«Жеті жарғыдан» Конституцияға дейін
Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы ел көлемінде атап өтілетіні белгілі. Айтулы мерекеге орай, Шығыс Қазақстан облысында прокуратура, сот, юстиция, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және барлық деңгейдегі мәслихат өкілдерінің қатысуымен «Жеті жарғыдан» Конституцияға дейін» акциясы өткілізеді.
«Мерейтойды атап өту бойынша Шығыс өңірде ғылыми-тәжірибелік конференциялар, патриоттар форумы, мерекелік шерулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады», - дейді ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Жақсылық Омардың айтуынша, аймақта өткізілетін іс-шараларға жастар, қалалар мен аудандардағы барлық ардагерлер қатысады. Сондай-ақ, мерекеге орай тамыз айында басталатын жалпыұлтттық акция аясында ҚР Конституциясы күні 16 жасқа толған азаматтарға төлқұжат, жеке куәлік тапсыру рәсімі өткізілмек. Дәл осы күні Өскемендегі Ботпай тауындағы Рәміздер кешенінде мемлекеттік қызметке алынған жас қызметшілердің дәстүрлі ант қабылдау салтанаты да жоспарланып отыр.
Қосымша ақпарат:
Жеті жарғы – Тәуке хан (1678–1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Ол жеті бағыттағы баптардан тұрды:
«Жеті жарғы» баптары
Мемлекет ішінде тұрақсыздық жасағысы келген адам қатаң жазалансын.
Түрік халықтарының мүддесін сатып, мемлекетке залал келтірген адам өлтірілуге тиіс.
Кімде-кім ел (мемлекет) ішінде жазықсыз адамды өлтірсе, сол өлтірілуі тиіс.
Кімде-кім басқаның әйелімен күнә жасап, неке заңын бұзса, сол адам заң алдында қатаң түрде жауап беруі тиіс.
Кімде-кім алыс жорыққа немесе бәйгеге дайындалып, даладағы жайылымда тұсаулы тұрған сәйгүлікті ұрласа, сол өлтірілуі тиіс.
Кімде-кім төбелес үстінде басқа адамды жарақаттаса, сол мынандай жағдайларға байланысты жауапқа тартылуы тиіс.
а) Кімде-кім бір адамның көзін шығарып жіберсе, оған қызын беруі тиіс, ал қызы жоқ болса, қызға берілетін қалың мал мөлшерінде құн төлесін.
б) Кімде-кім біреудің қол-аяғын зақымдаса, құнына өз атын төлесін.
Кімде-кім біреудің атын немесе құнды затын ұрласа, ол оған он есе мөлшерде құн төлейтін болсын.
«Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. «Жеті жарғы» — жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды.
«Жеті жарғыны» жасауға үш жүздің билері мен өкілдері қатысқандықтан, ондағы міндеттер мен құқықтар барлық қазақ жерінде қолданылды. Жыл сайын күзге қарай Ташкенттен қырық шақырым жерде, Ангрен өзенінің сол жақ жағалауындағы Күлтөбе дегн жерде үш жүздің өкілдері бір-екі айға жиналып, кеңес құратын. Бұл жиындарда халқымыздың тағдырындағы сыртқы жаулардан қорғану, көші-қон жолдарын реттеу, ел-жұрт арасындағы дау-дамайларды шешу сияқты ең маңызды мәселелер талқыланатын. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді. «Күлтөбенің басында – күнде кеңес» деген ұғым сол уақыттардан қалған.
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан «Жеті жарғы» заңдарына сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді. Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған.
«Жеті жарғының» негізін салғандар Ұлы жүзден шыққан Төле би Әлібекұлы (1663–1756), Орта жүзден шыққан Қазыбек би Келдібекұлы (1667–1763) және Кіші жүз Әйтеке би Бәйбекұлы (1682–1766) сияқты қазақтың атақты үш биі деседі. Бұлар — «Жеті жарғыны» тәптіштеп жасап қана қоймай, өмірдің барлық салаларында қолдануға көп еңбек сіңірген адамдар. Би дегеніміз – сот және басқа құқық мәселелерімен айналысатын, әділет жаршысы, заң адамы болған. Тәуке ханның заманында бұл жарғы талаптары қатаң сақталып отырған.