғана болды. Ертесі қайта ауруханаға алып кеткен. Ал қайтқан күні жаңбыр құйып тұрды. Табиғаттың өзі жылап тұрғандай еді. 1999 жыл.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)