Жаңалықтар

Жиһанкез Жанболат

Соңғы кездері жеріміздің жетесіне жеткіміз келіп жүр. Енді қазақ даласындағы қазынаны арнайы жабдықталған экспедиция тұрмақ, былайғы көлденең көк атты жұрт дронмен де, қабілеті жоғары оптикамен де әлеуметтік желіге сыдыртып жатыр.
Жиһанкез Жанболат
27.07.2017 14:14 9444

Жанболат Аупбаев, 1988 жыл – жеке мұрағаттан

Бірақ бір дизайнер айтпақшы, "бүгінде сұлулық тым көп". Жұмбақ тастың, әлде мазардың көрерге көз керек бейнесі жеткенімен, сыры жетпей қалып жүр. Осындайда  туған жердің қасиет-қадірін там-тұмдап теріп, оларды сақтап келген жиһанкездеріміз еске түседі.

Көліміздің жұмбағы Лох-Несстен, тауымыздың сыры Эверестен кем емес екенін өзіне де, өзгеге де дәлелдеп баққан жанкештілерді бір атап өту борышымыз. Солардың бірі - Жанболат Аупбаев. Былайғы жұрт ол кісіні "Егемен Қазақстан" сияқты алпауыт БАҚ-тың жылдар бойғы бас редакторы ретінде таниды. Ұстаз журналист деп жатады. Алайда Жанболат Аупбаевтың бір кездері - аңыздың анық-қанығын білу үшін пойыздан түсіп қалатын, артынбай-тартынбай, қиянға аттанып кетуді мәселе көрмейтін натуралист болғаны - сол ата кәсібіндегі жетістіктерінің көлеңкесінде қалып қойып жатады.

Ол бір, "қазақ даласында сыр жоқ" деген көзқарас дендеген замандар болатын. Адамзат пен табиғат бар игілікті қазақ даласынан әдейі қашып жүріп жасағандай көрінетін, және солай үгіттелетін уақыттар еді. Қызықты тапқан бөлек, ал оны бұқараға жеткізу үшін БАҚ бетіне шытырман айла-тәсілмен шығару керек болатын кездер-тін. Жанболат Аупбаевтың қазақ даласның кереметтерін баяндайтын кітабы осындай ахуалда жарық көрді. 1983 жылы жарық көрген бұл еңбектің осы күнгі "селфи-реп" жанрындағыларға айтатын ескертуі бардай. Ол: "бейнесін көрдік, енді сырына қанықтыршы" дейді. El.kz редакциясы автордың рұқсатымен сол еңбектегі біраз әңгімелерді шолып өтуді жөн көріп отыр.

Меркі аждаһасының құпиясы

Бұл оқиға интернетте түрлі нұсқамен жарияланып жүр. Біз кездестірген барлық жағдайда түпнұсқа авторы көрсетілмеген. Кейде айқын бұрмалау да бар. Бізге осы оқиғаның жария болуына тікелей қатысты Жанболат ағаның жазған түпнұсқасын жеткізудің сәті түсіп тұр.

***

1983 жыл

Пойыз купесінде кездейсоқ естіген әңгіме мені Луговой станциясынан түсіп қалып, Меркеге сапар шегуіме мәжбүр етті. Ондағы көнекөз қариялар мәселенің мән-жайына қаныққан соң “жұмбақ көлдің” бұл жерден де алыс, сонау тау қойнауында екенін айтты. Сөздерінің соңында олар Көккөлге тура жүре қояр көліктің жоқ екенін ескертіп, көктемгі төл алу науқанынан кейін жайлауға көшіп жатқан шопан ауылдарын жағалап көруді ұсынды. Жолсапарға жанашырлық білдірген жергілікті тұрғындардың бұл ақыл-кеңесі текке кеткен жоқ, кең жазықтағы қосын жығып жатқан көп қойшының бірі – Саурық атты мосқал кісі әңгімемді асықпай тыңдап алды да, маған өзінің қояр шарты бар екенін айтты. Ол аталмыш тау аңғарын жақсы білетін болып шықты әрі көш сол жерді жанап өтеді екен. Тек оған қой отарын жайлауға дейін айдасып баруға көмектесетін адам керек. Осыған көнсең, қой қайырысуға септігің тисе көлік те, қоналқалық орын да бәрі-бәрі табылады дегенді аңғартты шопан сөзі. Мен бұған қуана келістім.

... Жайлауға қарай бет алған қой отары біз діттеген аймаққа келесі күнгі сәскеде әрең жетті. Осы жерде мен шопанмен қош айтыстым да, ол кісі нұсқап көрсеткен бағыт – шығыс жақтағы шоқыдан бұрыстау қалып бара жатқан Көккөлге жаяу тарттым. Оңашадағы адамға қашан да ой серік. Жүріп келемін, ойланып келемін. Көңілде ептеген күдік те жоқ емес. Here дейсіз ғой?

Жамбыл облысындағы Мерке ауданының тұрғылықты адамдары мынадай бір қауесетті жиі және шындай ғып айтады. Ол: “Көккөлді ұзын мойын, ырғай бас, өркешті алып мақұлық мекен етеді-мыс” деген лақап. Бұған біреулер күмәнданып қарайды, біреулер тіпті сенбейді. Бірақ естіген құлақта не жазық? Мұндайда тек көңілді қызығушылық, құмартушылық сезімі билемей ме?

Аңыз секілді әңгімені естіген бойда менің көлді байқап, барлап көруге бел байлауыма себеп болған да міне, осы жайт еді. Енді оған да аз қалған сияқты. Тау аңғарының шығыс жағындағы шоқыға жетіп, сондағы асудан асып түссем, іздеп келе жатқан “жұмбақ көл” де көрініп қалатындай. Осыны байқап, бағдарлап келе жатып тағы да ойға берілесің. Ой соңы өзің оқыған, естіген табиғат таңғажайыптарын көз алдыңа әкеледі, ақырында бұл қалай деген сұрақтарға жауап іздеткізеді. Солардың кейбіреулері төмен-дегідей:

...XX ғасыр жұмбағы – “Қар адамының” планетамыздың адам аяғы баспайтын қиын аудандарында ғұмыр кешетіні рас па?!

...Мұхиттың мұңлы нүктесіне айналған Бермуд үштағаны. Ол жиһангер теңізшілер мен жанкешті ғалымдарды, ұшқыштарды өзінің иіріміне тартып әкетіп, бейхабар жоғалтуда.

“...Жер бетінде бөтен планетадан, космостан келгендердің жұмбақ іздері кездесіп қалып жүр”,– дейді ғалымдар.

Ойлап отырсаңыз осының бәрі шешусіз қалған бір түйін. Ал, мынау, Қазақстанның оңтүстігіндегі Көккөл құпиясы неге келіп тіреледі? Тау қойнауындағы айдын көлде аждаһа бар дейді. Бұл не, аңыз ба? Аңыз дейін десең, ол неден бастау алып отыр... Жоқ, бәлкім, Лох-Несс көліндегі ғажайып Несси бізде де болғаны ма?!

Осындай ойдың жетегімен келе жатып асудан асып түскенімді де байқамай қалыппын. Алдымдағы ойпатта кесеге құйған сүттей болып ақшылтым сулы көл жайымен толқып жатыр. “Көккөл деп неге аталған?”–деймін іштей: – Ақкөл десе де болмай ма?” Өйткені бір көрген жанға оған алдыңғы атаудан гөрі соңғысы дұрыс келетін сияқты. Міне, әп дегенде осыны ойладым. Содан кейін санамды: “Аждаһа шыға келсе қайтпексің?”–деген сақтандыру рефлексі тежеді де жағалауға жақындаудың қажеті жоқтығы есіме түсіп, жүрісімді кілт тоқтаттым. Жүрек аттай тулап дүрс-дүрс соғады. Иен таудағы жалғыздық, үңірейген көр шатқалдағы жақпартастар бәрі-бәрі бірігіп келіп онсыз да елегізіп тұрған көңілді күпті еткендей.

Бірақ сонша жерден іздеп келген соң бұл аймақты асықпай-аптықпай байқап қарау керек қой деген іштегі қарсылық сезімі уақыт санап белең алды да бойда батылдық пайда бола бастады. Соның өзінде көлді, ондағы құбылыстарды оған жақындамай-ақ беткейде отырып бақылауды жөн көрдім.

Ашығын айтайық, мұнда анау деп айтарлық ешқандай өзгешелік көзге ұрып көрініп тұрган жоқ. Көл. Иә, кәдімгі көп көлдің бірі бұл. Оның жиегі үйдей-үйдей боп теңкиген қойтастардан, тырбия өскен ағаш пен бұталардан аяқ алып жүргісіз. Тек суға сұғынып барып тоқтаған бір мүйісте осындағы ағаштардың бәрінің бойын басып озған жалғыз түп арша көзге ерекше дараланып көрінеді. Оған әлем-жәлем етіп, қызылды-жасылды шүберектер байланыпты. Аңғар бойынан аңқылдай соғып тұрған самал желден, желп-желп еткен мына мата қиындыларын көргенде: “Көккөлде киелі ағаш бар. Әрлі-берлі өткен жүргіншілер оған ақтық байлап, тәу етеді”,– деген жергілікті тұрғындардың сөзі еске түсті. “Мұнысы несі тағы, бұл не жұмбақ?”– дейсің іштей.

Көл толқып жатыр. Мына кейпінде ол тіптен момақан, тіптен жуас. Ішінде алып мақұлық, аждаһа бар деген сөзді бұрын-соңды естімеген адам болса оның мөп-мөлдір суына қойып кетіп, рахаттана жүзер еді. Ол ол ма, жағалаудағы жұқа тастарды жинап алып, майда толқын үстімен ызғытып тұрып жалақ жалатар еді. Бұл әрине көңілінде ешбір қауіп-қатері жоқ жанның істейтін ісі. Ал, біз ше?! Әй, қайдам...

О бастағы әңгімені естігеннен кейін оған шомылмақ түгіл, бақайымызды батыруға да сескенер едік.

Көлді сырттай бақылап отырған менің ойымды келесі бір сәтте: “Жалпы осындай жайлардың болуы мүмкін бе? Әлемдегі өзен, көлдерде бұрын-соңды сондай жағдайлар байқалған ба? Байқалса ол қандай жерлерде болған?”–деген сұрақтар мазалады.

Мұндай жайлар мерзімді баспасөз беттерінде оқта-текте болса да сөз болып жүргенін бәріміз жақсы білсек керек. Әсіресе ол қазіргі заманның белгілі зоологы, Брюссельдегі Королева жаратылыстану институтының профессоры Бернар Эйвельманстың “Теңіздің алып жыландары” атты кітабы жарыққа шыққаннан кейін жұртшылық назарын өзіне қатты аударды. Аталмыш кітапта табиғаттың өзіміз сөз етіп отырған құпия жайлары туралы жүздеген мысалдар келтірілген болатын.

Олардың бәрі өткендегі тарих. Әңгімемізді бүгінгі күнге жақындатар болсақ онда есімізге Лох-Несс көліндегі ғажайып түседі. Аталмыш көлдегі аңызға айналған Нессиді алғаш 1934 жылы ғана суретке түсіру  мүмкіндігі туды. Лондон қаласының бір дәрігері машинамен көл жағалап келе жатып, су бетінен әлдеқандай мақұлықтың   мойнын   соза   қарап   тұрғанын көрді. Оның мойны аққуға үқсас ұзындау екен, дәрігер қолайлы сәтті қалт жібермей суретке түсіріп алды. Сөйтіп талайдан бері құрғақ баяндалып келген, лақапқа айналып кеткен “су айдаһары”, “теңіз аждаһасы” атты қорқынышты атау иелерінің алғашқы портреті дүниеге келді. Ал, содан 9 жыл өткен соң яғни 1943 жылы әскери ұшқыш Б. Фэррел нақ сол көлдің үстімен ұшып келе жатып Нессиді байқағанын баяндайды...

– Көккөлдегі беймәлім мақұлық сол Нессидің “ағайыны” емес пе?

Жоғарыдағы жайларды ой елегінен өткізіп отырып қалай дауыстап жібергенімді байқамай өзімнен өзім шошып кеттім. Біреу естіп қойған жоқ па дегендей жан-жағыма қарап, бұл төңіректе менен басқа ешкімнің жоқтығы есіме түскен соң көңілімді орнықтырғандай болдым. Алдыңғы жақтағы айдын шалқарға қараймын, онда пәлендей өзгешелік байқалмайды. Көл беті сол алғашқыда көргендей бәз-баяғысынша жайымен толқып жатыр. Осылай отырғанымда түс болды, одан кейін күн екіндіге еңкейді де таулы өңір беткейіндегі көлеңкелер ұзара бастады. Енді екі тіземді құшақтап бұлай отыра беруімнің ешқандай да қажеті жоқ екенін сездім. “Ымырт үйірілмей тұрғанда етектегі бөктерге жетіп, қоналқалық орын іздестіру керек”,– дедім өзіме-өзім іштей күбірлеп. Сөйттім де тау басындағы тостағандай көлге соңғы рет көз тастап, келген ізіммен кері қайтуға жиналдым.

“Не көрдің, не білдің?” Тау етегіне қарай түсіп келе жатқанда мені енді міне, осы сұрақ мазалады. “Ештеңені де білгенім жоқ, ештеңені де сезгенім жоқ”,– деймін іштей. Расында да солай емес пе? Өйткені ол жерден көргенім – кәдімгі көл. Оның Қазақстанның басқа жеріндегі өзім кездестірген Ақкөл, Қаракөл, Тұзкөл, Қоскөл сияқты көп көлдерден ешқандай да айырмашылығы жоқ. Сырт қарағанда мұның орналасқан орны да, жалпы көрінісі де бәрі-бәрі соларға ұқсас. “Онда бұл жерге несіне келдің?”–дейді ойдан ой тудырған тағы бір дауыс. “Ауыздан-ауызға жеткен аңыз, көл ішіндегі аждаһа, алып мақұлық бар деген дақпырт. Соның әсеріне елігіп, жетегіне еріп келдім. Жолсапардың нәтижесіз, жаңалықсыз аяқталғаны өкінішті”,– деймін іштей қынжыла тіл қатып.

Бірақ ол аңыз да, дақпырт та болып шыққан жоқ. Біздің сапарымыз нәтижесіз, жаңалықсыз аяқталмады... Көккөлдің құпия сыры бар екен! Ол аудан орталығы – Меркеге келген соң белгілі болды. “Қалай?”– дейсіз ғой...

* * *

Қолына қалам ұстаған тілші қауымының өзінің қоян аяғын жеген көкбалақ суыт жүрісіне қарамай, аз-кем болса да тізгін тартып, ат шалдырар бір бекеті бар. Ол – аудандық газет редакциясы. Олардың мұнда үйір болатын себебі, жергілікті журналистердің алақандай аймақтағы жер жағдайын жадуалдай жатқа соғып, алыстан келген ағайындарына қызық жәйттердің жіп ұштығын ұстатып жіберетіндігі.

Көккөлден қайтып келген соң мәселенің мән-жайын бір білсе осылар біледі-ау деген ниетпен аудандық газет редакциясындағы әріптестерге соға кетуді жөн көрдім. Басқа облыс аудандарындағы сияқты мұнда да сол таныс көрініс; үкінің ұясындай бөлме, ондағы бір-біріне иін тіресе қойылған үстелдер... Қарсы есіктен кезекті газеттегі суреттеме үшін сөзден сөйлем құрап отырған жігіт пен оның аузынан шыққан әрбір әріпті қағып алып, тасқа басып жатқан қыз машинкасының сыртылы естіледі. Ал одан әріректе баспахана – редакцияның жұмыс жүрегі соғып түр.

Бөлімдердің бірінде шүңкілдескенімізге көп  болған. Әзірше қармаққа ілігер қызық оқиғалардың да қарасы көрінбейді. Сөз аяғы сұйыла бергенде өзімнің келген шаруамды, оның нәтижесіз аяқталғанын  айттым.

– Ой, оны біз білеміз ғой,– деді сол мезетте шеткі орындықта отырған Уәли атты жас жігіт:– Қап! – деді содан соң ол,– мәселе бұлай болғанда оу баста біздерге жолығуыңыз керек еді. Көккөлге барып бекер әуре болғансыз. Ол осы жерде-ақ бітетін шаруа емес пе?!

Жас жігіттің бұл сөзін отырғандардың бәрі қостады. Сөйтсек әңгіме төркіні мынада болып шықты. Осы Меркеде Анатолий Печерский деген адам бар екен. Негізгі мамандығы мұғалім ол аудан орталығындағы № 2 орта мектепте сабақ бере жүріп, бос уақытын қоршаған ортаны қорғауға, табиғат таңғажайыптарының құпиясын ашуға арнайды. Мұндай құштарлық келе-келе оны өлкетанушылық энтузиазмға жетелейді де, ақырында бұл іске ол шындап кіріседі. Содан бері бұл өңірде оның бармаған, араламаған жері қалмапты. Отырғандардың айтуынша Анатолий Печерский Көккөлді жақсы білетін болып шықты. Себебі ол осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ондағы жұмбақ құбылысты өз көзімен көрген, содан бастап мектептегі жас натуралистер үйірмесі мүшелерінен экспедиция жасақтап, көлді жыл сайын бақылауға алған. Сөздің тоқетер түйініне келгенде осынау қарапайым ауыл мүғалімі Оңтүстік Қазақстан территориясындағы бұрын ешкім назар аудармай келген ғажайып құбылыс туралы Одақ оқырмандарына бірінші болып хабарлап, “Знание и сила” журналына мақала жолдайды. Оны оқыған ғалымдар мен мамандар меркелік өлкетанушыға бұл бағыттағы зерттеу мен бақылауды одан әрі қарай қалай жүргізудің керектігін айтып, түрлі тапсырмалар беріпті. Қазір Анатолий Печерский Москвадағы СССР Ғылым академиясының А.Н.Северцев атындағы эволюциялық морфологиялық жануарлар экологиясы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен хат жазысып тұрады екен.

– Жүріңіз, егер кездесемін десеңіз сол адамға барып жолығайық. Біздің ойымызша Көккөл құпиясын сол кісіден артық ешкім білмейді.. Соңғы жеті-сегіз жылдан бері ол көптеген жайларға куәгер болып, бұл тақырыпта біраз ізденген, пікір жинақтаған болуы керек – деді әңгімесінің соңында Уәли Қырғызбаев.

...Іздеген адамымызды табу онша қиынға түскен жоқ. Әуелі селоның шығыс жағындағы оның үйіне соқтық, көршілері Анатолийдің мектепке кеткенін айтты. Мектепте барғанымызда сабақ арасында үзіліске шыққан оқушылар: “Ол кісі әне, анау”,– деп кабинеттік оқу жүйесіндегі физика лабораториясында отырған ашаң жүзді қағылез жанды көрсетті. Алғашқы аман-саулық, ауызекі таныстықтан кейін іздеп келген адамымызға өзіміздің шаруамызды айттық. Сол-ақ екен әңгіме тиегі өз-өзінен ағытылып жүре берді.

– Мен бұл жерде көптен бері тұрамын,– деді Анатолий. – Сіздер сұраған жәйтті ауыл адамдарынан бала кезімнен естіп өстім десем тіптен артық айтқандық бола қоймас, сірә. Өйткені көпті көрген көнекөз қариялар сонау тау көліндегі ұзын мойын, алып айдаһармен бетпе-бет келіп көрмесе де, оның суды толқытқанын, түн ішінде сол аймақтан жақпартастарды жаңғырықтыра үн шығаратынын иландыра әңгімелейтіні күні бүгінге дейін көз алдымда. Кейін ержетіп, есейген соң мектеп бітіру, оқуға түсу, маман боп елге оралу сияқты жүрдек өмір ағысы басталды да, әлгі аңызды ұмыта бастадық. Бірақ... ия, бірақ жетпісінші жылдардың орта шенінен бастап Мерке өңірінде Көккөлдегі аждаһаға қатысты алыпқашпа сөздер қайтадан айтыла бастады. Оған себеп болған жайт – жайлаудағы шопандардың көл суының астан-кестен боп аспанға шапшығанын, ысқырып дыбыс шығарғанын өз көзімізбен көрдік, білдік деуі еді. Әуелі мен, шыны керек сене қойғаным жоқ. Содан кейін бұл не құбылыс деген оймен 1976 жылы жалғыз өзім, одан аз уақыт өткен соң жас археологтар үйірмесінің бір топ мүшелерімен бірге барып аталмыш жерді байқастап көргеніміз бар. О жолы біз ескіден қалған мәдени ескерткіштердің жұрнақтарының, қалдықтарының талайын тауып қайттық, бірақ аждаһа жайлы аңыз ізі байқала қоймаған еді. Сол сапарда қауесеттің қисынсыздығына шүбәм қалмады.

Дегенмен әлгі әңгімені естіген менің ұлым Володя көлді тағы бір рет көруге қояр да қоймай отырып көндірді. Алғашында барғым келмесе де, тау ортасын ойып қойғандай танакөзденіп жатқан  Көкөлдің сұлу көрінісі сол жазда мені өзіне қайтадан тартқандай еді. Сонымен балам екеуміз жолға шықтық. Таныс жерге жеткен соң шатыр тігіп, жағалауда бір аптадай серуен құрдық.

Ұмытпасам ертең қайтамыз деп жиналып жатқан күні... Иә.., иә сол күні Володя екеуміз суға түстік. Аяқты балада тыным бар ма, әрлі-берлі көл жағалап шапқылаған ол бір мезетте тауға өрмелеп алысқа ұзап кетті. Осы кезде мен жым-жырт тыныштықтағы бейқам жүрген құстардың көл бетінен дүркірей үркіп ұшқанына таң қалдым. Аяғымды малып отырған айдын шалқарға көз жүгірткенімде жүрегім дір ете түсті. Менен жеті-сегіз метр шамасындағы толқындар шымырлап, іле сәлден соң әлдебір болар-болмас иректер байқалды. Құбылыс сәт сайын айқындала түсті. Толқындар теңселе лықсыды. Су бетінде шамамен 15 метрдей алып дененің ырғалысын білдіретіндей буылтық-буылтық иректер пайда болды. Ені 1, ұзындығы 2 метрдей алып басы бар мақұлық құйрығының ұшымен шаншылып көтерілгендей судан шықты да қыбыр етпей тік тұрды.

Зәре-құтым қалмай шошыған мен жалма-жан Володяға ескертпек болып жанұшыра мылтығыма қарай жүгірдім. Бұл көріністі алыстан балам да көріп келеді екен. Есімді жиып артыма қайыра көз салсам әлгі дене бұрынғыдан да айқындала түсіп, тіпті мақұлықтың бұралаңдап жатқан өркештеріне майда толқындардың ақырын соғылып жатқанын байқадым. Осы көрініс бірнеше минутқа созылды, сонан соң “айдаһар” бірте-бірте бата бастады... Сол кезде барып кинокамера мен фотоаппарат еске сап ете түсті. Бірақ олар қайда, біреу қайда... Мелшиген күйі қаттық та қалдық...

Ауылға қайтып келген соң мен біз бастан өткерген оқиғаны СССР Ғылым академиясының A. Н. Северцев атындағы эволюциялық морфология және жануарлар экологиясы институтының аға ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Константинович Клумовқа жолдадым. Содан бастап ол кісі екеуміздің арамызда түрлі пікір алысуға толы хат жазысу басталды. Солардың кейбіреулері мыналар; оқып көреміз, танысамыз десеңіздер оған ешбір қарсылық жоқ.

Жоғарыдағы жайларды байыппен баяндаған Анатолий осы жерге келгенде әңгімесін кілт тоқтатты да үстел тартпасына қол жүгіртіп, одан қатырма қағазды жуан папканы алып шықты. Мұнда москвалық ғалымнан келген хаттар рет-ретімен тігілген екен. Айналасы жарты сағаттың ішінде біз олардың бәрімен мұқият танысып, солардың ішіндегі керекті-ау деген үш-төртеуін қойын дәптерімізге көшіріп жазып алдық. Оның біреуі – ең алғашқы жолданған хат еді. Онда Анатолий - Сергей Константиновичтен: “Бұл құбылысты қалай түсінуге болады? Жұмбақ жәйт жөніндегі сіздің пікіріңіз қалай?– деп сұрапты. Оған ғалым төмендегідей жауап қайтарған.

“Мұндай хат-хабарлар менде жеткілікті. Тіпті ғажайып мақұлықтардың суреттері салынып келгендері де кездеседі. Әрине, бұлай болуы мүмкін емес деп бір ауыз сөзбен оп-оңай құтыла салуға да болар еді. Бірақ, әуелі асықпай жауап іздеп көрелік. Жұртқа күлкі болып қалармыз деп қауіптенбей-ақ ғалымдардың батылырақ сөйлегендері дұрыс қой. Үндемей құтылуға және болмайды. Ондай жағдайда әлгіндей қилы-қилы аңыз-қауесеттердің өршіп немесе басқаша мағынаға ие болып кететіні мәлім. Ғалымдар табиғаттың жұмбақ сырларына жауапты зерттеп, іздеуге тиіс. Оны ашып, дәлелдеп отыруға міндетті. Сондықтан да сіз өзіңіз байқаған құбылысты аяқсыз қалдырмаңыз, тыңғылықты зерттеу, бақылау жүргізуді мықтап қолға алыңыз”.

Ал екінші хат: “Жалпы жан-жануарлар әлемінде жоғарыдағыдай қызық жайлардың кездесетіні рас па?”–деген сұраққа жауап беруге арналыпты.

“Әрине кездеседі,– деген бұл сауалға москвалық ғалым.– Ғылым өкілдері күні бүгінге дейін жануарлар әлемінің бізге белгісіз болып келген ондаған түрлерін тапқаны ешкімге де құпия емес. Айталық зоолог әріптестеріміздің соңғы кездері Америкадан қанатын жайған кезде оның қауырсындары 3 метр жерді қамтитын құсты кездестіргенін еске алсақ та жетіп жатыр. Біз қазір жер бетіндегі жан-жануарлар әлемін жетік білеміз деп салыстырмалы түрде айта алсақ та, көл мен теңіз, мұхит астындағы құпия тіршіліктің қыр-сыры әлі күнге жете зерттеліп бола қойған жоқ. Мәселен мен сізге хат жазып отырғанымда ленинградтық зоологтан теңіз жануарының бұрын-соңды еш жерде кездеспеген бір түрі – погонофордың табылғанын естідім”.

Енді үшінші хаттан үзінді келтірелік.

“Сіз менен: “Көккөлдегі құбылысты қалай түсінуге болады?”–деп сұрапсыз. Қандай дерек болмасын оны асықпай отырып, ғылыми тұрғыда жан-жақты мұқият тексеріп алу ләзім. Осы орайда өткеннің бір мысалын айта кетейін. Профессор Б. Ф. Поршнев 1959 жылы Тянь-Шань сапары кезінде Сарышелек көлінде болады. Жергілікті тұрғындар бұл көлде айдаһарға ұқсас әлдебір құбыжық барын, кейде оның су бетімен көлді кесіп өтіп, жоқ болатынын айтып жүреді екен. Сол жолы профессор күтпеген жерден осы жұмбақ жайдың көзбе-көз куәсі болыпты. Бір метр шамасындай ұзын мойны бар кеспелтек бөрене сияқты дененің күн көзіне жарқ-жұрқ шағылысып, көл бетін кесіп өткенін жарты шақырым жерден өз көзімен анық көреді. “Демек қауесеттің рас болғаны ғой?” деп ойлайды ол. Кейін белгілі болды, бақсақ-көрсек бұл бар болғаны жарық елесінің алдамшы әсері екен! Жүзіп бара жатқан айдаһар да емес, беймәлім мақұлық та емес – бірқазан, ал ұзын құйрығы секілденген нәрсе – құстың соңынан ерген балапандары болып шықты. Ол алыстан күн сәулесімен шағылысып, сағымданып, жарқылдап жанар алдаған. Сондықтан Көккөлге де асықпайық. Әліптің артын күтелік. Сәлеммен С. К. Клумов”.

– Москвалық ғалымның,– дейді Анатолий стол үстіндегі хаттарды жинастырып жатып. – Көлге тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі ақыл-кеңестері мені жігерлендіре түсті. Оның үстіне Мерке аудандық оқу бөлімі 1977 жылы маған өзіміздің орта мектеп оқушылары мен натуралистерінен экспедиция ұйымдастыруға, көлді тек күндіз ғана  емес, айлы түндерде де бақылауға мүмкіндік беретін аппараттар табуға, басқа да құрал-жабдықтар сатып алуға көмектесті. Таныс тау арасына келген соң балалар құпияны анықтауға бар ықыласымен кірісті. Көлге тәулік бойы бақылау қойдық. Бір күні түн ішінде ел қалың ұйқыға кетіп, ай енді-енді  қылтиып туып келе жатқанда кезекшілер  Света Непряхина мен Витя Плотников шөккен түйенің боздағаны сияқты үнді естиді. Одан кейін қатты айқай шыққандай болады. Кезекшілер жанталасып шатырға қарай жүгірді де: “Онда жылан ысқырады!” – деп ентіге тоқтады.

Жоғарыдағы оқиға сол жазда одан кейін қайтып қайталанған жоқ. “Бұл не құбылыс?–деумен болдық іштей. Ал, күз кезінде экспедициядан қайтып оралғанымызда біздің қолымызда көптеген мәліметтер жинақталған еді. Соның алғашқысы – Көккөлдің деңгейі шелектеп жауған жаңбырлы күндері де оның суы не ортаймай, не асып-төгілмей сол қалпында қалатындығы болатын. Мұнымен қатар балалар көлдің батыс жағындағы жерден суды төмен қарай қорқырата сорып, кейде оны сыртқа қарай лықсыта шығарып жатқан шағын иірімдерді байқап қалған. Кейін оны мен де көріп, суретке түсіріп алдым. Ондай шұңқырлар әсіресе ауа райы тымық күндері көлдің барлық жерінен шұрық тесік киіздей болып анық көзге шалынатын. Оқушылардың сол жазда байқаған тағы бір нәрсесі ол – түйенің боздағанына ұқсас дыбыс шығып, көл суының астан-кестеңі шыққан түннің ертеңінде оның жағасында кесек-кесек тау жыныстарының, ақтаңдақ тұз тұнбасының жиналып қалатындығы еді.

Анатолийдің әңгімесін тыңдап отырғанда біздің ойымызға мынадай сұрақтар келді: “Ол көлдегі шұңқырлар нені білдіреді, бар жұмбақтың сыры мүмкін осында шығар?”–деген ой болатын. Әңгіме иесіне өз пікірімізді айтқанымызда, оның жорамалы да дәл осыған келіп саятынын аңғардық.

Себебі...

Меркелік мектеп оқушылары экспедициясының екі жылғы жүргізген бақылау жұмыстарынан кейін, Көккөл құпиясымен танысу мақсатында бұл жерге Оңтүстік Қазақстан геологиялың барлау басқармасының геологы Б. Волчков арнайы келеді. Ол 1979– 1980 жылдардағы екі сапарының нәтижесінде көлдің мұздақтардан және мореналық қыртыстар қабатында пайда болғандығын анықтады. Мореналарда шұңқырлар оңай жасалынады екен, тіптен көл түбіндегі жатқан ондай “тесіктер” жер қыртысының астынан бірігіп келе жатқан тұтас каналды құраған. Геологтар тұңғиық түбіндегі осындай каналды тауып, оның тереңдігін өлшеу мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұдан шығар қорытынды: жауын-шашынға, жер астының гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты судың біраз бөлігі көл түбіндегі каналдарға сорылып отырылады. Кейде су әлсіз сорылғанда көл үстінде кішкене шүңқырлар пайда болып, ысқырық естіледі. Ал қатты сорылғанда “айқайлаған” дауыс жаңғырығып жетеді. Бұндай су қақпалары ештеңеден хабарсыз суға шомылғандарды және көлді кеше су ішкен малдарды тұңғиыққа тартып кетіп отырған. Жер асты канал-сифондар көлдің тұрақты деңгейін қалпына келтіріп те тұрады. Су бірде канал арқылы төменге сорылып алынса, енді бірде канал арқылы жер қыртысындағы минералдармен байытылып сыртқа атылады. Аңыздағы көл суының емдік қасиеттерге ие екендігінің, сосын көл жағасында кейде тұз тұнбаларының жиналып қалатындығының бір сыры осында жатса керек.

Талай уақыт әңгіме болған Көккөл құпиясы осы. Жергілікті әуесқой өлкетанушының, оның энтуазист жас достарының және ғалымдардың қазірше анықтаған жайлары жоғарыдағыдай пайымдауларға әкеліп отыр. Мүмкін бұдан басқа да жұмбағы бар шығар... Оны зерттеу алдағы күндердің еншісі.


Лох-Несс «ғажайыбы» - WikiMedia Foundation

Редакциядан: Осы әңгіме жарық көргеннен оншақты жылдан кейін Лох-Несс көліндегі Нессидің атақты фотосы біржола әшкере болды. Фотоның жалғандығы және оны жасауға қатысушылардың куәліктері «XX ғасырдың ұлы мистификациялары» жинағына еніп, рас-өтірігі туралы мәселе толық жабылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға