Жолдасбек Дуанабай атындағы бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды
AIQYN, «Литер» және Turkistan газеттерінің жүлдесі үшін зиялы қауым мен БАҚ қызметкерлері арасында Жолдасбек Дуанабай атындағы алғашқы бильярд турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
55 жасқа дейінгі және кейінгі екі санат бойынша өткен турнирге 50-ден астам қаламгер бақ сынады.
55 жасқа дейінгілер санатында бас жүлделі белгілі журналист Нұрділдә Оразға бұйырды. ІІ орынды Ұларбек Нұрғалым, ІІІ орынды Ахметәлі Сақ жеңіп алды.
55 жастан асқандар арасында І орын Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ қанжығасына байлады. Ал ІІ және ІІІ орындарды Әлімжан Сабыржанұлы мен Несіп Жүнісбай өзара бөлісті.
Сондай-ақ жекелеген аталымдар бойынша да ойын өрнегімен дараланған ойыншылар ескерусіз қалмады. Жолдасбек Дуанабай атындағы арнайы жүлде Несіпбай Жүнісбайға табысталды. Белгілі қаламгер Шархан Қазығұл турнирдің «Шебер ойыншысы», Ербол Ерденбек «Үздік ойыншысы», ал журналист Қайнар Олжай «Құрметті ойыншы», Серік Жанболат «Белсенді ойыншы», Арман Сқабылұлы мен Кәрімбек Құрманалиев «Сыйлы ойыншы», спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленов «Сұрмерген ойыншы» деп танылды. Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлық және өзгеде бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетерлігі, турнирге белгілі меценаттар Бекет Тұрғараев пен Нұралы Қожасов демеушілік жасады.