Жаңалықтар

Жетісу облысында егін орағы қалай жүріп жатыр?

Жетісу облысында егін орағы қалай жүріп жатыр?
Фото: © Pixabay.com 10.08.2023 18:00 1239

Жайлы жаздың егіні дер шағында пісіп жетілді. Қаратал ауданында да егін орағы қызу басталып кетті. Шілденің шіліңгір ыстығымен арпалысқан шаруалар жиын-терімге жаппай кірісуде. Арпа-бидай орып, жазғы егін жұмыстарын қауырт жүргізіп отырғандардың бірі – «Ақан Смаилов» шаруа қожалығы, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі-.

Қожалық жетекшісі Ақан Жексенбіұлы биыл 140 гектар суармалы жерге егін еккен.

 Биыл 30 гектар жерге күздік бидай егіп, қамбамызды астыққа толтырып алдық. Өнім жақсы түсті. Гектарына 42 центнерден айналды. Жоңышқамызды да шауып алып жатырмыз. Сонымен қатар, 45 гектарға жүгері, 45 гектарға соя, 10 гектар жерге қызылша септік. Барлығының шығымы жақсы. Тек баға тұрақты болмай тұр. Мәселен, бидайды орып алдым. Сатайын десем бағасы тым арзандап кетті. Былтыр ең арзаны 120 теңге болатын, биыл 75 теңге деп тұр. Арзанға берейін десем ала жаздай істелген еңбек ақталмайын деп тұр, – дейді Ақан Смайылов.

Бүгінде шаруасы шалқыған қожалықта тұрақты 18 адам жұмыс істейді. Жақсы өнім алу үшін техниканың жүріп тұруы маңызды. Мұнда 2 комбайн, 2 бульдозер, «МТЗ-80, 82, 892.2» техникасынан 6 дана бар екен. Еңбекқор жандар күзде қалған егістіктен мол өнім алуды көздеп отыр.   

Айта кетейік, аудан бойынша бидай алқабының 601 гектары толық орылып, әр гектардан 20 центнер өнім алынды. Жалпы 901,5  тонна астық жиналды.  Арпа дақылдары 2574 гектардан 3,7434 тонна алынды. Яғни, әр гектардан 18-20 центнер өнім алынуда.

Мал қыстату науқанына аудан бойынша  жем-шөп дайындау жоспары 148 мың 500 тонна болса, қазіргі таңда дайындалғаны 49,5 мың. тонна. Жем-шөп дайындау бойынша 35 бригада, 63 шөп шабатын, 53 шөп тайлағыш, 40 тиегіш, 100 тасығыш ауыл шаруашылық техникалары жұмыс істеуде.

Сарқан ауданындағы биылғы дәнді дақылдардың көлемі 64 907 гектар аумақты алып жатыр.  Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің тамыз айының басындағы мәліметі бойынша 23 558,8 гектар алқап орылып, орташа өнімділік  гектарына 18,2 центнерден айналды да 42 805,9 тонна өнім жиналды. Кең жазира алқапқа сары жалқын рең беріп тұратын 16 763,0 гектарға себілген күздік бидайдың 12 465,5 гектары жиналғаннан кейінгі орташа өнімділік гектарына 18,0 центнерді құрады. Күздік бидайдың жалпы түсімі 22 484,7 тонна. Сонымен қатар 6 208,6 гектар алқаптағы жаздық бидайдың 825 гектары орылды. Сондай-ақ жаздық арпа, сұлының алғашқы өнімдері шаруақор жұрттың қамбасына түсті.

              Аудан бойынша 229 850 тонна шөп дайындау жоспарланса, тамыздың басында дайындалғаны – 128 674 тонна. Тамыз айы мен қыркүйек мүмкіндік берсе межеленген деңгейден шыққанда ғана қыс сынағынан сыр бермей өтуге болады. Қожалықтарда 10 694 гектар алқапқа жоңышқа себілген. Жоңышқаға шалғы түсіп, бірінші түсімнен гектарына 49 центнерден өнім алынды, алынған өнім – 52 368,8 тонна. Екінші рет 1751,3 гектар алқаптың көк балаусасы шабылып, орташа өнімділік гектарына 21 центнерден айналды.

      – Мал азығының басқа түрлері бойынша өнім жинауға күн-түн демей қам жасалуда, – дейді аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Әбдірайымова. – Атап айтқанда 7551 тонна пішіндеме, 18 247 тонна сабан, 11 751 тонна жем дайындалды. 25 074 гектар алқаптағы табиғи шөптің 19 610 гектары шабылып,  әр гектардан 17,9 центнер өнім алынды.

       Жемшөп дайындау жұмыстары жалғасып, жаздың әр күнін тиімді пайдалануға тырысқан шаруалар қауымы шөп шабу науқанын қыздыра түсуде.

Мал азығын дайындау ісі Алакөл ауданында басталғалы біраз болды. Қазір Алакөл алқабы мен Үйгентас аумағындағы шабындыққа шалғы түсті. Шаруа қожалықтары дәнді дақылдарды жинау басталғанша жемшөп қорын дайындап алу қамын жасауда.

 Бүгінде ауданда 200-ге жуық шөп шабу бригадасы науқандық жұмыспен айналысуда. Дала төсінде шөп шабатын машина, тырма, тайлағыш-жинағыштардың үні естіледі. Ал дайындалған шөп орамдарын таситын ондаған көлік пен трактор тынымсыз жұмыс атқаруда.

Жыл сайын мал басының өсіп келе жатқанын ескерсек, жемшөп қорын да жылдағыдан мол жинауға тура келеді. Алдын ала болжам бойынша аудан шаруалары 314000 тонна ірі сабақты және шырынды және оның ішінде 183300 тонна шөп дайындағанда қыстан қысылмай шығады деп болжануда.

 Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Құмар Жұбаевтің айтуынша, өткен жылдағыдай шілде айының басында жоспардың 95 пайызы орындалды. Әсіресе «Жазылбеков және К.» серіктестігі, «Алакөл-Агро» ЖШС және «Беков» шаруа қожалықтарының жемшөп дайындаушылары жақсы нәтиже көрсетуде.  «Тоқжайлау» ӘКК ұжымы да жақын арада науқандық жұмысын аяқтайды.

 Қазір дайындалған мал азығының негізгі бөлігі, әрине, шөп. Ауа райы да мал азығын дайындау жұмысына қолайлы болып тұр. Десе де көңілді кеңге салуға болмайды. Сондықтан шаруалар орайлы уақытты оңтайлы пайдаланып, қысқы мал азығын жинау жұмысын жандандыра түсуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға