Жаңалықтар

Жетісу облысында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 30 млрд теңге бөлінді

Жетісу облысында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 30 млрд теңге бөлінді
Фото: Жетісу облыстық әкімдігі 08.09.2023 03:30 759

Жетісу облысында биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 29,9 млрд теңге бөлінді, оның 23,3 млрд теңгесі – субсидия.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, жыл соңына қарай өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 544 млрд теңгеден асады.

Биыл облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 1,9 мың гектарға ұлғайтылып, 519,2 мың гектарды құрады, соның ішінде қант қызылшасы 2 мың гектарға (шамамен 8,8 мың гектар), көкөніс (7,5 мың гектар) пен жемшөп дақылдарының (85,9 мың гектар) әрқайсысы 0,3 мың гектарға, дәндік жүгері 12 мың гектарға (56,9 мың гектар) ұлғайтылды. Жалпы, осы жылы 861,5 мың тонна астық, 301,2 мың тонна жүгері, 207,4 мың тонна майлы дақылдар, 246,7 мың тонна картоп, 235,3 мың тонна көкөніс дақылдары, 370 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарланып отыр, - делінген мәліметте.

2023 жылы шамамен 62,7 мың тоннаға жуық қант өндіріледі деп күтілуде. Бұл облыс қажеттілігін толық жауып қана қоймай, өнімді еліміздің өзге өңірлеріне шығаруға да мүмкіндік береді.

Облыста мал шаруашылығының даму қарқыны жақсы, төрт түлік саны, ет, сүт және жұмыртқа өндірісі ұлғайды. Саланы одан әрі дамыту үшін 2027 жылға дейін жалпы сомасы 37,9 млрд теңгелік, 452 жаңа жұмыс орнын құратын 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, соның ішінде «Үлкен жобалар» пилоттық жобасы шеңберінде құны 2 млрд теңге болатын, 25 жаңа жұмыс орны бар 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу жобасы мақұлданып, қолдау тапты, - делінген.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл халқының табысын арттыру үшін шағын несиелендіруге осы жылы республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінуде.

Жалпы, 7 айдың қорытындысы бойынша Жетісу экономикасының барлық негізгі салаларында өсім байқалады, мәселен ауыл шаруашылығындағы өсім 1,4% (137,2 млрд теңге).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға