Жаңалықтар

Жетісу облысында қанша туристік нысан бар

Жетісу облысында қанша туристік нысан бар
Фото: Жетісу облысының әкімдігі 04.03.2025 22:12 107

Жетісу жеріндегі туризм Алакөл, Балқаш көлдерінің, "Алтынемел", "Жоңғар Алатауы" ұлттық парктерінің, Бұрқанбұлақ сарқырамасының, Жоңғар Алатауы тау сілемдерінің әлеуетіне басымдық береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жетісу жеріндегі туризмді дамыту су, экология және тау туризмдеріне арқа сүйейді, яғни 5 дестинацияға негізделген. Атап айтқанда, олар – Алакөл, Балқаш көлдері, «Жоңғар Алатауы» мен «Алтынемел» Ұлттық парктері және тау туризмі. Инфрақұрылымды дамыту бағытында қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы өңірдің туристік нысандарына 2 миллионнан астам адам келді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға артық. Ал өңірдің туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі шамамен 12 млрд. теңгеге жетті. 

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірде туризмді дамыту мақсатында туристік объектілерге апаратын жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Мәселен, бірінші кезекте Алакөл көліне көлікпен жетуге қолайлы жағдай жасалған.  Атап айтқанда, «Талдықорған – Үшарал» (313,5 км) және «Үшарал – Достық» (184 км) автомобиль жолдары, сондай-ақ әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңартылды. Осы орайда пойыздар саны 12-ге дейін ұлғайтылды. Осылайша көлге Астана, Алматы, Өскемен, Семей және Қызылорда қалаларының пойыздары, сондай-ақ «Астана – Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы қатынайды. 2025-2027 жылдары жоғары вольтты электр беру желілерін, кәріз тазарту құрылыстарын салу және жағалауды нығайту арқылы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Сонымен қатар электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі де шешілуде.

«Уақытша шара ретінде өткен жылы қуатты трансформаторлар орнатылды. Проблеманы түпкілікті шешу үшін Бескөл-Ақши электр беру желілерінің құрылысы басталды, биыл аяқталады деп жоспарланып отыр, электр қуаты Бескөл ауылына ғана емес, Ақши жағалау аймағына да үздіксіз жеткізілетін болады. Келесі кезеңде энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін электр беру желісі Көктұмаға дейін созылады. Сонымен қатар биылғы жылы Алакөл көлінің жағалауын нығайту жұмыстарына республикалық бюджетке қаржы бөлінді», - делінген басқарманың хабарламасында.

Осы орайда Алакөл курорттық аймағындағы туризм нысандары санының 1,5 есеге жуық өскенін де атап өткен жөн.

Шағын авиация мен су көлігінің қызметін реттеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алакөл мен Балқаш көлдерінде су көлігін тұраққа қою мен пайдаланудың, сондай-ақ ұшу аппараттарын қолданудың қағидаларын белгілейтін нормативтік акт әзірленді.

Өңірде туризмді дамытуда Балқаш көлінің маңызы зор. Көлге апаратын жолды жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, мамыр айында, яғни шомылу маусымы басталғанға дейін аяқталады. Сонымен қатар өткен жылдан бастап Лепсі станциясынан Балқашқа дейін электр беру және сумен жабдықтау желілері тартылуда, биыл аяқтау жоспарланған. Ал мұнан кейін көл жағасында 16 шақырымдық рекреациялық аймақты жайғастыру жұмыстары басталады деп межеленіп отыр.

«Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктерінің және Жоңғар Алатауы тау алабының әлеуетін ескере отырып, өңірде экологиялық туризм белсенді дамытылуда.

- Мәселен, 2023 жылы «Алтынемел» ұлттық паркінде жеке инвестиция есебінен визит-орталық салынды, ал өткен жылы жергілікті бюджет есебінен Сарқан ауданының Тополевка ауылында заманауи визит-орталық ашылды. Бұдан бөлек, Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі 30,8 км жолдың құрылысын және Текелі қаласында заманауи тау  шаңғысы кешенін салуды бастау жоспарланып отыр. Облыста «Қорғас» ХШЫО-ның әлеуетіне сай трансшекаралық сауда туризмін дамытуға ерекше мән беріледі. Сонымен бірге «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағында халықаралық жолаушы және жүк әуежайын салу жөнінде бірлескен Қазақстан-Германия жобасын іске асыру жоспарланған, бұл алыс шетелден аймаққа келетін туристер легін арттыруға мүмкіндік береді, - деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақов.

Жыл сайын өңірде «Сиверс алма ағашының гүлденуі», «Alakol fest» фестивальдары, «Алтынемел-құландар мекені» экофестивалі сияқты имидждік шаралар тұрақты өткізіледі. Ал Алакөл ауданы Лепсі ауылы ұлттық байқау қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік туристік ауылы болып танылды.

Жалпы Жетісу облысының аумағында 442 туристік нысан орналасқан. Өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірде ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 6,6 млрд. теңгеге жетті.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға