Жаңалықтар

Жол саласын қайта жаңғырту үшін Бюджет кодексіне 39 түзету дайындалып жатыр - министр

Жол саласын қайта жаңғырту үшін Бюджет кодексіне 39 түзету дайындалып жатыр - министр
Фото: kz.qaj.kz 29.11.2023 06:26 512

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Көлік министрлігі автожол саласын реформалау бойынша жұмыстар кешенін жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған жұмысқа автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты жұмылдырылды.

Саланы реформалау шеңберінде 6 нормативтік құқықтық актіге - Бюджет кодексіне, «Автомобиль жолдары туралы», «Жол қозғалысы туралы», «Сәулет, қала құрылысы, құрылыс қызметі туралы», «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы», «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін мемлекеттік реттеу туралы» заңдарға 39 түзету енгізіледі.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Аталған түзетулер жол құрылысының сапасын және құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға, саланы цифрландыруға, жол мамандарының білімі мен даярлығын жақсартуға бағытталған.

Сондай-ақ жылдың соңына дейін барлық автожол жобасында ФИДИК халықаралық қағидаттарын енгізу жоспарланып отыр. Ал 2024 жылдан бастап жаңа жобаларды іске асыру кезінде EPCM-келісімшарттар енгізіледі деп күтілуде.

Бұдан басқа, ҚазжолҒЗИ-мен отандық жол құрылысын қайта жүктеу мақсатында ғылымды дамыту және жаңа материалдар мен технологияларды енгізу, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес 1200-ге жуық салалық нормативтік-техникалық құжатты оңтайландыру және қайта өңдеу жұмыстары жалғасуда.

«Қазір институт автожол саласына жаңа технологияларды енгізу бойынша зерттеулер жүргізуде. Жыл басынан бері 75 жаңа технология мен материалдар зерттелді. Оның 29-ы сынақтан өткізіліп, жобалау-сметалық құжаттамада пайдаланылса, 9-ы сынақтан өтуде, 37-сі зертханалық сынақтан өтуде. Жаңадан 19 патент алынды. ҒЗИ мамандарының қадағалауымен материалдар мен технологияларды сынау аясында 207 тәжірибелік учаске салынды», - деді Марат Қарабаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға