Жетісу облысында зират маңынан қару-жарақ табылды
Жетісу облысына қарасты Көксу ауданынан қару-жарақ қоймасы табылды, деп хабарлайды El.kz Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жергілікті зират маңынан екі мылтықты карабин және 300-ден астам түрлі калибрлі патрондар, оқтан қорғайтын арнайы қорғаныс құралдары табылған.
Арнайы деректер базасын тексеру кезінде табылған карабиндер мен оқ-дәрілердің Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласындағы мылтық дүкендерінің бірінде ұрланғаны анықталды. Дерек бойынша ҚК-тің 287-бабы 3-бөлігіне (Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Тәркіленген қару-жарақ сараптамаға жіберіледі.