Жетісуда 100 отбасына қайырымдылық жасалды

Жетісу облысында Алғыс айту күніне орай «Алғыс керуені» басталды. Шара аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшесінің бірі «Жомарт жан» орталығы мен өңірдің іскер әйелдер кеңесі 100 отбасыға қайырымдылық көмек жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде Алғыс айту күніне орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.
Алдымен қалыптасқан дәстүр бойынша жұртшылық Қаратал ауданының Бастөбе ауылында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Өңір басшысының атынан жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.
Сол сияқты монумент алдындағы жиында облыстық корей этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Виктор Пак сөз алды:
Сонау 30 жылдардағы қасіретті жылдардың жаңғырығы жылдар өте алыстағанымен, әлі жадымызда. Қазақстанға 130 мыңнан астам корей өкілдері қоныс аударды. Азап тартып, аштық көріп, Отанынан жырақтаған біздің ата-бабаларымызды қазақ халқы өздері де қиыншылық көріп отырғанына қарамастан құшағын ашып, қолында барымен бөлісті, баспана салуға, тұрмысын түзеуге көмектесті. Депортацияланған халық соның арқасында бөтендік көрген жоқ, қазақ жерін өз Отанындай қабылдады. Сондықтан 1 наурыз Алғыс айту күнінде барша қазақ халқына алғыс айтамын.
Бұл мерекеде ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов Ассамблеяның 20 ардагерін ІІ дүниежүзілік соғысының 3 ардагерін құттықтап, облыс басшылығының атынан ізгі тілегін білдірді.
Осы күні Ассамблея мүшелері «Біздің балаларымыз» акциясының аясында жас аналарды құттықтау үшін облыстық перинаталдық орталыққа арнайы барып, осы күні өмірге келген нәрестелерге қажетті жиынтықтарды сыйға тартты. Құрметке ие болған әйел-аналардың бірі Әсем Малдыбекова жеті ұлдан кейін бүгін сегізінші перзенті – қыз баланы өмірге әкелді.
Үлкен ұлымыз 11 сыныпта оқиды, ал кішіміз 1 жаста. Енді, міне, отбасымыз кішкентай нәрестемен толығып жатыр. Күйеуім жүк көлігінің жүргізушісі. Қызымыздың есімін қалай қоямыз деп ақылдасып жатырмыз. Ілтипат деген ат қойсақ па деген ойымыз бар. Бізге бүгін сый-құрмет көрсетіп жатқан барша азаматтарға алғыс айтамын, - дейді Ә. Малдыбекова.
Сондай-ақ бүгін облыс көлемінде барлық аудан-қалаларда аз қамтылған 100 отбасына қайырымдылық іс-шаралары көрсетілді.
Еске салсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты 70-тен астам кешенді іс-шаралар өткізу жоспарланып, сол қатарда бүгін Талдықорғандағы Достық үйінде ескерткіш тақта орнатылды.
