Жаңалықтар

Жетекші ЖИ сарапшылары Қазақстанның сала дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады

Жетекші ЖИ сарапшылары Қазақстанның сала дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады
Фото: ҚР ЦИАӨМ 11.02.2025 13:04 174

Париждегі AI Action Summit аясында Қазақстанның цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев жетекші жасанды интеллект (ЖИ) сарапшыларымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллект саласындағы әлемге әйгілі жетекші мамандардың бірі, Стэнфорд университетінің профессоры Фэй-Фэй Лимен кездесу барысында министр Қазақстандағы ЖИ технологияларын дамыту жоспарлары және отандық ЖИ стартаптарының жетістіктері туралы баяндады.

Фэй-Фэй Ли — көптеген адамдар «ЖИ-дің кіндік шешесі» деп атайтын ғалым. Ол ImageNet деп аталатын ең ірі бейне деректер базасын жасап, заманауи компьютерлік көру технологияларының негізін қалады. Оның зерттеулері медициналық диагностика, автономды жүйелер және робототехника саласындағы маңызды жетістіктерге жол ашты.

Meta компаниясының ЖИ бойынша бас ғылыми қызметкері және терең оқыту саласының пионері Ян ЛеКунмен кездесуде ірі тілдік модельдер мен KazLLM жобасы талқыланды.

Ян ЛеКунның маңызды жетістіктерінің бірі – көптеген заманауи AI-қосымшалардың негізіне айналған LLaMA (Large Language Model Meta AI) тілдік моделін әзірлеу болды. Қазақстанда KazLLM дәл осы архитектураның негізінде жасалды, бұл еліміздің ЖИ технологияларын қолдануға және дамытуға бейілділігін көрсетеді. Халықаралық сарапшылар, әсіресе Ян ЛеКун бұл қазақстандық жобаны жоғары бағалап, әлеуметтік желілерде оң пікір қалдырды (суретте).

Министр кездесу барысында Қазақстанның жасанды интеллектті тек ел көлемінде ғана емес, бүкіл өңірлік деңгейде дамытуға ниетті екенін жеткізді.

KazLLM жобасын жетілдіру және Қазақстанда ЖИ инфрақұрылымын дамыту мақсатында Meta командасымен ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Ян ЛеКунды алдағы Digital Bridge іс-шарасына шақырдым, бірлескен жобаларды талқылап, ынтымақтастықты тереңдету мәселесін қарастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Жаслан Мәдиев.

Министр Clever Cloud компаниясының негізін қалаушы Квентин Адаммен кездесті. Бұл компания IT автоматтандыру саласында жұмыс істейді және Java, Scala, Ruby, Node.js, PHP, Python секілді бағдарламалау тілдерінде қосымшаларды  автоматты түрде масштабтау мен қалпына келтіру функцияларымен іске қосуға мүмкіндік беретін платформаны ұсынады. Кездесу барысында тараптар бұлтты есептеулер саласындағы зерттеу-зертханасын (R&D) ашу мүмкіндіктерін талқылады.

Сербияның ғылым, технологиялық даму және инновациялар министрі Елена Беговичпен кездесуде халықаралық Alem.AI орталығының қызметі және ЖИ саласындағы білім беру бағдарламалары сөз болды. Сербия делегациясы Қазақстанның бұл саладағы жетістіктеріне қызығушылық танытып, Астанаға іс-сапармен келуді, білім беру бағдарламалары бойынша ынтымақтастықты талқылауды жоспарлап отыр.

Министр Жаслан Мәдиев OpenAI компаниясының Еуропа және Таяу Шығыс бойынша саясат және серіктестіктер жөніндегі басшысы Сандро Джанелла және ЕО елдерімен өзара іс-қимыл жетекшісі Жюли Лавемен кездесті.

OpenAI — жасанды интеллектті дамыту бойынша әлемге әйгілі зерттеу ұйымы, оның ChatGPT құралы кеңінен танымал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға