Жаңалықтар

Жетісу облысында 101 жасқа толған соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді

Жетісу облысында 101 жасқа толған соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді
Фото: Жетісу облысы әкімдігі 15.01.2025 08:43 166

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев соғыс ардагері, ардагер-педагог, талдықорғандық Ысқақ Құсайыновты 101 жасқа толуымен құттықтады. Ақсақал Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өзінің ғасырдан асқан белесін өткеруде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Аймақ басшысы дәстүр бойынша ардагердің иығына шапан жауып, өзінің құттықтау хатын табыс етті.

Облыста қан майданда алғы шепте болған үш майдангер ақсақалымыз бар. Солардың ішінде үлкені Ысқақ ата олардың алды болып 101-ге келіп отыр. Ысқақ ата, келген жасыңыз құтты болсын. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Осы мерейтойда қатардан қалмай, орден-медальдарыңызды тағып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, сапта тұрасыз деп сенеміз, - деді әкім.

Мұнан соң ақсақалға Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хатын Жетісу облысындағы осы ұйымның төрағасы Рахым Қырқабақов тапсырды.

Өз кезегінде ақсақал елімізге бейбітшілік тілеп, батасын берді.

Ескі заман келмеске кетті, жаңа заман туды. Жаңа дәуірде еңбектерің жемісті, істерің сәтті болсын! Денсаулықтарың зор болсын, ұрпақтарымыз өсіп-өніп, арман-мақсаттарына жетсін, - деді соғыс ардагері.

Облыс әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Ысқақ Құсайынов Алакөл ауданының Көлбай ауылында 1924 жылы дүниеге келген. 18 жасында өз еркімен соғысқа аттанып, 1942 жылы Украина майданында атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Ал 1943-1945 жылдары Тынық мұхитындағы Амур әскери-теңіз флотының «Зенит» дивизиясында болып, жауға қарсы шайқаста ауыр жарақаттанған. Ерлік істері үшін оған «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағы берілді. Мұнан соң Совет-Жапон соғысына қатысты. Лепсідегі педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны аяқтаған соң кейінгі 40 жыл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады.  

Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Жуков медалімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен наградталған. Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, мектеп пәндерінің бірқатар әдістемелік оқу құралдарының авторы. Оның қызы мен немересі ардагердің жолын жалғап, білім беру саласында қызмет етуде. Бүгінде ардагердің 9 немересі, 31 шөбересі, 5 шөпшегі бар.

Биыл Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген жалпы саны 3 218 адамға біржолғы әлеуметтік көмек төлеуге 393,8 млн теңге бөлінді. Соның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 3 ардагердің әрқайсысына 2 млн  теңгеден 6 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ жылына бір рет ҰОС ардагерлері санаторий-курорттық тегін еммен қамтылады, оған қоса ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық шығындарға жұмсалатын шығындар өтеледі.

Айта кетейік, бүгінде өңірде Ұлы Отан соғысының көзі тірі үш ардагері тұрады

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға