Жаңалықтар

Жетісу имамдары қаржылық сауатын арттырды

Жетісу имамдары қаржылық сауатын арттырды
Фото: «Қарызсыз қоғам» жобасы 14.08.2024 15:27 534

Жетісу облысындағы ауыл-аудан имамдары Талдықорғанда «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сауат дәрісін тыңдады. Облыстық дін істері басқармасы имамдардың біліктілігін арттыру курсына «Қарызсыз қоғам» бағдарламасын да қосқан,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дәріске Жетісу облысының әр ауданынан 43 имам жиналды. Олар керексіз шығындарды үнемдеу, қаржылық мақсат қою және ақша жинау бойынша 5 күндік бағдарлама оқыды.

Бұл бір өзгеше сабақ болды. Дін бойынша несие, депозит секілді пайыздық өсімі бар істерге рұқсат етілмейді. Осылайша имамдар табысын мал шаруашылығына ғана салады екен. Қаржылық сауаттың ең басты алғышарты – барлық кіріс-шығысты санау, артық шығынды қысқарту. Алайда имамдардың ресми жалақысы – 50 мың теңге ғана. Бұл да өзекті мәселе. Дегенмен қаржылық стратегия түрлерін көрсетіп, табыстың 30 пайызын резервке қою, 60 пайызын күнкөріске жұмсау, 10 пайызын инвестицияға жұмсауды ұсынатын ақша жинау алгоритмін көрсеттік, - дейді қаржылық сарапшы Зәмзәгүл Сламбекова.

Имамдар Ислам дінінде де ысырап жасамау, үнемдеу туралы көп ескертілгенін, бұл ретте «Қарызсыз қоғам» идеясының үндес екенін айтуда. Енді имамдар намаз бен жиындарда қарыздан құтылудың нақты жолдары жөнінде бағыт-бағдар бере алады.

Қазір халықтың көпшілігі шамдаан тыс несие құрсауында, соның салдарынан қаншама отбасы ойран болды. Асыл дінімізде ысырапшылық жасаудың дұрыс еместігі, дүние асып-тасып тұрса да, үнемшілдікпен басқару жақсылыққа жол ашатынын жамағатқа әрдайым айтып отырамыз. Пайызға ақша алудың харам екенін мешітке келушілердің көпшілігі біледі, намазға жаңа келгендер де қарызда береке болмайтынын ұғынып, ертерек қарызынан құтылуға әрекет жасайды. Бұған дейін қарыздың дұрыс еместігін, ысырап жасамауды, үнемдеуді шариғатпен сабақтастырып жеткізсек, осы семинардан кейін жалпы халыққа түсіндіру керегін ұғындық. Шарасыздықтан келген жандарға да банктің пайызы, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, банкроттық рәсімдеу туралы нақты жолдарын айта алатындай білім алдық, - дейді Алакөл ауданы Бескөл мешітінің имамы Қанағат Төкейұлы.

«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісіАқмарал Бекмұрзаева бұл бастама халықтың қаржылық сауат деңгейін арттыруға бағытталғанын айтты.

Жоба іске қосылған сәттен бері біз қазақстандықтардың жақсы жаққа қарай өзгергеніне куә болдық. Несие бойынша борышкерлер тізімінде тұрған азаматтар қарыз құрсауынан шығып, оқудан өтіп, жаңа дағдыны игергені туралы көптеген мысал бар. «Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында адамдар ақшаны жауапкершілікпен басқаруды үйренді. Біз қаржылық сын-қатерді азайту үшін қажетті білім мен құралдарды ұсынамыз және әрбір азаматтың экономикалық әл-ауқатын арттыруға тырысамыз, - деді Ақмарал Бекмұрзаева.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл Президент тапсырмасымен еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды. Жыл басында арнайы оқытылған 150 қаржы сарапшысы мен 20 білікті заңгердің пулы құрылды және бүгінгі күнге дейін 150 мыңнан астам адам жаңа білім алды.

«Қарызсыз қоғам» жобасына демеушілік көрсететін банктер саны артып келеді. Атап айтқанда, Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan Bank, Nurbank, Bank RBK жобаның серіктесі атанды.

Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін www.qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға