Жаңалықтар

Жыр жинағымның тұсауы әлі кесілмеді

Сұхбат
Жыр жинағымның тұсауы әлі кесілмеді
01.01.2017 11:59 9306

– Индира, қаланың қауырт тірлігінен жалыққанда, сізді «қос қолдап» тартып тұратын ыстық ауылыңыз жайлы білгіміз келеді... Ол қай жерде?

– Ауылым алыста. Ақтөбеден неше шақырым қашықта жатқанын білмеймін, математикаға шорқақпын. Соңғы рет мектеп бітірген кезде есеп шығарған шығармын... Әйтеуір, ауылыма жету үшін қала орталығынан сегіз сағаттай жол жүру керек. Ол мекен Алтықарасу деп аталады. Ертеде айналасын алты қара су қоршап жатады екен. Сол себептен осындай атау алса керек. Ауылымның жанынан Ойыл өзенінің бір сағасы ағады. Дәл ауыл іргесінде ағатын өзенге бала кезімізде жиі баратынбыз. Бұл өзеннің бір ерекшелігі, бір жері өте терең болса, енді бір жері өте таяз, суы тізеден келетін. Осы өзеннің жағасындағы жартастарға қарлығаштар ұя салатын. Ауылда емге тал жоқ, тек ескі мектеп ауласында ғана бір топ қара терек өсіп тұратын. Балалық шағымның базары сол жерде өткен соң ба, рас, қала тірлігінен жалыққанда сол жаққа кеткім келе береді. Ауылдағы алаңсыз шақтарым еске түссе, Ақтөбеде не істеп жүргенімді түсінбеймін.

– Ата-анасының құдайдан сұрап алған «үш тілегінің» бірі, еркесі жастайынан ктіапқа құмар болыпты. Сізді шығармашылыққа еркін бойлатқан осы көп оқығандығыңыз ба? Олардан не түйіп өстіңіз?

– Бала кезіміз қиын қыстау замандарға тап келді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, жарық жоқ, теледидар жоқ. Үйдегі үлкен аға апаларымның бәрі қалада студент, үйде тек әке-шешем, Пішән деген ала мысық, Бұлқар деген төбет, сосын бірнеше малымыз ғана бар. Шешем мектепте мұғалім, кешке дейін сабақта жүреді. Әкем ауылсоветте жұмыс жасайтын. Ол да күні бойы конторда... Пішән екеуміз ойнап-ойнап жалыққан соң, отырып кітап оқитынмын. Әкемнің үлкен сары шифоньері болатын. Іші сырты толған кітап. Ішіне сыймағандарын төбесіне қабаттап жинап қоятынбыз. Бір қызығы, сол кітаптардың шаң басып жатқанын көрмеппін. Мүмкін, үнемі алып оқып тұрғандықтан шығар... Ең бірінші оқыған кітабым Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы. Әлі есімде, осы шығарманы оқығаннан кейін қалшылдап ауырып, өзіммен өзім сөйлеп, түнімен ұйықтай алмай қалғаным бар. Шамасы он жаста болсам керек. Шешем көрші кемпірге қорықтық құйдырып, әзер дегенде бетімді бері қаратты. Менің кітапқұмарлығымды байқаған әкем кейін іс-сапарларынан түрлі қызықты шығармалар әкеп беретін болды. Олардың ішінде Робинзон Крузоның басынан кешкендері, Дымбілмес оқиғалары, Одиссейдің сапары, Янусари Кавабатаның «Мың қанатты тырнасы», т.б шетелдік жазушылардың шығармалары болатын. Қазақ классиктерінің кітаптары онсыз да үйде бар, осылайша кітаптың сиқырлы әлеміне сүңгіп кеткен екенмін. Үйдегі кітаптарды оқып тауысқан соң, ауыл клубының кітапханасына ауыстым. Ол жерде кітап аз. Барын оқып болғаннан кейін, күнде жаңа кітап сұрап баратын болдым. Ақырында кітапханашы мені көрсе, есігін іштен кілттеп алып, ашпайтынды шығарды. Өлең жазуға кітапты көп оқуым әсер ете қойды деу қиын шығар. Дегенмен, сөз байлығының біраз жетілуіне кітаптың қосқан үлесі шексіз. Кітаптан көп нәрсе түйіп өстім. Оқыған кітабымның оқиғасымен бір жеті өмір сүретінмін. Мысалы, Робинзонды оқып болған соң, өзімді аралда қалған Робинзон секілді сезініп жүрдім. Одиссейді оқыған соң, Пенелопа секілді кесте тігем деп, ине жұтып қоя жаздадым. Айта берсем көп... Қазіргі болмысымның жетпіс пайызын кітаптан алдым десем, қате айтқандық болмас.

– Сіз туралы ғаламтордан мардымды ештеңе таба алмадым, тек әлеуметтік желілерде жүрсіз...

– Ешкімді қызықтырмайтын болсам керек. Өздігімнен біреуге барып «мені жазшы» дей қоймаймын. Ол үшін Сіз секілді «сізді жазайыншы» деу керек шығар.

– Өзіңіздің өлең «сезоныңыз» бар сияқты. Ол қай уақыт болды екен?

– «Шабыт деген түнде тұрып қыңыр гитара шертетін» нәрсе ғой. «Өлең сезоны» деп әзілдеп айтамын. Негізі жаймашуақ күз бен қатты аяз күндерде өлең жазатынымды байқап жүрмін. Жазда мүлдем жаза алмаймын. Ыстықтап мазаң қашып, шыбындап жүргенде қайдағы өлең? Ал көктемде... Көктемде көзіме теріскен шығады. Көктем жақпайды маған.

Анықтама

Индира Кереева 1986 жылдың 6 тамызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Алтықарасу ауылында дүниеге келген.

Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, тарих-филология факультеті, журналистика бөлімін тәмәмдаған.

Қазірде «Не хабар?!» республикалық газетінде меншікті тілші, сондай-ақ, «Керекинфо» газетінде де тілшілік қызмет атқарады.

– «Жіберші мама, көшеге мені

Жаныма дауа іздеп келейін» – жаныңыз қандай дауаларды қажет етеді?

– Маған тыныштық жетіспейді. Қайда барсам да қарбалас бірдеңелер. Үнемі бір жаққа асыққан адамдар. Мынаны айтайыншы: бір күні саябаққа барып, адам аяғы аздау бұрышта тұрған орындыққа барып отырдым. Ешкім жоқ. Өзіңмен өзің... Шалқайыңқырап, басымды орындықтың арқалығына сүйеп отырып, ұйықтап кетіппін. Біреудің түрткенінен ояндым. Төбемнен екі омонды ерткен бір милиция төніп тұр. Ақыры, мен мас еместігімді, нашақор еместігімді дәлелдеп, бір құрылғыларға үрлеуіме тура келді. Ал осыдан кейін қайда барып күн көресің, айтшы? Еш жерде тыныштық жоқ...

Өлеңдеріңізден анаңыздың жырға құштар болғаныңызды қаламағанын аңғарамыз. Неліктен?

– Анам мені аяйтын шығар.

Жеке өміріңіз туралы ештеңе білмейміз. Өз аузыңыздан естиік...

– Қалай күйеуге тез шықсам, солай тез ажырасып кеттім. Дəл осы сөзіммен біреулердің қаңқу сөзіне себеп болатынымды сезіп отырмын. Міне,  ажырасқаныма да бірнеше айдың жүзі болды. Негізі, бұрынғы жары туралы жақсы сөз айтқан әйел көрмедім. Бірақ, мен айтайын. Ол кісі негізі жақсы еді, байғұс... Бірақ, некелескеннен кейін бір жылдан соң екеуміздің мүлдем екі бөлек адам екенімізді ұқтық. Екеуміз де. Солай. Қазақта қашан да әйел жаман, бәлкім, мен жаман болған шығармын. Ешкімнің алдында ақталмаймын.

Жалпы тұрмыс құрған соң әйел ақындар отбасы, ошақ қасы деп, қалам мен қағаздан шеттетіліп қалмай ма?

– Тұрмыста болған кезімде өлең жазбай кеттім. Ол рас. Жазған өлеңдерімді оқып, күйеуім қырғын салатын. Үйінде күнде ұрыс-керіс болғанын кім жақсы көреді? Содан ба екен, санамда күмбірлеп тұрған өлеңдерді іштей өлтірдім. Талай... Обал да шығар, кім біліпті... Бірақ, болмысыңнан қашып қайда барасың? Ішіңді жарып бара жатқан өлеңді шығармасаң, ішқұса боп өлесің. Ол кезде не ішіп кету керек, не асылып өле қалу керек. Екеуін де жасағым келмеді.

Жапырақтың әнін, бұлттың жан сырын, күздің мұңын ақындар осы қайдан естиді?

– Негізі, зер салып тыңдаған адамға айналадағы барлық нәрсе әңгіме айтады. Ғылым тілінде релаксация дейтін ұғым бар ғой. Міне, нағыз релаксация табиғатпен тілдесе алсаң ғана жүзеге асады.

Жазбаларыңызда қияли екеніңізді жиі айтасыз, өмір «қиял-ғажайып ертегі» емес екенін ескерсек, сіздің қиялилығыңызға жол болсын...

– Қияли екенім рас. Өмір қиял ғажайып ертегі емес дегенді айтқан адам робот шығар... Өмір ғажап дүние, тек өмір сүре алмайтын адамдар көп, өкінішке қарай...

«Көгіңізге күн шығатын кез туды ма?»

– Кәдімгі Күннің өзі төбемізде тек он екі сағат қана тұрады ғой. Менің күнім де солай... бірде бар, бірде жоқ.

Индира Кереева қандай мінезді ақын? Ал өмірде қандай?

– Көркем мінезді емеспін, әйтеуір. Өмірде де, өлеңде де бірдеймін. Сүйсем сүйем деп, жек көрсем жек көрем деп айта саламын.

Сізге маза бермейтін ойларыңызбен бөліссеңіз...

– Жалған пафосқа салынып, «елім, жұртым» деп толғанбай-ақ қояйын. Бір ұлы арманым бар. Сол маза бермейді. Ол дұрыс та шығар. Ешнәрсе мазаламайтын тірі өлікке айналудан сақтасын. Тап қазір Сағындық Ниянқұлов деген ақын ағамды ойлап жүрмін. Соңғы уақытта көрінбей кетті. Аман ба екен, жағдайы қалай?...

Әр ақынды өлеңге әкелген алғашқы «шимайы» болады, сіздің де шығармашылығыңыздың бетпердесі болған жыр есіңізде болар...

– Қызыл сөзге жақын болып өстім. Бала кезімізде мектептің қабырға газеттеріне түрлі шимайларым шығып тұратын. Бала кезінде бір шумақ тақпақ жазбаған қазақ жоқ шығар. Оларды алғашқы өлеңім еді деп әспеттеудің де қажеті шамалы сияқты. Ал кәдімгі ақындық ортаға әкелген өлеңім «Көпшік туралы» еді. Бірден облыстық газетке шығып, ақын ағалардың ыстық ықыласына бөленіп, жақсы лебіздер жинаған сол өлеңімді ақындықтың алғашқы сатысындағы баспалдағым десем болатын шығар.

– «Ақындар қияли халық, журналистика олар үшін емес» дегенді тіпті кей журналистерден де естіп жүрмін. Өзіңіз «Не хабардың» белді тілшісісіз. Айтыңызшы, ақындық журналист болуға кедергісін келтіре ме, әлде пайдасы бар ма?

– Шыны керек, «ақын журналист болмау керек» дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Қара сөздің қаймағын ішкен ақындар түгілі, екі сөздің басын құрай алмайтын, тілі мүкіс әншілер де журналист болып жатқан жоқ па? Рас, журналист пен ақындық мүлдем қабыспайтын нәрселер. Журналист эмоцияға салынбауы керек, салқын фактімен ғана жұмыс жасауы керек. Ал эмоцияға берілмейтін ақын бар ма өзі? Пайдасы, зияны дегенде... Зияны бар шығар. Өйткені, журналист бола жүріп талай жайттарға куә боласың. Олардың ішінде түрлі тағдырлар бар, соларды көргенде жаным ауырады. Теріс жағы сол.

– Бүгінгі қазақ журналистеріне не керек? Оларға не жетіспей жатыр? Жалпы, сіздіңше қазақ журналистикасының халі қалай?

– Қазақ журналистеріне ақша керек. Сосын мойындау керек. Қоғамды «қазақ журналистері түк білмейді» деген ұғымнан арылту қажет.  Олардың білімдері де, өрелері мен саналары да орыс тілді журналистерге қарағанда әлдеқайда озық. Тек ешкім мойындамайды.

– Қай ақынның өлеңдерінен қуат аласыз?

– Ертай Ашықбаев ағамның ақындық энергиясы ерекше. «Ақтөбені көрмегендер көп әлі, обал ай» дейтін Ертай ақынның өлеңін жақсы көрмей көр! Соңғы уақытта көрінбей кеткен Сағындық Ниянқұлов ақынды айттым ғой.

    «Айтқызбай-ақ түсіндің бе?

Ауыр ойдан айықтырдың.

Келін етіп түсірдім де,

Алматыма тайып тұрдым.

Бақытты етем десең мені,

Өкпелеме текке бетер.

Біз шаңырақ көтергелі,

  Жиырма жыл да өткен екен» – дейтін Сағындық Ниянқұлов ақынның өлеңдерінен өзіме сабақ аламын. Екеуі де Ертай ақын айтқандай «түн ішінде жарқырап, күндіз көзге онша түспейтін» ақындар ғой.

– Ақындар – әрдайым жаңа нәрселерді іздеп, оқып, сананы үздіксіз қозғап жүруі керек сияқты. Ал сіз бабыңызды қалай сақтайсыз?

– Керісінше, бабым кетіп, иттей шаршап, әбден қажыған кезде жақсы өлеңдер жазады екенмін. Көп өлең жазып кетсем, демек миым ашып, өлермен халге жеткенім деген сөз. Шынымды айтсам, біреуді жұбату үшін өлең жазбаймын. Өзім жұбану үшін жазамын. «Халық үшін жыр жазған» деген тіркесті естісем күлкім келеді.

– «Абырой – халықтан, атақ – мемлекеттен» дейді, Сіздің жүз өлеңнің арасынан бой көрсететін лирикаға тұнған сұлу жырларыңыз қаншалық мемлекет тарапынан еленіп жатыр?

– Мемлекет лирика емес, оданы жақсы көреді. Ал мен ода жазбаймын. Сондықтан, үкімет маған марапат та, мадақ та бермейді. Маған олардың қажеті де шамалы.

– «Жас ақындардың шығармашылығы» жинақтарынан өлеңдеріңізді оқығаным бар, ал жеке кітабыңыз бар ма?

– 2013  жылы «Жас толқын» сериясымен «Дауыстар диалогы» деген жинағым шықты. Ол да алдымен Ақтөбедегі Бауыржан Бабажанов, Ертай Ашықбаевтардың қолдауымен, сосын Жанат Әскербекқызының көмегімен шыққан жинақ болатын. Үш жыл өтсе де әлі тұсауы кесілген жоқ. Солай...

– Сыр сұхбатымызды естен кетпес қызық оқиғаңызбен аяқтайық...

– Күн сайын басымнан шым-шытырық оқиғалар өтіп жатады. Бірақ, бір оқиға есімнен кетпейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын қаладағы кітапханалардың бірі студенттермен кездесуге  шақырды. Келісілген уақытта барсам, есік алдындағы апай «кітапхана жабық» деп кіргізбейді. Жақсы деп бұрылып алып, автобусқа мінгелі аялдамаға аяңдадым. Аздан соң автобусым да келді. Мініп алып, кетіп бара жатсам, кітапханадан хабарласып тұр. «Сізді күтіп отырмыз, қайдасыз?» дейді. Мен барғанымды, кітапхана жабық екенін естігенімді айттым. «Ойбай, кітапхана сол кездесу үшін жабық қой, тез жетіңіз» дейді. Қайтадан бардым. Сөйтсем, есік алдындағы апай мені кітапханаға келген студент деп ойлапты. «Ақын келеді дегенде, сіз сияқты қарапайым күрте киіп, рюкзак асынған адам деп ойлаған жоқпын» дегені бар. Осы оқиға есімде қатты сақталып қалды. Қазір адамды киіміне қарап таниды екен ғой...

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға