Жаңалықтар

Жоқтау

Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығармайды да.
28.08.2014 06:12 29124

Жоқтау

Кеңес Одағындағы елдердің Кіндік баспасы бұл «жоқтауларды» бастырғанда, мынадай ойменен бастырды:

Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығармайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап пісіп, дүниеге келеді. Сонан соң ғана шешендер, бұл «тіл көсемдері» тілді безеп жолға-жөнге салып жүйесін айы- рып өсіреді. Сондықтан әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек, енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда, мұны естен шығармау керек. Ел аузындағы тіл дегенімізде, нені үлгі-өрнек етіп аламыз? Әрине, осындай жоқтауларды, мақалдарда, жұмбақтарды, ертегілерді, өлеңдерді тағы тағы осындайларды!

Тіл туралы Ленин секілді көсемдердің айтқан сөздерін, үгіттерін оқыған не естіген кісі жолымыздың тура екендігін басқаса керек.

Бұл «жоқтаулардың» ішінен әзіргі заманның жас тілшілері, жазушылары талай материал табар деген үмітіміз бар. Мәнісі көбірек қазақ тариқына тиісті болса да, тілін үйрену, тексеру, тілінен пайдалану осы заман жастары үшін де керек жұмыс. Қазақтың әзіргі тілі бай, жалпақ түсінікті, өткір, қысқа суретті болса, көп құрал-жарақтан бірінің жөнделгені де.

СЫРШЫ

Құйрық атып құлиа,

Түлкідей қашқан жымиа,

Қараңды үзіп барасың

Бізден де қайран дүниа.

Көп жылдар қудым артыңнан,

Лашындай сызып жер қиа.

Бірде шығып шарыққа,

Бірде сарықтым тұңғыйа.

Күнім базар, түнім той,

Замандас жаран жиылып,

Сауық-сайран өне бой.

Шад-шадыман күндерім

Демедім бастан өтер ғой.

Дәурен өтіп, жас жетіп,

Замандас құрбы адамдар

Азайып келіп о бітті,

Көрген түстей бәрі де,

Көзімнен болды зым-зыйа.

Шағалалары көлдер шалқыған,

Күмістей жүзі балқыған,

У-шу болып құстары,

Қаз, үйрегі қалқыған.

Суына жылқы жабылса,

Шуақтап жатқан көп балық

Судың бетін үйіріп,

Тереңге қарай бұлқыған.

Судың бетін жел есіп,

Кесе-кесе жалданса,

Иіндесіп, тіркесіп, 

Көбіктеніп толқыған.

Сондай бір көлдер суалса,

Бұлағы кеуіп, құм алса,

Ақыры оның не болар?

Тартқан айбар ту сыртың,

Айбатпен қозғап жақ ұртын,

Ауылдап жүзген нән балық

Басын соғып қайраңға,

Ит пен құсқа жем болар.

Зауалы үшін айдын көл

Қара жермен тең болар.

Бұтағы көкке қараған,

Жапырағы жайқалып,

Тамыры жерге тараған

Бәйтеректер қуарса,

Мұнарланып, буланып,

Әуелгідей көрінбес Жолаушыға қыйадан.

Қаршығасы шаңқылдап,

ашын құсы қаңқылдап,

Басынан оның ұшар ма

Мамығын төккен ұйадан?!

Күні өткен бәйтерек

Желмен құлар әлсіреп.

Іріп, шіріп жатумен

О да қара жер болар.

Заманы өтсе жастағы,

Сонда білер кей адам

Құтылмасын баршаның

Лауықта маңдайына жазғаннан.

(Шәңгерей)

МАМАЙ БАТЫР

(Мамайдың шешесі Қараүлектің жоқтап айтқаны)

Ай, Орағым, Орағым

Жалғыз қалдың, қарағым!

Мамайжан еді ырысың,

Бір құрсақтан дүреген

Екеу еді туысың.

Екеуің жауға барғанда,

Қалмақты жеңді ұрысың.

Серіксіз қалдың, Орағым,

Дүние шіркін құрысын!

Қарағым, Орақ, ай, Орақ,

Алштап ұран шақырса,

Айбалтасы қонды, Орақ,

Құбысының алды, Орақ.

Мамай кетіп алдында

Туғансыз жалғыз қалды Орақ!

Атыңды дұшпан атаса,

Мамай еді серігің,

Оркөз еді көлігің,

Артыңда жалғыз сен қалып

Мамайдың көрдім өлігін.

Мамайжан бойға біткенде,

Арыстан, бәрі етін жеп,

Қанып еді жерігім,

Мамай еді қуатын.

Екі жыл шөлге қамады,

Қалмақтың бермей суатын.

Айқай енді күн қайда

Қойға тиген бөрідей

Жапыра қалмақ қуатын!?

Құлыны өлген ақ байтал,

Енді саған күн қайда

Ондай бала туатын?!

Қасыңа әскер ерітсең,

Мамай еді жолдасың.

Мамай тірі жүргенде,

Өткір еді алмасың,

Қалмақтың басы Қараман –

Оны ұстап өлтіріп,

Кесіп едің қан басын.

Қаты қан атты Қалмақтың,

Үш аттанып келгенде,

Отқа жақтың қаңқасын.

Мыңды байлап атқанда,

Дарымады етіне

Қой боғындай қорғасын,

Сол қызықтың үстінде

Неге өлмедім, сор басым

Мамай еді дәрменің,

Екеуің қатар жүргенде,

Беріп еді арманың,

Бәрін міндің қатарлап,

Жұрттағы сұлу жорғаның.

Есімқанның ары үшін

Қаты қанынан қалмақтың

Жеті бозды қорғадың.

(Мамай – Едіге бидің нәсілінен, ХҮІ ғасырда өмір сүрген ноғайлының батыры).

 

ҚАз ДАУЫСТЫ ҚАзЫБЕК

(Қызы Қамқаның жоқтауы)

 

Бісмілләдан бастайын,

Шариғаттан аспайын.

Ішім толды қайғыға,

Азырақ көзім жастайын.

Алаштан озған әке-кем,

Жоқтаусыз қайтып тастайын?

Алатаудай әкеме

Ажалдың сыны келгені.

Жылағанды не қылсын?!

Көздің жасын көрмеді,

Қазақ болып зарлады.

Тілеуді Құдай бермеді

Кешегі жүрген әке-кем

Жоқтаусыз тастар ер ме еді?!

Шаншар Абыз нәсілінен

Алтау едік анадан:

Сәдібек, Асан, Бөдене,

Үсен менен Балапан.

Бесеуіне аға боп,

Алғашқы әкем қараған.

Жолбасшысы кеткен соң,

Айырылды қазақ панадан.

Төрт тіреуің бірі едік

Қиын қыстау іс келсе,

Бәрінен де ірі едік.

Енді қазақ не болар А

сқар тауы құлаған?!

Белгілі шығар Алашқа

Көңтажіге барғаның,

Он сегізде сол күнде,

Қалмақты сынға алғаның.

Қазақты жоқтап қалмақтан,

Араға сөзді салғаның

Қалмақтың қаныКөңтажы

Жауаптан ұтып алғаның.

Босатып едің, жан әкем,

Тұтқынды қазақ қалғаның,

Талап алған шабынды,

Қайырып алдың бар малын.

Олқысыз тоқсан жесірді

Сол жерде анық алғаның.

Қазақ пен қалмақ бас қосып.

Екі ұдай болған табында

Алдыңа бір жан салмадың.

Батыр жинап, ел шашпай,

Қылыш шауып оқ атпай,

Ақылыңменен жол тауып,

Қазақтың кегін алғаның.

Туғаннан-ақ жан әкем,

Жолыңды Құдай оңдады.

Қасиетің тағы мол,

Қас қылған саған оңбады.

Қазаққа деп заң жасап,

Қазыбектің қасқа жол

Артыңда мирас қалғаны.

Шариғат айтқан жол емес,

Закөнге тағы қол емес,

Дуалы ауыз айтқан соң,

Соларменен бірдей ғып,

Қазаққа бір жол салғаны.

 

А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға