Жаңалықтар

«Жоқ пәтерді сатып жіберген»: Астана әкімі бірқатар құрылыс нысандарын аралады

«Жоқ пәтерді сатып жіберген»: Астана әкімі бірқатар құрылыс нысандарын аралады
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek 13.01.2024 00:20 2118

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек шаһарда «сақалды құрылысқа» айналған тұрғын үй кешендерінің жұмысымен танысты. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында. Бұл туралы елорда басшысы желі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жеңіс Қасымбек жұмыс сапары барысында «Садовые кварталы», «Триумф Сити», «Территория комфорта-1» 2-кезек, «Ақерке 2» 2-кезек, «Мирный дом», «Қорғалжын кварталы», «Алтын бұлақ», «Зере 2» секілді ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің құрылысымен танысты.

Оқи отырыңыз: 

Қала әкімінің жазуынша, құрылысы ұзаққа созылған әрбір нысанның тарихы күрделі. Жүздеген тұрғын жылдар бойы баспанасын күтіп жүр. Мәселен, «Садовые кварталы» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2011 жылы басталған. ЕҚК-ге өткізу кезінде нысанның тек қадалары мен қазаншұңқыры ғана бар болатын.

«Мирный дом» – тұрғын үй кешенінің тарихы 2011 жылдан басталады. Үлескерлерге тұрғын үй кешенінде жоспарланған пәтерлерден көп пәтер сатылған. Яғни, жоқ пәтерді сатып жіберген. «Алтын бұлақ» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. ЕҚК-ге тапсырылғанға дейін үйдің тек 20%-ы ғана салынған. Бұл тұрғын үй кешенінде бес блок бар. Өткен күзде үш блоктың тұрғындары баспаналы болды деп жазды Жеңіс Қасымбек.

«Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің құрылысы 20 жыл бұрын басталған. Техникалық зерттеу нәтижесінде нысанның апатты жағдайда екені анықталыпты. Осылайша апатты кешеннің блоктарын толықтай бұзу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. 2021 жылы бірінші кезектің құрылысы аяқталды. Содан кейін 100-ден астам үлескер отбасы пәтер кілтін алған.

Әрбір нысан бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргіземіз. Осыған дейін мемлекеттің қолдауының арқасында ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталған. Нәтижесінде 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының проблемасы шешілді делінген жазбада.

Биылға 10 үй қалды. Олардың құрылысын осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде қалған 500-ге жуық үлескер отбасы пәтер кілтін алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға