ЖОЛДАУДАҒЫ
7 ИННОВАЦИЯЛЫҚ
ТЕРМИН
7 ИННОВАЦИЯЛЫҚ
ТЕРМИН
БОЛАШАҚ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Президент Н.Назарбаев кезекті жолдауында инновациялық және сервистік секторды дамытуға үлкен көңіл бөлу қажеттігін айтты. «Егер мұны қазір қолға алмасақ, 10 жылдаң соң дамыған елдердің шаңын жұтамыз» деді Елбасы Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен облыс әкімдері қатысқан жиында. Ендеше, Президент жолдауында айтылған 7 инновациялық терминнің мағынасын ашып көрейік.
БАЛАМА ЭНЕРГЕТИКА
Энергияның бұл түрі көмір, газ немесе мұнай сияқты энергия көздері сияқты кең өріс алмаса да, экологияға зиян тигізбей олардың орнын алмастыра алуымен ерекшеленеді. Балама энергия күннен, желден, толқыннан және геотермиялық көздерден алынатын қуат түрі. Қазіргі таңда дамыған елдер бұл қуат көзін энергия деп қана қарастырмайды. Себебі балама энергия экономикалық дамудың да көрсеткіші. Мысалы, күн сәулесінің қуатын қолданатын мемлекеттер (Қытай, Германия, Жапония) индустриалды елдердің көшін бастап тұр. Энергетика саласындағы нарықты қалыптастыру да солардың қолында.
ЖАҢА МАТЕРИАЛДАР
Жаңа материалдар қатарына көмірпластиктер, шыныпластиктер, жоғары технологиялы керамикалар, құрылыс жұмыстары мен жол төсемін жақсартатын материалдар кіреді. Оларды қолдану аясы да кең – медицинадан ғарышқа дейін. Әлемдік сарапшылардың алдағы 20 жылға жасаған болжамдары бойынша, қарапайым материалдардың 90%-ы жаңаға ауысып, ол өз кезегінде технология саласындағы революцияға алып келеді.
БИОМЕДИЦИНА
Биомедицина - медицина және биология ғылымдары тоғысқан сала. Осылайша, биология ғыламдарында жасалып жатқан зерттеулер мен технологиялар медицина саласындағы проблемаларды шешуге бағытталады. Биомедицинаның негізінде науқастың диагнозын ерте анықтауға, тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға, биология мен нанотехнологиялар саласындағы жетістіктердің көмегімен жаңа дәрі-дәрмектерді шығаруға, сондай-ақ ген инженериясының әдістерін қолдануға болады.
ҮЛКЕН ДЕРЕКТЕР
Үлкен деректер, басқаша айтқанда Big Data түсінігі жиі жаңартылатын, әрі әр түрлі дереккөзде орналасқан көлемі үлкен, форматы әр алуан ақпаратпен жұмыс жасауды меңзейді. Big Data-ның көмегімен маңызды аналитикалық шешімдерді шығаруға болады. Бүгінгі күні үлкен деректер медицина саласынан бастап бизнес пен мемлекетті басқару істерінде өріс алып келеді.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
Жасанды интеллект – түрлі компьютерлік бағдарламалардың көмегімен жүйелі ойлау мен әрекет ету мүмкіндігін зерттейтін ғылым. Ол психология, нейрофизиология, трансгуманизм салаларымен тығыз байланысты. Жасанды интеллекті алыс болашақ сияқты елестеткенмен, ол біздің өмірімізге кіріп үлгерді. Мысалы, iOS пен Android-қа орнатылған Siri мен Alexa сияқты ауызша іздеу жүйесі, өздігінен басқарылатын автокөліктер жасанды интеллектің «жемістері».
ЗАТТАР ИНТЕРНЕТІ
Қарапайым тілмен айтатын болсақ, заттар интернеті - бірнеше заттың өзара біріккен желісі. Ал зат кез келген нәрсе болуы мүмкін: тоңазытқыш, жиһаз, үтік немесе аяқ қиім. Бұл аталғандардың бәрі жиналған деректерге сәйкес адамның көмегінсіз өзара «байланысқа» түсе алатын болады. Мысалы, Сіздің жұмыстан қарныңыз ашып келе жатса, көлігіңіз үйдегі заттарға ол жайлы хабар береді. Осылайша Сіз үйге келгенде кешкі асыңыз дайын тұрады.
БЛОКЧЕЙН
Блокчейн – ақпаратты сақтау құрылғысы ортақ серверге қосылмаған деректер қоры. Ол жерде ештеңені өшіру немесе өзгерту мүмкін емес, әрі енгізуге болатын транзакциялардың шегі жоқ. Бұл әдіс банктерден бастап логистикаға дейінгі деректердің сенімді синхронизациялануын қажет ететін жүйелерде тиімді болмақ. Сондай-ақ блокчейн технологиясы деректерді бұрмалаудан сақтайды. Мысалы, лотореядағы жеңісті, үй иесінің меншік құқығын немесе сайлау нәтижелерін өзгертуге мүмкіндік жоқ.