Жаңалықтар

Жетісу облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Жетісу облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі 04.01.2025 07:27 501

Жетісу облысында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Кербұлақ, Қаратал, Ескелді, Көксу және Сарқан аудандарында 7 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Олардың қатарында емханалар, спорт кешендері, мәдениет үйлері және медициналық пункттер бар. Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылында 250 адамды бір ауысымда қабылдайтын заманауи емхана пайдалануға берілді. Құрылыс 2022 жылы басталып, жаңа ғимарат компьютерлік томограф, УЗИ, рентген және басқа заманауи жабдықтармен жабдықталған. Емхана базасында балаларға арналған ерте даму орталығы да жұмыс істейді.

Қаратал ауданы, Жаңаталап ауылында мерекеге орай спорт кешені мен 150 орындық мәдениет үйі ашылды. Жаңа спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол секциялары, ал мәдениет үйінде вокал, би, домбыра үйірмелері жұмыс істей бастады.

Ескелді ауданының Жетісу ауылында спорт кешені, Ақешкі ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді. Спорт кешенінде баскетбол, волейбол және күреске арналған залдар, ал медициналық пунктте алғашқы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған.

Көксу ауданы, Кеңарал ауылында жаңа медициналық пункт ашылып, ескі ғимараттың орнына заманауи талаптарға сай нысан іске қосылды.200 орындық мәдениет үйі қайта жаңғыртудан өтіп, жұмысын бастады. Бұл ғимаратта кітапхана, би, қолданбалы өнер, домбыра үйірмелері бар, сондай-ақ 9 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жаңа нысандар өңір тұрғындарына жайлы өмір сүру үшін қажетті жағдай жасап, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға септігін тигізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға