Жетісу облысында қар құрсауынан 41 адам құтқарылды

ТЖМ құтқарушылары Жетісу облысында қар құрсауынан 41 адамды аман құтқарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Үшарал-Достық автожолының Ырғайты учаскесінде ауа райының нашарлауы мен қалың қардың салдарынан 30 жүк және 1 жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойған.
Құтқарушылар Вахтовка және жолталғамайтың Трэкол автокөлігімен Көктума ауылына 41 адамды жеткізді. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Құтқарылғандардың арасында Беларусь Республикасының, ҚХР-ның, Әзірбайжан Республикасының және РФ-ның 28 шетел азаматтары бар.
Бұл ретте ТЖМ қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертіп, дауылды ескертулерге назар аударуды және ауа-райы нашарлаған жағдайда үйде болуды қаперге салады.
