Жаңалықтар

Жезқазғанда 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге ешкім қоныстанбаған

Жезқазғанда 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге ешкім қоныстанбаған
Фото: El.kz 05.06.2024 11:51 478

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, әкімдіктерге өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда қаражаттың орталық деңгейде жоғары игерілуі өңірлерде төмен нәтиже көрсетіп отыр.

Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар шамамен 5 трлн теңгені құрап отыр. Олар соңғы 3 жылда екі еседен артық өскен. Орындалуы 98%-дан жоғары болып отырған нысаналы трансферттер де шамамен тағы 2 трлн теңгені құрады. Ал іс жүзінде қалай? Іс жүзінде бюджеттік тәртіп төмен деңгейде.Тек төрт өңірде, яғни Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді, - деді ведомство басшысы.

Айтуынша, уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттаған. Жоғарыда аталған 4 өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған. Сондай-ақ өңірлерде өте маңызды және қажетті объектілерді салу мақсатына сайдың (жердің – ред) пайдаланылмағаны анықталған.

Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, атап айтқанда, жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы пайдаланылмай тұр. Жезқазған қаласында 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған, - деді Смайылов.

Осы мәселелерге байланысты Әлихан Смайылов бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тәртіп орнату керектігін айтты. Сонымен қатар жобалардың орындалу мерзімін ұзартуды және олардың қымбаттауы тәжірибесін шектеу қажет екенін жеткізді.
Сөзінше, жоспарлаудан бастап оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімдерді қысқартқан жөн. Бюджеттік әкімшілерге міндетті түрде типтік жобаларды қолдану жүктелуі тиіс.

Мұндай жобалар бойынша жоспарлаудың, қажетті сараптамалар мен рұқсаттар алудың жеделдетілген рәсімі болуы тиіс. Осы жобалардың құнын мониторингілеу үшін олардың ықтимал қымбаттауын IT-шешімдерді қолдану арқылы қадағалауға болады. Бұл болашақта жобаның қымбаттауына байланысты рәсімдерден өту қажеттілігін алып тастамаса да, кем дегенде оларды қысқартуы мүмкін. Өнім жеткізушілерді айқындау барысында адами фактор барынша болмауы тиіс. Бұған тек цифрлық шешімдерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады, - деді жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға