Жаңалықтар

Жөнделіп жатқан «Алматы-Қарағанды» күре жолына тексеру өтті

Жөнделіп жатқан «Алматы-Қарағанды» күре жолына тексеру өтті
Фото: gov.kz 27.06.2023 07:36 1776

ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин «Қонаев – Күрті – Бурылбайтал – Балқаш – Қарағанды» учаскелерінде қолға алынған жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

 Жұмыс сапарында комитет басшысы мердігер ұйымдармен кездесіп, құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтауды тапсырды.

Мәселен, ведомство өкілі «Құрты – Қапшағай» учаскесіндегі жаңғыртудың барысын бағамдап қайтты. Тиісті жұмыс басталғалы бері 4 млн текше метр жер төсемі, 34 шақырымдай жерге дейін жол жабынының негізгі жоғарғы қабаты, сондай-ақ 32 шақырым аумаққа дейін төменгі қабаты төселді. Көлік қозғалысы 67 шақырымның 25 шақырымы бойынша бір бағытта ашылды. Осы жобаның аясында 61 жасанды құрылымды салу қарастырылған. Қазір оның 55-і іске асырылды. Келісімшартқа сәйкес биыл «Атырау құрылыс-АИС» ЖШС компаниясы жолдың бір бағыты бойынша көлік қатынастын ашуды жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 400-ден астам қызметкер мен 150 техника жұмылдырылды. Жұмыс екі ауысымда жүргізіліп жатыр.

 «Қонаевтан Күртіге дейін жүріп өттік. Бұл жол учаскенің ұзындығы 67 шақырым. Қазір аталған жолда жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Айталық, жасанды құрылымдардан бастап жабынның төменгі қабатын салуға дейінгі жұмыстар орындалып келеді. Әрі қарай біз Күрті – Бурылбайтал бағыты бойынша аялдадық. Жұмыстар барлық төрт учаскеде қолға алынған. 81 шақырымға жалғасқан бұл жолдың бір учаскесі аяқталуға жақын», деді Т.Абдуллин.

«Күрті – Бурылбайтал» учаскесінің 2152-2295 шақырымында жұмыстар «Тодини/СМС» және «Синохайдро» мердігерлерімен жүзеге асырылып жатқанын айта кетейік.

Бұдан соң Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы «Балқаш-Бурылбайтал» учаскесіндегі автожол жұмыстарының барысын тексерді. Оның ішінде қажетті төсемді салу, су өткізу құбырларын орнату, көпірлер мен өткелдерді, сондай-ақ ЖПУ/ЖПБ салу, коммуникацияларды көшіру және жолды абаттандыру бойынша жұмыстар бар. Осы жобаны  «Синохайдро», «Колин/СМС» БК, «ТОДИНИ», «СМС» және Sinohydro Bureau l6 Company Limited компаниялары іске асырып жатыр. Айта кету керек, 6 учаскенің 3-уі екінші жартыжылдықта пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сонымен қатар Т.Абдуллин «Қарағанды-Балқаш» автожолындағы жаңғырту жұмыстарын да тексеріп шықты. Жобаны CITIC Construction мердігерлік ұйымы жүзеге асырып келеді. Аталған жобаға сәйкес ұзындығы 363 шақырым болатын 8 учаскені жаңғырту қарастырылған.

Айта кетейік, Орталық - Оңтүстік дәлізін жаңғырту шеңберінде жалпы ұзындығы 946 шақырымға жететін «Қарағанды-Балқаш», «Балқаш-Бурылбайтал», «Бурылбайтал-Күрті», «Күрті-Қапшағай» жол учаскелерін қалыпқа келтіріп жатыр.  Қазір жол жүрісі 628 шақырым бойынша жабынның төменгі қабатымен қамтамасыз етілген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға