Жол-патрульдік полицияның үздік қызметкері анықталды
Жол-патрульдік полицияның үздік қызметкері республикалық бірінші байқауы өтті.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде республика бойынша жол-патрульдік полицияның үздік қызметкері республикалық байқауының салтанатты жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Бұл байқау жол және патрульдік полицияның саптық құрылымдарын біріктіргеннен кейін алғаш рет қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны ішінде полицияның барлық аумақтық бөліністерінде облыстық сайыстар өтті. Республика бойынша жол-патрульдік полицияның үздік қызметкерін анықтау үшін 22-24 қыркүйек аралығында Ішкі істер министрлігінде ұйымдастырылған республикалық сайысқа өңірлерден келген жол-патрульдік полицияның үздік 16 қызметкері қатысты.
Байқауға қатысушылар күнделікті қызметтерінде қолданатын немесе қолданылуы мүмкін жағдайларға негізделген 7 негізгі номинация бойынша сайысты. Олар: нормативтік құқықтық актілерді білу, атыс қаруынан ату және қызметтік даярлық теориясы, атыс қаруынан дайындығы, дене шынықтыру, қоян-қолтық күрес дайындығы бойынша, алғашқы жедел жәрдем көрсету практикасы, жоғары қозғалысты көше қиылысында жол қозғалысын қолмен реттеу, 3 түрлі көлікті (жеңіл, жүк және мотоцикл) жоғары жылдамдықта басқару.
Талғат Мұсақанов, Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасанры:
— Байқау мақсаты – қызметкерлердің өз мамандығының үздігі болуға қол жеткізуі, себебі олардың нақты да дұрыс іс-қимылынан азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады және бұл міндетті іске асыру әкімшілік полиция бөліністеріне негізгі жауапкершілік жүктеледі.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің арасында 2016 жылғы «Үздік маман» атағына өткізілген республикалық байқау нәтижелері бойынша бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының ІІД жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының полиция старшинасы Жеңіс Дуанов жеңіп алды. Ақмола облысының ІІД Көкшетау қаласының ІІБ жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының полиция сержанты Рүстем Ахметов екінші орынды, Жамбыл облысының ІІД жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының полиция аға сержанты Елдос Тохабаев үшінші орынды иеленді. Байқау жеңімпаздарына наградалар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Алмас САУДАМБАЙ