Жол апатынан қаза болған полиция қызметкерлерін ақтық сапарға шығарып салды
Жол апатынан қаза болған полиция капитаны Ғалым Арыстанбаевты жақындары мен әріптестері соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.
Ғалым 11 бала тәрбиелеп отырған көп балалы әке еді.
Сонымен қатар бүгін апаттан көз жұмған Абылайхан Әбішкенді де ақтық сапарға шығарып салды. 32 жастағы аға лейтенанттың артында жары мен 2 баласы қалды.
Еске салайық, 17 тамыз түнгі сағат бірдің шамасында Меркі-Шу-Бұрылбайтал автожолында жантүршігерлік жол апаты орын алды. Toyota Alphard маркалы көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, патрульдік полиция көлігімен соқтығысты.
Салдарынан 6 адам ажал құшты. Оның төртеуі Toyota Alphard жолаушылары, екеуі полиция қызметкері. Ал өзге 3 жолаушы мен жол апатына түрткі болған жүргізуші ауруханада жатыр.