Жетісу облысында электр энергиясы қалай өндіріледі?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты екенін айтты. Осыған орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық департаменті басшысының орынбасары Берік Мырзекеновпен аз-кем дидарласқан едік.
El.kz: Берік Сәбитұлы, электр желісіне қалай қол жеткізуге болады? Жалпы Жетісу облысында атқарылып жатқан шараларға тоқталсаңыз?
Берік Мырзекенов: Біздің департамент Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588 «Электр энергетикасы туралы» Заңының 6-бабының 2- тармағына сәйкес бірқатар мкңызды жұмыстарды атқарады. Айталық, ҚР электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талабын сақтау, электр стансысы, желісі, тұтынушылардың электр қондырғысын, энергетикалық жабдықтарды пайдалану және техникалық жай-күйін қадағалайды. Электр энергиясын өндіру, беру, жабдықтаудың және тұтынудың сенімділігі мен қауіпсіздігіне назар аударады. Сондай-ақ, ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 55 бұйрығымен бекітілген энергия өндіруші және беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидасына сәйкес, энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын береді. Өткен жылы осындай паспорт 8 ұйымға берілді. Әзірлік паспортын алуға құжаттарды қабылдау www.egov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жыл сайын 15 тамыздан 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Аталған мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Қызмет алушылар дайындық паспортын elicense.kz веб-сайтынан өз бетінше жүктей алады. Департаментпен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің ресми сайтында және www.elicense.kz «Электронды лицензиялау» веб-порталында орналастырылған. Сондай-ақ, департаменттің Faceboоk, Instagram әлеуметтік желісінде жеке парақшасы бар, ол жерде департамент қызметі жөнінде тұрақты түрде ақпараттар жариялайды. Өңір тұрғындары электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілері талабының бұзылуына байланысты арыз-шағымдарын немесе оңтайландыруға ұсыныстарын Талдықорған қаласы, «Қаратал» шағынауданы, 60-үй, №103 кеңсеге келіп айтуына да болады. Байланыс телефоны: 8 (7282) 41-70-80 және де апта сайын сәрсенбі күні сағат 16.00-дан 18.00-ге дейін департамент басшылығы азаматтарды жеке қабылдайды. Энергия өндіруші, беруші, жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы көтерме және бөлшек сауда нарығында туындайтын қарым-қатынастар ҚР Азаматтық кодексі және электр энергетикасы саласындағы заңнамасымен және электр энергиясын пайдалану қағидаларымен реттеледі.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі электр энергиясын пайдалану қағидалырына сәйкес, тұтынушылармен электрмен жабдықтау шартын жасау үшін тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға 7 түрлі құжатты ұсынуы қажет. Сонымен қатар, жаңадан іске қосылатын немесе қайта жаңартылатын электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды. Энергия беруші немесе өндіруші ұйым тұтынушыдан еркін нысандағы өтінішті алғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде жасалған және қол қойылған тұтынушыны электр желісіне қосу схемасымен электр желісінің теңгерімдік тиесілігін және тараптардың пайдалану жауапкершілігін ажырату актісі және жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғысын қосуға техникалық шарт береді.
El.kz: Егер энергия беруші ұйым тексеру барысында өтініш берушінің техникалық шарттар талаптарын орындамағанын анықтаса, не болады?
Берік Мырзекенов: Мұндай жағдайда энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым сыртқы қосылысты қараған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде анықталған кемшіліктер туралы акт береді. Актіде көрсетілген кемшілікті жойғаннан кейін құрылыс-монтаж ұйымы (мердігер) немесе тұтынушы энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға техникалық шарттардың орындалуы және электр қондырғысына кернеу беруге дайындығы туралы қайта (еркін нысанда) хабарлама жібереді. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым қайта өтініш алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде сыртқы қосылуды қарауды жүргізеді және осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес тұтынушының электр қондырғысын қосуды жүргізеді және қайта тексерілгеннен кейін ескертулер жойылмаған жағдайда, келесі тексеру 1 (бір) ай өткеннен кейін жүргізілетінін жазбаша түрде хабарлайды. Сыртқы қосылуды қайта қарау кезінде бастапқы тексеру кезінде көрсетілмеген ескертулерді беруге жол берілмейді. Кемшіліктер жойылмаған жағдайда энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым сыртқы қосылуды қарап тексеруді жүргізбейді және техникалық шарттардың орындалуы және соңғы тексеру күнінен бастап 1 (бір) ай ішінде электр қондырғыларына кернеу беруге дайындығы туралы хабарламаны (еркін нысанда) қабылдамайды.
Тұтынушыны энергия беруші ұйымның электр желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғысына жалғауға берілетін техникалық шарттарда техникалық шарттар берілген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы, электрмен жабдықтау объектісінің атауы, объектінің орналасқан жері (қала, ауыл, көше), электр тұтынуының рұқсат етілген қуаты, электр энергиясын тұтыну сипаты (үнемі, уақытша, маусымды), электрмен жабдықтаудың сенімділік дәрежесі, қуаттың рұқсат етілген коэффициенті, қосылу нүктелері (шағын стансы, электр стансысы немесе электр тарату желісі), қосылатын электр тарату және шағын стансылар жабдығына қойылатын негізгі техникалық талаптар көрсетіледі. Сонымен қатар, жаңа тұтынушының пайда болуына байланысты қолданыстағы электр желісін күшейту бойынша дәлелді талаптар – сымдардың қималарын ұлғайту, трансформатордың қуатын ауыстыру немесе көбейту, тарататын құрылғылардың қосымша ұяшықтарын салу, техникалық шарттарды беру себебі, техникалық шарттардың қолданылу мерзімінде қарастырылады. Ал техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.
El.kz: Егер тұтынушы белгіленген техникалық шарттармен келіспесе не істеу керек?
Берік Мырзекенов: Онда энергетикалық сараптама жүргізу үшін сараптама ұйымына жүгінеді. Сараптама ұйымы тұтынушының өтініші бойынша энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым барлық сұратылған мәліметті ұсынады. Тұтынушы энергетикалық сараптаманың техникалық шарттарда көрсетілген талабының дәйексіздігі туралы қорытындысы негізінде техникалық шарттар алу үшін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға еркін нысанда өтінішті қайта береді. Техникалық шарттарда көрсетілген талаптарды өзгертуден қайта бас тартқан жағдайда, тұтынушы Қазақстан Республикасының белгіленген азаматтық заңнамасымен электр беруші (электр өндіруші) ұйымның әрекетіне шағым береді.
El.kz: Энергия беруші ұйым тұтынушыны қандай мерзімде электр қуатына қосады және бұл қалай жүзеге асады?
Берік Мырзекенов: Құрылыс-монтаж ұйымы (заңды тұлғалар үшін) немесе тұтынушы (жеке тұлғалар үшін) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға, техникалық шарттардың орындалуы және электр қондырғысына кернеу беруге дайындығы туралы хабарламаны (еркін нысанда) және электрмен жабдықтаудың шартын қоса отырып өтінішті жібереді. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде сыртқы қосылуды және орындалған жұмыстың берілген техникалық шарттарға сәйкестігін тексереді. Хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тұтынушылардың электр қондырғысына кернеу беруді, электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін пломбалауды жүргізеді. Сондай-ақ, электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін пломбалау актісін береді. Акті берілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде тұтынушы таңдаған энергиямен жабдықтаушы ұйымға құжаттарды жібереді.
El.kz: Объектінің меншік иесі ауысқан кезде жаңа техникалық шарттарды алу қажет пе?
Берік Мырзекенов: Иесі өзгергенде, меншік иесі ауысқан жағдайда, бұрын берілген техникалық шарттар қайта ресімделмейді. Тек электрмен жабдықтау шартын жасасу тәртібі өзгертіледі. Ал объектінің иесі ауысқан кезде жаңа меншік иесі меншік құқығы тіркелген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде энергия беруші ұйымға, электрмен жабдықтау шартын қарастыру туралы өтініш жібереді. Энергия беруші ұйым 2 (екі) жұмыс күні ішінде жаңа меншік иесіне тараптардың теңгерімдік тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін шектеу актісін береді және жаңа меншік иесі таңдаған энергиямен жабдықтаушы ұйымға электрмен жабдықтау шартын жасасу үшін көрсетілген құжаттарды жібереді. Бұрынғы меншік иесі тұтынған электр энергиясы үшін есептеу аспабының көрсеткіштері бойынша электрмен жабдықтау объектісінің иесі өзгерген күні түпкілікті есеп айырысуды жүргізеді.
El.kz: Электр желісіне қосуға арналған техникалық шарттарды беруге қойылатын талапты бұзғаны үшін заңнамада қандай шара көзделген?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 301-1 бабына сәйкес электр және жылу желісіне қосуға арналған техникалық шарттарды беру тәртібі мен мерзіміне қойылатын талаптарды бұзғаны үшін шағын кәсіпкерлік субъектісіне 25, орта кәсіпкерлік субъектісіне 50, ірі кәсіпкерлік субъектісіне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
- Сұхбатыңызға рахмет.