Жаңалықтар

Жетісулық отбасы бес ғасырлық мұраны сақтап келеді

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы ескі мен жаңаның жібі үзілмеу керектігінің айғағы
Жетісулық отбасы бес ғасырлық мұраны сақтап келеді
Фото: Жеке мұрағат 18.10.2022 17:30 3426

2014 жылдан бері ұлттық құндылық пен отбасы мерейін насихаттап келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауын қатысушылар қатары биыл да толығып жатыр. Өңірлерде өткізілген байқау нәтижелері бойынша Жетісу облысында топ жарған  Андас отбасы болды, деп хабарлайды El.kz.

Бұл әулет бес ғасырдан бергі ата-бабаларымыздың қолданған жәдігерлерін сақтап, бүгінгі күнге жеткізген. Халық шығармашылығы мен қазақ ауыз әдебиетін зерттеуге ден қойған отбасының анасы Ауесхан Мажайқызы 72 жаста. Айтуынша қазір жастарға дәріптеп отырған қолда бар дүниенің барлығын Алтайдың ар жағынан Қытайдан көшкенде атамекенге алып өткен екен. Андас Омарқын ата 2015 жылы дүниеден озса да ұрпақ есінде мәңгіге қалатындай қызмет жасап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген. Тарихта есімі қалар жан өз заманында суырып салма айтыскер, жазба ақын және тарихшы болған.

«Біз сақтаған жәдігерлердің ішіндегі ең көнесі Солтангелді бидің ертоқымы және құсбегі болған Ұлтарақ бабаның аңшылық құралы. Одан кейінгісі емшіден қалған ағаш ыдыстар. Бұның барлығы бабаларымыздың көзі. Рухани жаңғырудың негізі осы көне жәдігерлерде. Көбісін мұражайға өткіздік. Қолда бар дүниенің қалғанын атамыз жасаған. Ол кісінің бойында өрімшілік, аңшылық, ұсталық қасиеттердің барлығы болатын. 3000-ға жуық жәдігер болған еді. Әрбір заттың өз тарихы бар, оны жас ұрпақ есте сақтап, пір тұта өзінен кейінгілерге үйретіп жеткізулері қажет», - дейді Ауесхан ана.

Аталмыш әулет тек жәдігерлерді сақтап қана қоймаған. Жеңімпаз деп танылған отбасы мүшелері бүгінгі күнге дейін қазақ руханиятын жоғарылататын 44 кітап жарыққа шығарған. Сонымен қатар, үш атадан бергі қолжазбаларды да ұқыптылықпен бүгінгі күнге жеткізген.

«Мың дана қолжазба құжаттарын сақтауға өткіздік. Жәдігерлердің бір бөлігі ҚХР Күнес аудандық мұражайында сақтаулы. Ал 100-ге жуығы «Атамекен» мәдени орталығының қорына тапсырған болатынбыз. Қолжазбалар латын, төтеше жазумен жазылған. Барлығы 5 мың беттен артық жазба болуы керек. Ішіндегі құнды дегендерін архивке өткізу арқылы біз Қазақстанның тарих қойнауын көбейтуге үлес қосудамыз. Қазіргі және келер ұрпақ бағалап, қастерлесе екен», - деумен елдің болашағына деген үлкен сенімін білдірді.

Андас отбасы үлкен бір әулет ретінде қалыптасқан. Төрт келін түсіріп, үш қыз ұзатқан отбасы мүшелерінің ішінде бес баласы мен үш келіні ғылым магистрлері. Балаларының әрқайсы дерлік әрбір саланың майталмандары. Бүгінде өз мамандықтары бойынша қызмет атқарып, қазақ ұлтының өркениетін өрлетуде үлес қосуда. Тұлға есебінде қалыптасқан олар тәрбие мен тарих пен ғылымды тануға үлкен үлес қосқан ата-анаға алғыстарын білдіретіндерін жеткізді.

Оған қоса, балалары ағылшын, қытай, жапон, орыс және ұйғыр, өзбек, қырғыз сияқты түркітілдес ұлттар тілін жетік меңгерген көтпеген еңбектер шығарған. Бірнеше елде, әр тілде шығарылатын халықаралық, республикалық басылымдарда 113 ғылыми туындылары жарық көрген. Балаларының ішінде ел алдында жүрген ұлдың үлкені Қажет Андас журналистика саласында ерең еңбектер атқарып, отбасындағы құндылықтардың архивте орын алып халықтың тануына мұрындық болып отыр.

 «Әкеміз жазушы, тарихшы болды. Өзі Қытайда жүріп 17 еңбек жазған. Сол еңбектерімен қатар артынан көптеген қолжазбалары да қалды. Қазіргі күні біздің қолдаға жазбалардың ең көнесі 1930 жылдан басталады. Биыл әкеміздің «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томдық кітабын жарыққа шығардық. Әлі де қолдағы көптеген мұраларымызды зерттеу үстіндеміз. Оларда бірнеше кітап қылып шығаруға болады. Сондай-ақ, көрсетіліп жатқан қолдаулар арқылы Талдықорған қаласында мемлекеттік архивте «Андас әулетінің отбасылық ғылыми қоры» ашылды. Онда 60-қа жуық іс пен 3 мыңға жуық құнды  құжаттарды сақтауға тапсырдық», - деді ол.

Бүгінгі таңда жарыққа шыққан туындылардың 10-ға жуығы еліміздің электронды кітаптар тізіміне енген. Бұл еңбектер елдің тарихына толассыз үлес қосылуының дәлілі. Қадірлі әулет «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары атанулары әділ. Андас отбасының жетістіктері мен ел өркениетіне қосқан үлесі туралы республикалық және облыстық газет-журналдарда мақалалар үзбей жазылып, телеарналарда сюжеттер түсірілуде. “Жетісу” телеарнасының “Ұлт құндылығы” бағдарламасы мен Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының “Еліме қызмет етемін” атты жоба аясында Ауесхан Мажайқызы мен Қажет Андас туралы бірнеше хабар түсіріліп, көрсетілді. Еңбектері де үнемі еленіп келеді. Отағасы Андас Омарақын 2010 жылы ҚХР мемлекет дәрежелі сыйлығын алса, Андас отбасы 2009 жылы Қытайда «Ұрпақ тәрбиесіндегі мемлекеттік үлгілі отбасы» деген марапатқа ие болды. Бүгінде отбасы мүшелер облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі марапаттардың жеңіс тұғырынан түспей келеді. Осындай отбасы өнегесін әулеттің немере-жиендері жалғастыруда.

Бүгінге дейін жеткен көзді әрі қарай сақтау да үлкен тәжірибелікті қажет етеді. Бұл тұрғыда отбасының кіші келіні атадан мирас болып қалған мұраны апамыздан үйреніп, ары қарай жалғауды өз міндеті деп санайды.

«Осыған дейін отбасымыз дәріптеп келе жатқан құнды жәдігерлдерді әрі қарай сақтап қалуға тырысамыз. Анамыздың айтуы, үйретуі бойынша әрбірін майлап қақтау әдістерін толық түсіну қажет. Әдет-ғұрыппен сақтауға ниетіміз бар», дейді келіні.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға