Жаңалықтар

Жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа қарсы саясат мәселелері талқыланды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
Жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа қарсы саясат мәселелері талқыланды
Фото: sputnik.kz 22.12.2022 14:20 1637

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелері бойынша жиын өтті.  Оған министрлік аппаратының басшысы Болат Төкежанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, жеке және мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары, проректорлары, «Әділдік жолы» РҚҰ өкілдері және студенттік омбудсмен қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Басқосу барысында ведомствоға бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының тармақтарын орындаудың аралық қорытындысы жасалды.

«Сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділікті»  қалыптастыру мақсатында еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында әдеп және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі уәкілдер институты құрылды.  Барлық деңгейдегі білім беру бағдарламаларына кіретін оқу пәндеріне парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптары енгізілді», – деп атап өтті Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Қазіргі уақытта екі жоғары оқу орынында, атап айтқанда Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Д. А. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясында магистратура деңгейінде комплаенс-офицерлерді даярлау бойынша білім беру бағдарламасы әзірленді.

Сонымен қатар, университеттер ISO 370001 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі» (Атырау Мұнай және газ университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және басқалар) Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартының талаптарына сәйкестігін растайтын Халықаралық сертификаттаудан өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға