Жетісу облысында тағы 17 мың тұрғын газға қол жеткізді
Көктемгі мереке қарсаңында Жетісу өңірінің тағы 17 мыңнан астам тұрғыны газға қол жеткізді. Атап айтқанда, Ескелді ауданындағы Бақтыбай және М.Байысов ауылдарының тұрғындары, сондай-ақ Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласы халқының 40 пайызға жуығы газға қосылуға мүмкіндік алды, - деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ескелді ауданында 5 елді мекен газдандырылған.
Бұл – Қарабұлақ, Өрқусақ, Екпінді, Сырымбет, Алдабергенов ауылдары. Жуырда оған қоса тағы екі ауылдың тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, екі ауылды газдандыру жобаларын жүзеге асыруға бюджеттен 1,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 110,5 шақырым газ құбыры тартылған. Сол сияқты ауданның 10 ауылына да газ құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін біртіндеп Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жаңалық, Шымыр, Жетісу, Жастар, Абай, Ешкіөлмес, Өтенай ауылдарының тұрғындары газға қол жеткізеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ Ақтасты, Қайнарлы, Жалғызағаш елді мекендерін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін облыстағы газдандыруға жататын 21 ауылдың 40 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді.
Осы уақытқа дейін отын базасына барып, көмір сатып алып, көлік жалдап үйге әкеліп, он түсіріп әуреленетінбіз. Үйді бір қалыпты температурада ұстап тұру үшін күніне екі рет от жағуға тура келетін. Қазір газ қосқалы күн суық болғанмен үйіміз жып-жылы. Бұрынғыдай үйіміз күйе боп кірлемейді, көмір тасып, күл шығарудың азабынан да құтылдық, - деді Светлана Сейдахметова.
Халық көптен күткен көгілдір отын Қаратал ауданының Үштөбе қаласына да келіп жетті. Бірінші іске қосу кешені пайдалануға беріліп, жаңа блокты-модульді газ қазандығы салынды. Бұл қала тұрғындарының 40 пайызын газбен қамтуға мүмкіндік беріп, жылу беру сапасын айтарлықтай арттырады деп күтілуде.
Үштөбе қаласында осы жылдың 6 наурызында құны 478 млн теңге болатын қуаттылығы 12 Гкал/сағ. табиғи газбен жұмыс істейтін блокты-модульдік қазандық іске қосылды. Қуаты 3 Гкал/сағ. болатын 4 қазандық орнатылды. Жаңа БМК-ны іске қосу арқылы жұмыс істеп тұрған қазандықтың жұмысын жеңілдетіп, тұтастай алғанда қаланы жылумен сапалы қамтуға қол жеткізіледі, - деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақов.
Еске салсақ, Үштөбеде құны 7 млрд. теңгелік газ тарату желілерінің құрылысы 2022 жылдан бері жүргізілуде, жоба 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарлаған. Жобада ұзындығы 148 шақырым болатын газ тарату желілерінің құрылысы қарастырылып, бұл жұмыстар 90,5 % орындалды. Жалпы, Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. Бүгінде 2300-ден астам тұрғыны бар Оян және Кәлпе ауылдарының тұрғындарына көгілдір отын жеткізілді. Жыл соңына дейін облыстағы Жаңаталап, Ескелді би, Көкдала, Қызылжар, Достық, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе, Көкпекті, Сарыбұлақ сияқты 10 ауылды кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр.