Жаңалықтар

Жол-көлік полициясы тоқтатқанда нені білу керек?

Жол-көлік полициясы тоқтатқанда нені білу керек?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 22.05.2023 14:00 4005

Кейде көлік тізгіндеген жүргізушілерді көшеде жол полициясы тоқтатып жатады. Жалпы полиция қызметкерлері жүргізушіні қандай жағдайда тоқтата алады? Жүргізуші нені білу керек? Осы және өзге де сұрақтарға El.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Жол полициясы қызметкері жүргізушіні тоқтатуы үшін тұруға болатын белгіленген аумақ бар. Мәселен, ол тасадан шыға келіп жүргізушіні тоқтата алмайды. Бұл заңға қайшы. Ағаштардың, тақтайшалардың, ғимараттардың артынан шыға келіп тоқтатса, жол полициясы қызметкерінің өзі заңды бұзған болып есептеледі.

Жол-патрульдік полициясы жүргізушіні мынадай жағдайда ғана тоқтата алады:

  • Жол ережесін бұзған кезде;
  • Ұрланған көліктерді тексеру үшін рейд жүріп жатса;
  • «Жол жүрісі туралы» ереженің 54-бабына сәйкес, сіздің көлігіңіз шұғыл қажет болған кезде оны уақытша пайдалануға ала тұруы мүмкін. Бір адамға шұғыл медициналық көмек қажет болған кезде немесе террористі ұстау керек болған кезде жүргізушілердің көлігін пайдалануға алуы мүмкін.
  • Мемлекеттік органдардың жол қозғалысын шектеу туралы бұйрығы болған кезде;
  • Зілзала болған кезде зардап шеккен адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін көлігіңіз қажет болғанда;
  • Жол-көлік оқиғасына куәгер болған кезде көлігіңізді тоқтатып, түсініктеме алуы, полиция бекетіне апаруы мүмкін;

Тоқтату тәртібі қандай?

Жол патрульдік полициясы сіздің көлігіңіздің мемлекеттік нөмірін дауыс зорайтқыш көмегімен айқайлап айтып тоқтатады. Содан кейін инспектор таяғымен жүргізушінің нақты қай жерге тоқтауы керек екенін көрсетеді. Тоқтағаннан кейін жол полициясы инспекторы өзін таныстырып, тоқтату себебін түсіндіруі керек. Жол полициясы қызметкерін «көліктен шығыңыз» деген нұсқау бермейінше жүргізушіге де, жолаушыға да көліктен түсуге тыйым салынады.

Жолаушының қандай құқығы бар?

Жолаушы жол-полициясы қызметкерінен құжаты мен қызметтік төс белгісін көрсетуін талап ете алады.

Жол-полициясы қызметкері қандай құжаттарды тексереді:

  • Жүргізуші куәлігі;
  • Көліктің тіркелгені туралы құжат;
  • Сақтандыру полюсі;
  • Жүк тасымалдаса, жүктің құжаты болуы керек.

Қазір елімізде құжаттардың цифрландыруға көшуіне байланысты барлығы базадан тексеріледі. Сондықтан құжаттарды жүргізуші үнемі өзімен бірге алып жүрмесе де болады.

Көлік иесі көлігін басқа адамға жүргізуге берсе, сенімхат бермей-ақ сақтандыру полюсінде атын көрсетсе жеткілікті. Сондай-ақ көлікті басқа адам тізгіндеп келе жатқанда қасында көлік иесі отырса, ешқандай құжат талап етілмейді.

Жолда жылдамдықты асыруға байланысты салынатын айыппұл көлемі қандай?

  • Жылдамдықты 20 км/сағ асырғанда 21 210 теңге;
  • Жылдамдықты 30-40 км/ сағ асырғанда 31 815 теңге;
  • Жылдамдықты 40 км/сағ асырғанда 63 630 теңге.

Жол-полициясы қызметкері айыппұл салғанда немесе айыппұл салынғаны туралы хабарлама келгенде азамат 1 ай уақыт ішінде айыппұлды төлеу керек.

Айыппұлмен келіспеген жағдайда әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттамада келіспейтіні туралы жазуға болады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға