Жаңалықтар

Жетісулық еріктілерге құрмет көрсетілді

Жетісулық еріктілерге құрмет көрсетілді
Фото: Жетісу облысының әкімдігі 31.12.2023 01:22 933

Жетісу облысында 4900-ге жуық ерікті қоғам өміріне белсене қатысып, көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келесі жылдан бастап волонтерлардың облыстық слеті тұрақты өткізіліп, «Жылдың үздік еріктісі» арнайы номинациясының жеңімпазына арнайы алғыс статуэткасы табысталмақ. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл ұсынысқа бүгін өңірдегі еріктілер ұйымдарының басшыларымен өткен кездесу барысында қолдау білдірді. Өңір басшысы еріктілерге облыс тұрғындарына көрсеткен қапысыз қызметі мен қолдауы үшін алғысын білдіріп, Жетісудағы еріктілер қозғалысын одан әрі дамытуға қатысты идеялары мен ұсыныстарын тыңдады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге облыс әкімі де оларға деген құрметін білдірді. 

Ең алдымен, қоғамдық маңызы бар іс-шараларға қатысып, қайырымдылық жобаларын іске асырып, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасап жүрген баршаңызға алғыс айтамын. Бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Осындай еркін форматтағы дөңгелек үстелде жиі кездесіп, бірлескен жобаларды, түрлі өзекті мәселелерді талқылап отырғанымыз дұрыс. Мен пікір алмасуға және сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынмын, - деді Бейбіт Исабаев.

«Мейірім» облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Әсел Барибаева өздерінің атқарыған жұмыстары туралы баяндады.

Біздің ұйым 3 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде біз 20 жобаны іске асырдық, 2 мыңнан астам адамды қамтитын 90 іс-шара өткіздік, оның 1837-сі ерекше балалар, жетім балалар, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға арналды. Балалармен жұмысымызда біз арт-терапияны қолданамыз. Сондай-ақ, біз ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсетеміз. Біз аптасына 7 күн 24 сағат жұмыс істейтін байланыс орталығын аштық, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеміз. Бізге 50-60-қа жуық ерікті көмектесуде, - деп ой бөлісті.

Өз кезегінде Ақсу ауданы Қапал ауылындағы «Жас қыран» еріктілер ұйымының өкілі Әсел Әшімова волонтерлік қызметтері індет кезінде «BIZ BIRGEMIZ!» жалпыреспубликалық акциясының аясында қарт адамдарға көмектесуден басталып, 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандарын айтты. «Әр ауданда, қалада еріктілердің өз кабинеттері, кеңселері болса жақсы болар еді. Бұл біздің жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетер еді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше іске асырылып жатқан жобаларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту да біз үшін маңызды, бұл көмекке мұқтаж адамдарды көбірек қамтуға көмектеседі», - деді Ә. Әшімова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға