Жоғалған жеке куәлікті қалай қалпына келтіруге болады?

Жоғалған (немесе ұрланған) жеке куәлікті іздеу көп жағдайда нәтиже бермей жатады. Ал құжатты тез арада жасау қажет. Әкімшілік кодекске сәйкес, жеке куәліксіз бір айдан артық жүргені үшін 7 АЕК (27 524 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, алаяқтар жеке куәлікті пайдаланып, үлкен сомаға несие рәсімдеу қаупі бар. Осыған орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жеке куәлік жоғалған немесе ұрланған жағдайда не істеу керектігі туралы нұсқаулық ұсынады.
Жеке куәлік жоғалған жағдайда не істеу керек?
Ең алдымен құжаттың жоғалғаны туралы «Азаматтарға арналған үкіметке» хабарлау қажет.
Құжаттың жоғалғаны немесе ұрланғаны туралы дереу хабарлау керек. Бұған үш себеп бар:
- Жеке деректер ұрлануының алдын алу үшін;
- Жеке куәлікті алаяқтық мақсатта пайдалану мүмкіндігін болдырмау үшін (құжат арқылы үлкен көлемде несие рәсімделіп кетпеуі үшін);
- Айыппұлдан құтылу үшін: құжатсыз жүрудің 10 күннен 1 айға дейінгі мерзіміне ескерту беріледі, егер бір айдан асса, айыппұл көлемі 7 АЕК (27 524 теңге) болады.
Егер жеке куәлік ұрланса...
Құжаттар ұрланған жағдайда полицияға арыз жазу қажет. Мұндай жағдайда тәртіп сақшылары талон-хабарлама береді. Бұл талон кейін «Азаматтарға арналған үкіметке» басқа құжаттармен бірге жеке куәлікті қалпына келтіру үшін ұсынылады.
Құжаттардың ұрлануы туралы полиция қылмыстық іс қозғауы тиіс. Осыны ескерген жөн. Егер құжаттың нақты ұрланғанына сенім болмаса, арызда құжаттың қандай жағдайда жоғалғаны белгісіз екенін көрсеткен жөн.
Қандай құжаттар қажет болады?
Жеке куәлік жоғалып немесе ұрланған болса да, оның қандай жағдайда жоғалғанын көрсететін жазбаша өтініш қажет. Бұл өтініш бір жағдайда – ХҚКО-да, ал екінші жағдайда – полиция бөлімшесінде толтырылады.
Құжат жоғалса мемлекеттік баж салығынан босатылатынын растайтын құжатты ұсыну немесе (егер ондай құжат болмаса) баж салығын төлеу керек. Төлем өтінімді рәсімдеу кезінде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы QR-кодпен немесе «Қазпошта» АҚ кассаларында жүзеге асырылады. Егер шетелдік төлқұжатыңыз болса, оны да бірге алып барған жөн.
Ұрлық болған жағдайда, жоғарыда көрсетілген барлық құжатпен қоса, полициядан берілген талон-хабарламаны да ұсынған дұрыс.
Жаңа құжат алу үшін ХҚКО-ға келуі міндетті. Онда суретке түсіріп, жеке деректер енгізіледі, қол қойылады және QR-код арқылы төлем жүргізіледі.
Жеке куәлікті қалпына келтіру қанша тұрады?
Жеке куәлікті қалпына келтіру (жоғалған не ұрланғанына қарамастан) – ақылы қызмет. Құжаттың жарамдылық мерзімі (жеке куәлік 10 жылға беріледі) бітпеген күннің өзінде, жаңасын алу үшін төлем жасау қажет.
Мемлекеттік баж салығы – 0,2 АЕК (787 теңге).
Егер жеке куәлік бір жылда екі реттен көп жоғалса, қалпына келтіру қызметі қымбатырақ болады. Мәселен, 1 АЕК (3932 теңге).
Жаңа құжатты дайындау мерзімі – 15 жұмыс күніне дейін. Алайда қосымша ақы төлеу арқылы рәсімдеуді жылдамдатуға болады.
Жеделдетілген құжат рәсімдеудің құны:
- Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында:
- 1 жұмыс күніне дейін – 3372 теңге
- 3 жұмыс күніне дейін – 1771 теңге
- қалған облыс орталықтары үшін:
- 3 жұмыс күніне дейін – 3372 теңге
- 5 жұмыс күніне дейін – 1771 теңге
- Аудандық және облысқа қарасты қалаларда:
- 7 жұмыс күніне дейін – 678 теңге
Жеке куәлік жоғалса, оның цифрлық нұсқасын пайдалануға бола ма?
Жоғалған жағдайда жеке куәліктің цифрлық нұсқасын пайдалануға болмайды. Алдымен құжатты қалпына келтіріп, содан кейін ғана мобильді қосымшадағы цифрлық құжаттарды жаңарту қажет.
