Жаңалықтар

Жұбайының келісімімен ғана несие алу қоғамдағы мәселені шешпейді – Мадина Аюханова

Жұбайының келісімімен ғана несие алу қоғамдағы мәселені шешпейді – Мадина Аюханова
Фото: Мадина Аюханованың жеке мұрағатынан 01.07.2024 17:14 1895

Бүгінде әлемді тербетпесе де, үйіндегі бесігімен қоса қызметтік мансабында биік белестерді бағындырып жүрген әйел заты көбейіп келеді. Сол арқылы олар «Әйел бастаған көш оңбас» деген ұғымды теріске шығарып жүр. Бірақ бұл міндетті атқару біздің қоғамда қаншалықты қиын? Әсіресе қаржы саласы секілді «ерлер әлемінде» әйел заты басшылық қызметке тағайындалуы үшін қандай кедергілерге тап болады? Осы және өзге де сауалдарымызды 27 жылын банк-қаржы секторына арнаған, талай лауазымды қызметте тәжірибесі бар, бүгінде EA Group холдингінің CFO қызметін атқаратын Мадина Аюхановадан сұрап білдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Әйелдерге өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеу үшін көбірек еңбектенуге тура келеді»

El.kz: Мадина ханым, өзіңіз талай жыл қаржы саласында еңбек етіп келе жатқаныңызды білеміз. Алдымен бұл салаға қалай келдіңіз, неліктен банк саласын таңдадыңыз, осы жайлы айта кетсеңіз?

Мадина Аюханова: Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін менің алғашқы жұмыс орным KPMG аудиторлық компаниясы болды және алғашқы аудиторлық тексерулерге қатысу арқылы бухгалтериядағы практикалық тәжірибесіз аудитте жұмыс істеудің өте қиын екенін түсіндім. Сондықтан бухгалтерияда және міндетті түрде шетелдік компаниядан орын іздеу туралы шешім қабылдадым. Сол кезде Қазақстанның банк нарығына түрік банкі келді, олар жас мамандарды іздеп жатты. Іріктеуден өтіп, бухгалтерия және қаржылық бақылау департаментінде жұмыс істей бастадым. Шын мәнінде, бұл менің әрі қарайғы мансап жолымды анықтады.

El.kz: Карьераңызда көптеген қаржы ұйымында еңбек етіп, басшылық лауазымды атқардыңыз. Жалпы, қатардағы қызметкердің, әсіресе әйел затының басшылық қызметке тағайындалуы қаншалықты қиын?

Мадина Аюханова: Мансап құрудағы гендерлік мәселе – менің ең сүйікті тақырыбым! Жалпы, біздің нарықта ерлерді, әсіресе жастарды жұмысқа қабылдауға тырысады. Өз басым бұған ерлердің декреттік демалысқа шықпайтыны және балаларымен үйде отырмай, тұрақты жұмыс істейтіндігі себеп деп ойлаймын. Сондықтан, әрине, әйелдерге өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеу үшін көбірек еңбектенуге тура келеді. Алайда жынысқа бөлмей айтатын болсақ, жас қызметкерге мансап жолында өсу оңай емес, әсіресе тек лауазымының жоғарылауын ғана емес, сонымен қатар кәсіби маман ретінде сенімділігін арттыруды мақсат тұтса. Менің ойымша, мұнда көптеген жеке қасиеттер мен дағдылар қажет: бұл үйрену қабілеті мен дайындығы, міндетті түрде сыни ойлай алуы, ең бастысы, өзіңнен асып түсуге деген ұмтылыс.

El.kz: Қаржы саласы негізінен ер адамдардың «әлемі» екені жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, ер азаматтар басшысының әйел болғанына қалай қарайды? Карьералық баспалдақпен көтерілгенде қандай да бір қиындықтар болды ма?

Мадина Аюханова: Өз басым «Басшы әйел - бағынышты ер адам» жағдайында ешқашан қиындықтарға тап болған емеспін. Қарамағыңдағы қызметкерлердің жынысына және иерархиялық құрылымдағы айырмашылықтарына қарамастан, олармен дұрыс қарым-қатынас орнату қашан да маңызды. Дұрыс қарым-қатынас орнату, қызметкерді мені кәсіби және жеке қасиеттерім үшін құрметтеуіне мүмкіндік беру, дұрыс және қажетті тәжірибемен бөлісе алатынымды және ол үшін пайдалы бола алатынымды көрсету қажет. Қарамағымдағы қызметкерлерге үнемі айтып отыратын бір тезисім бар: мен бұл позицияда оларға өз жұмыстарын лайықты деңгейде атқаруға көмектесу үшін отырмын.

Жұбайының келісімімен ғана несие алу қоғамдағы мәселені шешпейді – Мадина Аюханова

Фото: Мадина Аюханованың жеке мұрағатынан

El.kz: Қалай ойлайсыз, сіз еңбек жолыңызды бастаған уақыт пен қазіргі уақытта әйел басшыға қатысты қоғамның көзқарасы қаншалықты өзгерді?

Мадина Аюханова: Үлкен өзгеріс бар. Еңбек жолымды еліміздегі нарықтық қатынастардың құрылуы басталған кезде бастадым және сол кезде елімізде көптеген әлеуметтік, экономикалық қиындықтар болғанын жақсы білесіздер. Ол кезде біздің қоғамым көптеген мәселеде патриархалды еді және әйелдер басшылық лауазымға жету жолында елеулі кедергілерге тап болды. Экономиканың тұрақтануымен және 2000 жылдардың басындағы өсудің арқасында әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Сонымен қатар, табысты әйел басшылардың санының артуы да өзгелерге үлгі болды. Менің өмірімде де әртүрлі мансаптық кезеңдерімде маған өсу үлгісін және шабыт берген осындай нәзікжандылар бар.

El.kz: Жақын адамдарыңыз, отбасыңыз лауазымды қызмет атқаруыңызды қолдайтын ба еді? 

Мадина Аюханова: Отбасымда менің мансап қууыма қатысты ешқашан мәселе туындаған емес. Бұл өз-өзімен болған процесс. Балаларымды босанған соң да ешқашан үйде отырған емеспін. Бұл тұрғыда анамның көрсеткен көмегі мен қолдауына алғысым шексіз.

El.kz: «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп айтамыз. Бірақ кейбір адамдар әлі күнге дейін карьерасын ойлайтын әйел отбасын ұмытып кетеді деген пікірде. Әйелдің осы екеуін қатар алып жүруге қатысты сіздің ойыңыз қандай?

Мадина Аюханова: Мен солардың бірімін! Жалпы, адамдар әртүрлі болады, бұл әйелдерге ғана қатысты емес. Біреулер үй және балаларымен айналысуды жөн көреді, өмірден басқаның бәрін алып тастайды. Біреулер мансаптық биіктерге жетуді қалайды және мансап жолында отбасын құру кедергі болып көрінуі мүмкін. Менің жағдайыма келер болсақ, алдыма карьера жасауды мақсат етіп қойған жоқпын, маған өзіме қызықты істермен айналысу бақыты бұйырды, сол арқылы бүгінгі дәрежеге жеттім.

«Өзіңді кешегі өзіңмен ғана салыстыру керек»

El.kz: Болашақта өссем, лауазымды қызмет атқарсам дейтін қыздарға айтар кеңесіңіз. 

Мадина Аюханова: Ең бастысы, кәсіби маман және тамаша басшы болуға деген ниет болса, қорықпау керек. Өзіңді ешкіммен салыстырудың қажеті жоқ, өзіңді кешегі өзіңмен салыстыру керек. Өзіңнен кәсіби маман және басшы қалыптастыру үшін көптеген ресурс бар, солардың ішінен өзіңе жұмыс істейтінін табу керек.

El.kz: Кей елдерде әйелдерді директорлар кеңесінің құрамына кіргізу талап етілген. Бізде осындай мәселелерді Еңбек кодексіне енгізу орынды бола ма? Жалпы, міндетті түрде осынша әйел мына қызметте, салада болсын деген заң енгізу қаншалықты қажет және оның тек әйел болғаны үшін қызметте отырғаны қаншалықты әділетті?

Мадина Аюханова: Мен біздің әйелдерімізге сенемін! Яғни мұндай заңнамалық талаптарсыз-ақ басшылық қызмет атқаратын әйелдер саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан мұндай талаптарды Еңбек кодексіне енгізу қажет деп ойламаймын. Иә, егер теңдік туралы айтатын болсақ, бұл екі жаққа да тең қолданылуы керек деп санаймын.

El.kz: Әңгіме ауанын сіз қызмет ететін салаға бұрсақ. Өзіңіз бірқатар банкте жұмыс істедіңіз. Осы орайда мына сауалды қойсам деймін. Қазіргі таңда елімізде басында несиесі жоқ адам аз. Неліктен жағдай осылай болып кетті?

Мадина Аюханова: Несие адамға қомақты қаражат жинамай-ақ өзіне қажетті қымбат затты сатып алуға мүмкіндік береді және ай сайынғы табысы сол қымбат дүниені бірден барып сатып алуға жетпейтін адам несиенің шырмауына байлана береді. Өкінішке қарай, қазір елімізде несиеге қатысты жағдай өте күрделі болып отыр: 1,5 миллионнан астам қазақстандықтың несие бойынша мерзімі өткен берешегі бар. «Неліктен бұлай болды?» деген сұраққа бір сөзбен жауап беру мүмкін емес деп ойлаймын. Бір жағынан, несие мүмкіндіктер береді, екінші жағынан, қаржылық сауаттылық пен табыс деңгейі жеткіліксіз болған жағдайда, үлкен қиындықтар туғызады. Егер елімізде қаржылық сауаттылық туралы көбірек айтылса, білім беру іс-шаралары жиі өткізілсе, онда жағдай жақсы жаққа қарай өзгерер ме еді.

El.kz: Бұрын кез келген адамға несие бере беретін. Оның табысына да, отбасылық жағдайына да қарамайтын. Бұдан былай жағдай өзгереді, яғни табысы есептеледі, жұбайының рұқсаты керек деген секілді. Бұл несиеге шырмалған халықтың жағдайын жақсартуға қаншалықты әсер етуі мүмкін?

Мадина Аюханова: Өз басым мұндай шектеулерге күмәнмен қараймын, өйткені бұл банк құпиясын сақтау талабына тікелей қайшы келеді. Әрине, заң шығарушылар қандай мәселені шешкісі келетінін түсінемін, олар осылайша жұбайына/зайыбына екінші серіктестің білуінсіз отбасына несие жүктемесін арттыруға мүмкіндік бермеуге тырысып бағуда. Бірақ бұл жерде әртүрлі жағдайдың болатыны ескерілмей тұр, мысалы, ерлі-зайыпты олардың біреуіне несие рәсімдеу қажет болған сәтте, ажырасу алдында тұруы мүмкін. Сондай-ақ банктердің жұбайының келісімі болмаған жағдайда, несиені қайтаруды талап ете алмауы әртүрлі алаяқтық схемаларға әкеп соғуы мүмкін. Бұдан басқа, жұбайының келісімін несиені өтеуге қатысу жауапкершілігі ретінде қарастыруға болады, бұл дұрыс емес, өйткені қарыз алушы, ерлі-зайыптының бірі қарызды өзі үшін алады, ол өз міндеттемелері бойынша жауап беруі керек. Менің ойымша, бұл норма несие алу процесін қиындатады және мұндай келісімді нотариалдық куәландыруға қосымша шығындарға әкеледі. Бұл несие алатын адамдардың жағдайын жақсартады деп ойламаймын.

«Біздің қоғам акцияларға инвестиция жасауға әлі дайын емес»

El.kz: Соңғы жылдары әртүрлі ұйымдардың, ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу ұсынылуда. Инвестиция жасағысы келетін адам алдымен нені ескеруі керек? Жалпы, біздің қоғам инвестиция жасауға қаншалықты дайын?

Мадина Аюханова: Халықтың көпшілігі үшін ең түсінікті және қолжетімді инвестициялау түрі банктік депозиттер екені сөзсіз. Депозиттер қор нарығындағы инвестицияларға қарағанда сенімді және тұрақты. Бағалы қағаздарға жаппай инвестициялаудың табысты дамуы үшін қор нарығы, бағалы қағаздар нарығының негізгі ұғымдары мен заңдары саласында білімің жеткілікті деңгейде болуы керек. Кәсіби емес инвесторлардың көпшілігі бірінші жылы-ақ ақшасынан айырылады. Менің ойымша, инвестиция жасауға біздің халқымыздың аз ғана пайызы дайын және бұл осы салада сауаттылық деңгейі жеткіліксіз болғандықтан ғана емес. Мәселе мынада, адамдар бос қаражатты инвестициялайды, яғни бұл адамдар отбасылық бюджетке зиян келтірмей бөле алатын сомалар, ал халықтың басым көпшілігінде мұндай артық қаражат жоқ екенін ескерсек, менің жауабым мынадай: жоқ, қоғам әлі инвестиция жасауға дайын емес. Сонымен қатар, қазақстандық қор нарығының өзі еліміздің қарапайым тұрғыны үшін қызығушылық тудыратындай жеткілікті дәрежеде дамымаған. Қазақстандықтар ауқымды инвестициялаумен айналыса алуы үшін қоғам мен нарыққа әлі де біраз уақыт қажет деп ойлаймын.

El.kz: Акциялар сатып алу дегенге күмәнмен қарайтындар әлі де көп. Акционер болу арқылы қарапайым адам жағдайын жақсарта ала ма? 

Мадина Аюханова: Әрине, қарапайым адам акцияларға инвестиция салу арқылы өзінің материалдық жағдайын жақсарта алады. Алайда бұл белгілі бір дағдылар жиынтығын қажет етеді. Қаржылық есептілікті оқи білу (оның қандай стандарттар бойынша жиналатынын білу), негізгі макроэкономикалық индикаторларды түсіну, микроэкономиканы түсіну, салалық талдау және эмитент компанияның тоқсандық есептілігін талдай білу, акциялар, облигациялар, туынды құралдар, тауар-шикізат нарықтары мен валюта нарықтарының өзара байланысын түсіну. Бұл дағдыларды жетілдіру белгілі бір базалық білімді, сондай-ақ бағалы қағаздармен жұмыс істеудің белгілі бір тәжірибесін талап етеді. Білуге құмарлық пен еңбекқорлық үйлесім тапқан кезде бұл дағдыларды уақыт өте келе меңгеруге болады. Мәселе тек осы дағдыларды адамның қаншалықты меңгергісі келетіндігінде.

Жұбайының келісімімен ғана несие алу қоғамдағы мәселені шешпейді – Мадина Аюханова

Фото: Мадина Аюханованың жеке мұрағатынан

El.kz: Ал бүгінгі таңда Қазақстанды шетелдік компаниялар үшін инвестиция тартуға қолайлы мемлекет деп айта аламыз ба?

Мадина Аюханова: Қазақстан, инвестиция салу үшін қызықты ел екені анық. Оған қажетті факторлар жеткілікті – демографияның жақсы қарқыны, табиғи ресурстардың орасан зор мөлшері, тұрақты саяси режим, осы планетадағы барлық күш орталықтарымен жақсы халықаралық қатынастар. Алайда институционалдық сипатқа ие елеулі шектеулер бар. Экономиканың көптеген секторында маңызды реформалар қажет. Экономикадағы мемлекеттің үлесі әлі де тым көп, бұл нарықтық механизмдердің жұмысын елеулі түрде бұрмалауға әкеледі, ал бұл өз кезегінде ресурстарды жеткіліксіз тиімді бөлуге әкеледі. Ақыр соңында экономикалық өсудің баяу қарқынын көреміз. Мұның бәрі шетелдік инвесторлардың назарынан тыс қалмайды. Сонымен бірге, оң факторларды атап өтейін: сол венчурлік нарыққа шетелдік инвестициялар көлемі өсуде. Шетелдік бизнес-періштелер, венчурлік қорлар біздің стартаптарға сенеді және оларға айтарлықтай қаражат салады. Мен, басқа жергілікті сарапшылар сияқты, бұл тек бастама екеніне және алда бізді үлкен оң өзгерістер күтіп тұрғанына сенемін!

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға