Жұбаныш Жексенұлының өмірлік ұстанымдары
07.06.2017 11:23
10845
Күміс көмей әнші, қоңыр үнімен эстрададан ойып тұрып орын алған Қазақстанның еңбек сііңірген мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлының өмірлік ұстанымдарын назарларыңызға ұсынбақпыз.
- Өзімнің айтқым келетін әнді айтқым келеді. Ән бірінші өзіме ұнауы керек. Әйтпесе оны қалай айтамын?
- Музыкаға қатты беріліп, күні-түні студиядан шықпайтын кездерім де болды. Бірақ қазір эстрадада түрлі жәйттар болып жатыр ғой. Өнерге көлденең кіріп кеткендер көңілімді қалдырды. Мен дәл қазір сондай жағдайда жүрмін деп айта аламын. Қазір ән айтуға ұялатын да болып жүрмін. "Басқа жұмыс жасасам қалай болады?" деп те ойланамын. Әйткенмен әзірге менің қолымнан басқа жұмыс келмейтін сияқты. Сондықтан ән айтып жүре тұрамын. Бірақ ертең дұрыс жұмыс шығып жатса, сол жаққа кетіп қалуым әбден мүмкін.
- «Болдым, толдым» деу – өз талабыңа өзің балта шабумен тең. Өзгеден бұрын адам өз ісіне терең сынмен қарай білгені жөн.
- Эстрада дегеніміздің өзі көп жанрлы сахналық өнердің бір түрі. Эстрадалық музыка деген думан кештерге арналған электрленген музыка. Қазір біздің әндеріміз думанды шоуға емес, той-томалақтың төңірегінде қалып отырғандығы көңілімді құлазытады.
- Меніңше, өнер адамдарына бір бағытта қатып қалған жараспайды. Сондықтан да өзіңді жан-жақты таныта білгенге не жетсін?! Алдағы уақытта мен де өзімді өзгеше қырымнан көрсеткім келеді. Яғни, халықтың көңілін көтеретін, әдемі әндер айтсам деймін. Бірақ, барынша сауатты ән шырқайтыным анық.
- Ән айтуды ешқашан тастамаймын. Өйткені, ол жүрегімнің қалауы.
- Мен қалайда халықтың көз алдында жүруім керек деген ұстанымды ұстана бермеймін.
- Жақын арада өнер мектебін ашу жоспарымда жоқ. Өзімнің өнерімді әрі қарай өрістетсем деймін. Яғни жаңа әндер жаздырып, шығармашылығымды одан әрі дамыта түсуді мақсат етіп отырмын.
- Менің жалпы орындауымда ойнақы әндер жоқтың-қасы. Оның үстіне концертке ел ән тыңдау үшін келмей ме? Би билеу үшін емес. Сондықтан да репертуарымда ырғағы жылдам ән жоқ.
- Шын өнердің, шын еңбектің бағасын білген дұрыс.
- Маған мені бар болмысыммен қабылдап, шынайы дос бола алатындар ұнайды. Сол себептен де болар достарымның барлығы сондай жандар деп ойлаймын.
- Шоу-бизнестің түп тамыры бизнесте емес, өнерде, сондықтан қатаң талап қай кезде де әншіге де, сазгерге де қойылуы тиіс, тіпті бизнес болған күннің өзінде өнер кәсіптің бір түрі екен деп еліміздің болашағы – жастардың сана-сезіміне сызат түсіріп алмауымыз керек.
- Жолым болмайды деп жата кеп жылайтындарды түсінбеймін. Бұл дұрыс емес. Әр таң сайын аман есен оянып, күйбең тірлік кешудің өзі жолыңыздың болғаны. Халықпен концертте жүздесіп, елмен тілдесіп жатамыз, ол да жолы болғыштық. Сондықтан жолым болғышпын деп айта аламын.
- Шоу-бизнеске, эстрадаға және жалпы, өнерге келген, келмек ойдағы адамның бойында ең алдымен сауат болуы тиіс. Ол – музыкалық қана емес, жалпы, адами сауат.
- Өнер – ақша табу емес, жан дүниеңнің талантқа толып, жү¬регің¬нен шабыт бере ақтарылған шағыңда халық¬қа жар салып, құдай берген ерекше дарының¬ды паш ету.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Талдықорған қаласы жайлы не білесіз?