Жетісу облысында бір күнде 19 жас жұмысқа орналасты
Халықаралық жастар күніне орай, «Jetisy jastary» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындар» жәрмеңкесі өтті. Талдықорғандағы Жастар саябағында өткен шараның мақсаты – нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2023 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, ЖОО мен колледж түлектерін және NEET санатындағы жұмыссыз жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Жәрмеңкеде 30 мекеме (20 жұмыс беруші мекеме, 10 кеңес беруші мекеме), 100-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Шара барысында Enbek.kz сайтына тіркеу, мемлекеттік қызметке орналасау жөнінде кеңестер беріп, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында оқыту курстары, шағын және орта кәсіпті ашу туралы тегін кеңестер берілді.
Жыл басынан бері 22 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 187 азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Облысымызда 3000-ға жуық жұмыссыз жастар бар. Жұмыссыз жастарды қызметке орналастыру үшін түрлі шаралар өткіздік. Жыл соңына дейін 50-ге жуық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Аталмыш шара тек ашық алаңда ғана емес, онлайн форматта да өтеді, – дейді «Jetisy jastary» КММ директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатов.
Шара барысында жұмысқа орналасқандар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Мен өзім мұғаліммін. Бүгін жәрмеңкеге жұмыс іздеп келдім. «Бейби дэй» деген орталыққа сөйлестім. Ертең барып резюмемді өткіземін. Жұмысқа орналастым. Осындай игі шара өткізіп отырған ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – деді қала тұрғыны Ақжан Қанатбекова.
Жәрмеңкеде 200-ге жуық жетісулық жас тегін кеңес алып, 19 адам жұмысқа орналасты. Шара жастарға арналған концерттік бағдарламамен үйлесім тапты.