Жолдау қарапайым адамға не береді?

Елбасы жолдауы халық арасында қызу талқылануда. Талқылаудың дені бүгінгі күннің басты мінбері facebook-те жүруде. Қоғамдық пікір қалыптастыратын әлеуметтік желі белсенділері жолдауға қатысты не дейді? Жолдаудың қарапайым адамға берері не, оның өміріне қалай әсер етуі мүмкін? Қазақи орта Оpinion leader жазбаларына назар аударайық.
Елбасы Н.Назарбаевтың жолдауын тыңдадық. Жылдағыдан өзгеше. Елбасы Жолдауды оқып, оны түсіндіріп қана қоймай бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын министрлерден бастап әкімдерге дейін тік тұрғызып, бүге-шігесіне дейін сұрады. Жиын осысымен де ерекше болды. Жолдаудағы нақты тапсырмалардың халықтың әл-ауқатын көтеруге, елдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны қуантты. Ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы Заң қабылданады. Демек енді ұстаздар қауымына деген көзқарас өзгереді. Олар «қолбала» тірліктен құтылып тек бар күш-жігерлерін ұрпақ тәрбиелеуге арнайды. Қуанарлық жағдай. Сондай ақ, дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі айтылған пікір де өте орынды. Полиция мен сот қызметін жетілдіру қажет. Бірінші кезекте адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп сіз бен біздің ұйқымыз тыныш болуын да баса айтты. Жолдауда ауыл да ұмыт қалмады. Елбасы «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет» - деді. Бұйырса енді «Ауыл - ел бесігі» атты жоба жүзеге асады. Тағы бір жаңалық Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл біз үшін аса қуантарлық жаңалық.
Жолдау қарапайым адамдарға не береді?
Есен Елеукен
Бұл жолдаудың маған ұнағаны - көптен бері көптің көкейінде жүрген түйіткілді мәселелерді, халықты алаңдатқан сұрақтарды дәл тауып, үстінен дөп түсті. Елбасы елде болып жатқан жағдайды қырағы назарында ұстап отырғанын айқын білдірді. Үкіметтегі жиналыстардың 100 тәуліктеп созылатынынан бастап, мектеп түлектерінің шетелге кетіп жатқанын, мұғалімдердің әртүрлі жұмыспен айналысып кеткенін, мемлекеттік қызметте кімнің қалай жұмыс істейтінін, отандық өндіріс кілтипандарына дейін айтып берді. Жолдаудың ұтымды тұсы осы болды деп ойлаймын.
Жолдау қарапайым адамдарға не береді?
Өркен Кенжебек
Мемлекет басшысының жолдауы биыл бұрынғыға қарағанда сәл өзгеше формада өтті. Өздеріңіз білесіздер, соңғы екі жылда жолдау баспасөз беттерінде жарияланып келген болатын. Биыл үкімет мүшелерін, депутаттарды, әкімдерді жинап, Ақордада арнайы жолдау жасады. Бұл жолдауда бірінші кезекте білім саласына айырықша көңіл бөлінген сияқты. Айталық, ұстаздардың мәртебесі, сондай-ақ университеттерді ірілендіру, мектептерді Nazarbayev зияткерлік мектептеріне сәйкес деңгейге көтеру сөз болды. Әрине, әлеуметтік бағыттағы басқа да бірқатар мәселелер айтылғанымен, білімнің айырықша маңыздылығына айырықша тоқталғанына назар аудару керек. Президент өз сөзінде кибернетика, жасанды интеллект және басқа да қазіргі ғылымдағы трендтерді елге енгізу, жалпы қолдау мәселесіне назар аударған жайы бар. Сондықтан білім арқылы дамудың жаңа сатысына көтерілуді көздейтін сияқты. Әлбетте, қоғамдағы басқа да мәселелерді назардан тыс қалдырған жоқ. Себебі бізде басқа да проблемалар баршылық. Оны Елбасы біліп отырғанын аңғартты. Халыққа не пайда бар десеңіз, бірінші кезекте бұқараның көңіл күйіне жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Себебі қоғамда көптеген мәселелерді Елбасы білмеуі мүмкін деген көзқарас бар. Алайда Елбасы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен хабардар екенін байқатып отыр. Демек, бірқатар тапсырмалардың орындалуын өзі тікелей бақылауға алуы, қадағалауы бек мүмкін.

Тағы бір атап өтетін мәселе, алдағы жылда атқарылатын жобалар, бастамалардың көпшілгі дерлік білім және жастар мәселесіне арналады. Жалпы, 2019 жыл Жастар жылы болып бекітілмек. Мектеп туризмі деген мәселелер айтылды. Скауттық қозғалыс секілді, жастар қозғалысы құрылуы мүмкін. Яғни бұл нақты берілген тапсырмалар. Сондықтан бұл жолдау жүзеге асырылса,мемлекеттік дамуда әжептәуір серпіліс болмақ деген болжамымыз бар. Форматына келер болсақ, Президент осы жолдау арқылы бұрынғы стандарттар, форматтардың барлығын бұзып, бір жағы жолдау, екінші жағынан есеп үлгісіндегі форматқа жүгінді. Белгілі бір құрылым басшыларын орындарынан тұрғызып, сауалдар қойып, сұрақтарына жауап алып отырды. Бұл жолдауды өзгеше жолдау ретінде қабылдауға болады. Жалпы жолдаулардың барлығын дерлік ел дамуының жоспары ретінде қарастыратын болсақ, мұндағы айтылған дүниелерді ұзақ мерзімде жүзеге асырған пайдалырақ. Себебі айтылған мәселелер ауқымды. Оны бір жыл ішінде орындауы неғайбіл. Сондықтан өз басым біздегі жалпы жолдаулардың бірізділігін, орындалуын үнемі назарда ұстап отыру керек деп ойлаймын. Оны Елбасы біліп отыр және сөз басында айтып өтті. Бұл жолдау өз басыма ұнады. Әрине, енді қоғам осы жолдауда айтылған мәселелердің орындалуын ұдайы қадағалап отырса жақсы болар еді. Себебі бізде жолдауды түсіндіру жұмысы тәуір жүргізілгенімен, Жолдауда айтылған міндет-мақсаттарды орындау өкінішке қарай ара-тұра кемшін түсіп жатады. Бұл жағы ескеріледі деп ойлаймын.
Жолдау қарапайым адамдарға не береді?
Амангелді Құрметұлы
Жолдауда мұғалімдер жайлы көп айтты. Шыны керек, көпшілігімізге мұғалім тақырыбының әйтеуір бір қатысы бар. Біреуіміздің әкеміз, енді біреуміздің алыс туысымыз мұғалім деген секілді. Елбасы - 2019 жылы «Мұғалімдер туралы» арнайы заң қабылдайтынын айтты. Сосын, күллі мектеп НИШ стиліне көше бастайды. Әлбетте, саны көп, сапасы нашарлау біраз мұғалім бұл кезде жұмыстан айырылады. Бірақ, үздік мұғалімдердің айлығы көтеріледі.

Екінші ұнаған дүние – балабақшадағы сапа мен тәрбиешілердің еңбекақысын көтерге қатысты айтылған сөзі болды. Мен баламды бақшаға тәрбиенің жоқтығынан бермей отырмын. Себебі, 35-40 мың теңгеге қандай супер маман балабақшаға жұмыс істеуге барады? Ойдан-қырдан қашқан, басқа жұмыс таба алмаған кісілер келіп жатыр, тәрбиеші болып. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ көпшілігі солай. Егер жалақысы көтерілсе, балабақшада қызмет ететін маманға да талап жоғары болар еді. Ол талап үддесінен тек үздіктер, мықтылар ғана шығар еді. Баламыздың тәрбиесін білікті, тәлімді адамдарға тапсырар ек. Қуантқаны сол

Үшінші ұнаған дүние – елде тек мықты университеттер ғана қалсын деген сөзі! Елімізде 150-ге жуық университет бар. Ал, ірі қалалардың саны 17 екенін ескерсек, мұнда университет ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да көп ашылып кеткенін білдірмей ме? Әсіресе маған Президенттің «ЖОО табыстылығының басты талабы – диплом алған студенттердің жұмыспен қамтылуы, олардың айлығы жоғары жұмысқа орналасуы болмақ» деген сөздері ұнады. Бұл тек университет түлектерінің проблемасы емес, әр саладағы қызмет сапасы, оның дұрыс дамуының мәселесі.

Жолдау қарапайым адамдарға не береді?
Нұрбек Бекбау
Бүгінгі Жолдауға бәрінен де мұғалімдер қуанып жатқан шығар. Осы мұғалімдерді қағазбастылықтан, үгіт-насихат және басқа да тірліктерге жегетіндер қоятын шығар енді. Егер мұндай жағдайлар болашақта орын алатын болса, мұғалімдер де мойынсұна бермей, өз құқықтары мен мәртебелерін қорғап, қарсылық білдірулері керек деген пікірдемін. Балалары мектепке баратын ата-ана ретінде мұғалімдердің жалақысының өсуі, осы салада реформалардың болмайтыны мені қуантады. Мемлекеттік мектептерде де енді жеке мектептердегі әдістеме және стандарттар енгізіледі.
Отандық өнімді қолдау керектігі бұрыннан айтылып келеді. Бірақ бүгінгі жолдаудан кейін киім, тамақ, күнделікті заттар шығаратындарға субсидиялар беріле бастайды. Қолдаудың ең жақсысы - әлбетте қаржылық.
Жемқорлықпен күрес туралы айтылды. Жемқорлықты күреспен жеңу мүмкін емес, өйткені жемқорлар күрес әдістерін жетік меңгерген. Сондықтан киберкүрес керек. Бізде көп жерлерде электронды болса да, бәрібір қағаз көшірмесін мөрімен сұрайтын мекемелер көп. Соларды азайту керек.
7-20-25 ипотека бағдарламасын мүмкін қайтадан қарастыру керек шығар? Сол бағдарламамен алғандар саны неге аз? Минустарын зерттеген жөн болар. Бастапқы жарна аз болғанымен, төлемдерді есептегенде қымбатқа шығатыны анық.
Бізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Бірақ түрлі салық және төлемдер көп. Бәріне бірдей үлгере алмай немесе естімей жатамыз. Нәтижесінде банк есепшоттарымыз жабылып қалады. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін салық комитеті және зейнетақы қорлары амнистия жасаудан бұрын ақпараттандыру жағына да ден қойса деген тілек.


Жолдау қарапайым адамдарға не береді?
Аршат Ораз
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан