Жаңалықтар

Жол түзелсе, бәрі түзеледі

Жол түзелсе, бәрі түзеледі
Фото: © El.kz 06.03.2024 20:05 7336

Кез келген елдің экономикалық әлеуетін жолдарына қарап бағалауға болады. Өркениет дамыған заманда тақтайдай тегіс жолдар қалыпты құбылыс болуы шарт. Дегенмен еліміздегі жолдың жағдайы халықтың да, биліктің де талқысынан түсер емес. Жуырда ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға  тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес»», – деген еді. Сондай ақ Мемлекет басшысы жол салуға отандық кәсіпорындарды тарту қажеттігін қадап айтты. Қазір Қазақстанның барлық қалалары мен елді мекендерінде жаңа жолдар салынып, құрылысы аяқталғандары  пайдалануға беріліп жатыр. Қазынаның қыруар қаражаты жұмсалған жолдар жоғары сапалы болып, халық игілігіне қызмет етсін десек, оның сапасын бақылау қажет. Қазақстанда жол сапасын бақылайтын арнайы мекеме бар. Бүгін сол мекемеге соғып, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»  РМК Алматы филиалының директоры Мәулен Әліповпен сұхбат құрдық.

El.kz: Мәулен Тоқтарбайұлы, елдің дамуы, экономикасы барлығы дерлік осы алысты жақын қылатын жолдың күтімі, сапасы мен жағдайына тіреліп тұрғаны жасырын емес. Ал енді осы автожол жобаларындағы сапаны бақылау жұмыстары қалай жүреді?

Мәулен Тоқтарбайұлы: Әрине,  жол – барлық тіршіліктің күретамыры, сапасыз салынған және күтіп ұсталмаған жол еліміздің экономикасына кері әсерін тигізеді. Сапаны бақылау жұмыстарын тарқатып айтсақ, арнайы жол салынып жатқан нысанға барып сынама алынады, содан кейін зертханада алынған сынамаларға сараптама жасалынады. Тексеру қорытындысы жол салған мердігер компания мен тапсырыс берушіге хат арқылы жолданады. Зерттеу барысында алынған сынама нормативтік талаптарға сәйкес болмаған жағдайда, мердігер компания өз қаражатына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осылайша бақылау жұмыстары егжей-тегжейлі жүргізіледі. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мекемесінің еліміздің барлық аймағында филиалы бар. Сол филиалдар жанында арнайы зертханалар да жұмыс істейді. Онда қажетті құрылғылар мен қондырғылар бар. Барлық сынама жұмыстары сол зертханаларда жүзеге асады.

El.kz: Жолдың сапасыз салынуы білікті маманның тапшылығынан деп айтады сарапшыларымыз. Қазақстанда жыл сайын жол саласына екі мыңнан астам кәсіби маман қажет деген мәліметтер бар. Жоғары оқу орындары даярлаған жүз шақты маман аздық етіп тұр. Мамандардың жетіспеушілігі жұмыс сапасының төмендеуіне тікелей әсер ете ме?

Мәулен Тоқтарбайұлы: Жол салушы, яғни жол құрылысы мамандығы - қазір үлкен сұранысқа ие. Республикада жыл сайын жүздеген және мыңдаған шақырым республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары салынады және жөндеуден өтеді. Білікті мамандар әрдайым сұраныста. Алайда нарықта жақсы кадрлардың тапшылығы анық байқалады. Бұл: жол шеберлері, құрылыс инженерлері, инженер-сметашы, зертхана қызметкерлері, асфальтбетон жұмысшылары, асфальт төсеушілер, автогрейдер жүргізушісі, механизаторлар, қайта өңдеушілер, арнайы техниканың жүргізушілері және басқалар. Бұл негізгі жол салуға керекті мамандар. Сонымен қатар, геодезистер, картографтар, метеорологтар, механиктер, токарьлар, дизайнерлер, ғалымдар және тағы да басқа сала мамандары қажет.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біздің мекеме аталған мамандарды даярлайтын оқу орындарына жиі-жиі барып, студенттерге кәсіптік бағдар беретін дәрістер, семинарлар өткізеді. Оған қоса біздің инженерлер мектептерді аралап, жоғары сынып оқушыларына да кәсіптік бағдар береді. Жолшы мамандығының артықшылықтарын, осы салада еңбек етудің маңыздылығын айтып, мектеп бітіруші жастарды осы салаға тартады, маңызын айтып қызықтырады. Мұны біздің мекеме жыл сайын жоспарлы түрде жүзеге асырады.

El.kz: Жасалған жолдардың ұзақ жылға шыдас беруі жол-құрылыс материалдарының сапасына және мамандардың біліктілігіне байланысты. Мамандардың білімі мен біліктілігін арттыру бойынша қандай іс-шараларды атқарып жатырсыздар?  

Мәулен Тоқтарбайұлы: Біздің мекеменің барлық мамандары жыл сайын біліктілікті арттыру оқуларына барып, алған білімдерін жұмыста қолданып отырады. Сонымен қатар жыл сайын өзінің осы мамандыққа лайық екендігін дәлелдеп, арнайы тестілеуден өтеді. Басқа шет елдердің жұмыс барысын, материалдардың сапасын қалай тексеретіндігін көзбен көріп, біздің елге пайдалы жақтарын қолданысқа енгізіп, оптимизация жасап тұрады. Былтыр Катар, Ресей, Германия елдеріне жол саласы бойынша іссапарлар болды. Көптеген қызықты пайдалы мағлұмат алынды. Мұның бәрі біздің тәжірибемізді байытады.

El.kz: Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол салуға отандық кәсіпорындарды тарту керек деп айтты. Сапалы жол салуға өзіміздің компаниялардың әлеуеті жете ме?

Мәулен Тоқтарбайұлы: Жол салуға қажетті барлық арнайы техникаларды шет елдерден алатынымыз анық. Бірақ білікті мамандарды дайындап оқытып, солардың күшімен сапалы жол салуға күшіміз жетеді. Осы тұста көптеген жұмыстар жасалынуы тиіс деп ойлаймын. Ал жол құрылысына кететін материалдарға тоқталсақ, толықтай дерлік отандық өнімдер. Құрылысқа қажетті тас қиыршық, битум, цемент, өзге де материалдар өзімізден. Соңғы жылдары жол жабынына қолданып жүрген полимерлер ғана АҚШ пен Франциядан алынады. Себебі ол өнімдер жоғары технологиямен арнайы дайындалады. Қазіргі таңда өзіміздің отандық компаниялар да қарқынды дамып жатыр және шет елдермен бірлесіп жоғары деңгейдегі жол құрылыстарына өз үлестерін қосып жатыр.

El.kz: Жол құрылысына жаңа технологияларды енгізу процесі туралы айтсақ. Отандық ғалымдар зерттеп-зерделеп ел климатына төзімді болатын тың әдісті ұсынып отыр. Бірі – жауын-шашынға, яғни ылғалға, күрт континенталді ауа температурасына төзімді жол белгілері болса, екіншісі -35С-қа дейін қасиетін жоғалтпайтын көктайғаққа қарсы материал. Басқа да жаңа ұсыныстар бар ма? Жол сапасын жақсарту үшін қандай озық тәсілдерді қолдануға болады?  

Мәулен Тоқтарбайұлы: Қалалық автобустар жүретін жолақтар мен тұрақтардың жазғы уақытта ауа температурасының жоғарылау кезіндегі ауыр көліктердің салмағынан жолтабан (колея), яғни ойылып кету ақауларының алдын алу мақсатында әр түрлі полимер қоспаларын қосу арқылы эксперименталды асфальтбетон жабындысын төсеп қаралуда. Оған қоса  әкімдіктің тікелей тапсырмасымен отандық ғалымдар жұмылып, гибридтік асфальтбетон қоспасын ойлап табуда. Биыл сол жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Алда талай тың жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар.

El.kz: Жол саласында тағы қай тұсымызды жетілдіру керек? Өзіңіздің маман ретіндегі пікіріңізбен бөліссеңіз...

Мәулен Тоқтарбайұлы: Жаңартылған жүйе жасалу керек деп ойлаймын. Жергілікті атқарушы органдар, жобалаушылар, мердігер компаниялары және ұлттық сапа орталығы бірлесе отырып, жолдың салыну және күтіп ұстау жұмыстарын қатаң қадағалап отырғаны жөн. Заманауи техникалардың көмегімен жұмысымызды жеңілдетіп, ғылымға көңіл бөлу керек. Цифрландыру жағын қолға алса, яғни жол бойындағы барлық жол белгілерін, жол нысандарын, жолақтарын және тағы да басқаларды цифраландырып, оларды алдын-ала қадағалап отыруға көп септігін тигізетін еді. Тағы да айта кетсек, құрылыстың басынан  бастап, соңғы сол жолдар қабылданғанға дейінгі  құжаттардың барлығын бір порталдың ішіне енгізіп цифрландыру, бұл бізге салынған жолдың тарихын, барлық параметрлерін әрдайым қолжетімді етуге зор ықпалын тигізеді. Бұл атқарушы органдар үшін де, қадағалаушы органдар үшін де тиімді болар еді.

El.kz:  Сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға