Жаңалықтар

Жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы таныстырылды

Бұл туралы ИИДМ мәлім етті
Жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы таныстырылды
Фото: gov.kz 24.11.2022 14:22 1618

Елордада «Казавтодор-Kaztraffic-2022» халықаралық көрмесінің жалауы желбіреп, 10-ға жуық елден 100-ден астам қатысушы жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олардың арасында АҚШ, Франция, Германия, Ресей Федерациясы және басқа да елдердің жол және ұшу-қону жолағы жабындарын салып, жөндеу мен күтіп ұстауда озық тәжірибені меңгерген компаниялар бар.

Көрмеге қатысушылар жол құрылысы мен әуе кемелері қонатын жолақ жабындарын салуға қатысты тың технологияларды ұсынып отыр.

Сондай-ақ аталған бағытта машықтанған компаниялар сапаны бақылау аспаптарының, арнайы қоршаулардың, бетон және асфальтбетон зауыттарының, автобетон араластырғыштары мен эмульсиялық қондырғылардың, битумның сапасын арттыратын қондырғылардың, көлденең таңбалауға арналған материалдар мен техниканың кең түрін таныстырып, жеткізуге дайын екендерін жеткізді.

Халықаралық көрменің ашылуында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары жол саласындағы ғылымның соңғы жетістіктерін таныстырды.

«Көрмеге институтымыз дайындаған цифрлы жүйені ұсынып отырмыз. Оның базасында Қазақстандағы жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологияларға қатысты мәліметтер жинақталады. Аталған жүйе жол құрылысы мамандарының жұмысын жеңілдетуі тиіс. Бұл, әсіресе, жолдардағы құрылыс жұмыстары және олардың сапасын жақсартатын материалдар мен әдістерді іздеуді әлдеқайда оңтайландырады», – деді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Арман Әлібаев.

Аталған халықаралық көрме ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек.  Көрме 25 қарашаға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға