Жаңалықтар

Жетісу облысында 100 мыңнан астам оқушы лагерьге барады

Жетісу облысында 100 мыңнан астам оқушы лагерьге барады
03.07.2023 13:39 1477

Жаз айларында үлкендер еңбек демалысын алып, туризм ошақтарына барып, табиғат аясында демалатыны сияқты мектеп оқушылары да өздерінің каникулдарын ерекше өткізуді қалайды. Жазғы лагерьге демалу ­­– әр баланың арманы. Бірақ барлық ата-ананың баласының жазғы демалыстағы әр күнін мерекеге айналдыруға мүмкіндігі жете бермейді. Осыны ескерген мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары мен үздік оқушыларды демалыспен қамтуды қолға алған. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі Жетісу облысында бүлдіршіндерге арналған лагерь бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын анықтап көрді.

Балаларды жазға демалысын жақсы өткізу бойынша ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов: «Кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», – деп селекторлық жиында барлық облыс әкімдеріне тапсырма жүктеген еді.

Осыған орай, балдырғандардың жазғы демалысын қызықты әрі әсерлі өткізу үшін Жетісу облысында да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. 2024-2026 жылдары 4 балалар сауықтыру орталығын салу жоспарлануда. Бұл да балалар мен ата-аналар үшін керемет жаңалық.

Бүгінде Жер жаннаты Жетісу өңірінде бүлдіршіндерге арналған 10 лагерь бар. Оның жетеуі мемлекеттік болса, қалған үшеуі жеке меншік. Жалпы Жетісу облысында биыл жазғы демалыс сауықтырумен қала сыртындағы лагерлерде, мектеп жанындағы қосымша білім беру ұйымдарында және ата-ана мен демеушілер қолдауымен 103,3 мың немесе 85,5% бала қамтылады деп жоспарлануда.

Жетісу облысында 100 мыңнан астам оқушы лагерьге барадыОблыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, осы жылы жергілікті бюджеттен балаларды жазғы сауықтыруға 622 млн. 710 мың теңге бөлінді. Бір балаға 45 мың теңге есебінен әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы отбасылардан шыққан 13838 оқушыны маусымдық лагерлермен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі кезде қала сыртындағы 10 лагерь, атап айтқанда Текелі қаласында «Алтын Шажа», «Эдельвейс», «Бастау», Алакөл ауданында «Шағала», Көксу ауданында «Қарлығаш», Ескелді ауданында «Айналайын», «Көктөбе», Ақсу ауданында «Тамшыбұлақ», Панфилов ауданында «Қарлығаш» балаларды аусым-аусыммен қабылдауда. Сонымен қатар, мектеп жанындағы тамақсыз лагерлермен - 43423 бала, экскурсиялық саяхаттармен - 5640 бала, демеушілердің көмегімен – 1004, ата-ана қаражаты есебінен - 38573, қосымша білім берумен – 780 бала қамтылмақ.

Қазір демалыс орталықтары бар жақсылығын балаға тосып, бүлдіршіндердің демалысын қызықты өткізу үшін түрлі шаралар өткізуде. Мәселен, 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Текелі қаласындағы «Алтын Шажа» жазғы лагері бірінші маусымының алғашқы легінде 250 баланы қабылдады. Мұнда Ескелді ауданынан келген 250 бала жазғы сауықтыру орнында демалды. Оқушыларға 50-ден астам маман қызмет көрсетті. Оның 20-жуығы кәсіби тәлімгерлер. Демалыс орнында балаларға барлық жағдай жасалған. Таңғы астан бастап күні бойға бағдарламалар құрылған. Бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін арнайы бейне бақылаулар орнатылған. Биыл лагерь 9 аусымға бөлінген. Жалпы осы маусымда 2000-нан астам бала қабылдауды көздеп отыр. «Алтын Шажа» лагерінде демалған бүлдіршіндер алған әсерлерімен бөлісті. 

Мен биыл лагерьге алғашқы рет келдім. Демалыс орнында спорттық ойындарға қатысып, құнарлы тамақтар іштік. Түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыстады. Ең бастысы ұялы телефоннан алшақтап, кітап оқып, шығармашылықпен айналысу үшін де мол мүмкіндік жасады. Бұл жердің табиғаты да керемет екен. Жалпы лагерь маған ерекше әсер сыйлады, - дейді сауықтыру лагерінде каникулын ерекше өткізген жатқандардың бірі Аяжан Амангелдіқызы.

Ескелді ауданының тұрғыны Мария Давидова:

 ­­– Сауықтыру лагерінде біз үшін бар жағдай жасалған. Біз мұнда тұз шахталарына барып, пайдалы процедуралардан өттік. Жаңа достармен таныстырған лагерь маған қатты ұнады.

 Әрбір балдырған үшін жазғы демалыстың қызықты әрі көңілді өтуін ұйымдастырып жатқан мамандарды сөзге тартқан едік.

         Жетісу облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайынық және қосымша білім берудің ғылыми тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Гүлзира Құмарқызы:

– Жетісу облысында 339 жалпы білім беру мекемесі бар. Онда 128 мыңнан астам бала қамтылған. Оның 56 мыңы әлеуметтік осал топтағы бала. Қала сыртында 10 лагерь бар. Текелідегі  «Бастау» және «Эделвейс» лагерінің басқа демалыс орындарынан ерекшелігі мұнда ағылшын тілін тереңдетіп оқу қарастырылған. Сонымен қатар, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін мектептерде де лагерь болады. Мектеп жанындағы лагерьмен 43 мыңнан астам бала қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Балдырғандар 7-10 күн аралығында білім ордасында өтетін түрлі жарыстар мен шараға қатысады. Мектептегі әр лагерь 6 аусымнан тұрады, –дейді.

Сондай-ақ, Талдықорғандағы оқушылар сарайында 6-10 жасқа дейінгі балаларға арналған лагерь бар. Бүлдіршіндерге екі ай бойы ойын ойнатып, шығармашылыққа баулып, демалысын ерекше өткізу үшін жарыстар ұйымдастырады. Текелі қаласы білім бөлімінің әдіскері Гауһар Шүкібасованың айтуынша моноқаланың өзінде 100-ден астам бала түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмеге қастысса, 300-ден астам оқушы өлкетану көшпелі экскурсиясына шығады екен. Ал мектеп жанындағы лагерлерде демалады. Әлеуметтік осал топтағы бала жазғы лагерьмен толықтай қамтылған.

Иә, бүлдіршіндердің демалысын қызықты өткізу үшін облыста түрлі шаралар ұйымдастырылып, тегін лагерьлер қарастырылған. Десе де он лагерьмен барлық облысты қамту мүмкін емес. Сондықтан, Жетісу облысына әлі де лагерь салу керек. Жетісуда тау да, тоғай да, су да, көл де бар. Тарихи, мәдени орындар да жетіп артылады. Тек соның оңтайын тауып, табыс құрай білсек, туризмді дамыта білсек болғаны. Балалардың туған елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытуда ерекше маңызға ие екені белгілі. Олай болса неге әрбір ауылға лагерь салып, үйірмелер, спорттық нысандар ашпасқа?   Жас ұрпақтың денсаулығын ойласақ, әр ауылдан бір-бір лагерь ашып, ауыл балаларын толықтай жазғы демалыспен қамтуымыз қажет. Әйтпесе, кейбір ауылдарда балалар жазғы каникулын лагерде емес, үйінің маңындағы шалшық суда өткізуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға