Жол қауіпсіздігі бойынша жүргізушілерге арналған семинар өтті

Алматыда жүргізушілерге арналған білім беру семинары өтіп, оған қалаішілік, қалааралық және жүк тасымалдары сервисінің 160 серіктес жүргізушісі қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл іс-шара жақында inDrive, ҚР Көлік министрлігі және ҚР ІІМ арасында жасалған үшжақты меморандумды іске асыру аясында өтті. Бұл – жол қозғалысы ережелерін сақтау, пайдаланушылармен қарым-қатынас ережелері және қалааралық трассалардағы қауіпсіздікті сақтау тақырыптары бойынша жыл басынан бері жоспарланған тренингтердің алғашқысы.
ҚР ІІМ мәліметі бойынша, 2023 жылы Қазақстанда 23 мың жол-көлік оқиғасы (ЖКО) болды, оның 50%-ы қала сыртындағы трассаларда болған. Барлық ЖКО-ның 25%-ы жылдамдықты шаматыс тыс асырудың салдарынан, сонымен қатар 5%-ы автокөліктердің техникалық күйінің тиісті талаптарға сай болмауынан болған.
Жол қауіпсіздігі және қызмет көрсету сапасын жақсартуға арналған семинарда жол сапарларын барлық пайдаланушы үшін қауіпсіз етудің жолдары айтылды. Іс-шара ойын түрінде, яғни викторина түрінде өткізіліп, жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрады. Жеңімпаздарға: бірінші орынға – 300 мың теңге, екінші орынға – 250 мың теңге және үшінші орынға 200 мың теңге берілді. Сондай-ақ басқа да ақшалай сыйлықтар үлестірілді. Жүргізушілер ара қашықтық пен жылдамдық режимін сақтау, маневр жасау ережелері бойынша сұрақтарға жауап берді.
Меморандумның мәні – жол жүру ережелерін сақтауға көмектесетін шараларды біртіндеп енгізу. Мысалы, жылдамдық режимін жиі бұзатын жүргізушілер уақытша немесе тіпті түбегейлі жұмысынан шеттетілуі мүмкін. Сондай-ақ, жүргізушілерге автокөліктерінің техникалық жағдайын тексеру керек екені де ескертілетін болады, – деді Алматы қаласы бойынша көлік бақылау инспекциясының бас маманы Абылай Мамбеталиев.
