Жүлде қоры – 15 млн теңге: «Алтын тобылғы» байқауына құжат қабылдау жалғасуда

«Алтын тобылғы» әдеби байқауы үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл игі іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі байқау биыл тоғызыншы рет өтеді. Басты мақсат – заманауи қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, шығармашылығын насихаттау.
Әдеби байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгердің қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі шығармасы қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары қатыстырылмайды. Бір автордан бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады.
Байқау номинациялары:
- «Жылдың үздік прозасы»;
- «Жылдың үздік поэзиясы»;
- «Жылдың үздік драматургиясы»;
- «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;
- «Жылдың үздік киносценарийі»;
- «Жылдың үздік фантастикалық шығармасы»;
Қор биыл «Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы номинациясын да тағайындаған. Жеңімпаз «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады. Ал арнайы номинация жеңімпазына 3 млн теңге беріледі.
Қатысу үшін өтінімді (шығарманы) пошта арқылы Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 1А, Нұрсұлтан Назарбаев қорына немесе at2023@fnn.kz электрондық мекенжайына жіберу керек. Өтінім 30 қазанға дейін қабылданады.
Толық ақпарат fnn.kz сайтында немесе 8 (7212) 767012 телефон нөмірі арқылы біліңіз.
