Жаңалықтар

Жердегі «жатғаламшарлық» пейзаждар (ФОТО)

«Марсианин» фильміндегі Қызыл ғаламшардың көріністері іс-жүзінде Иорданияның Вади Рам шөлінде түсірілген.
20.10.2015 09:56 6108

«Марсианин» фильміндегі Қызыл ғаламшардың көріністері іс-жүзінде Иорданияның Вади Рам шөлінде түсірілген. Ол жердің пейзажына қарасаңыз, құдды бір жат ғаламшарды көріп отырғандай боласыз. Мұндай ғажап жерлер ғаламшарымызда баршылық. Назарларыңызға Жердегі «жатғаламшарлық» пейзаждарды ұсынамыз. 

Фото: George Steinmetz / Corbis

1. Даллол вулканы

Эфиопия мен Эритреяның шекарасындағы Данкиль ойпаты маңында Даллол вулканы орналасқан. Оның таңғажайып рельефтері Юпитер ғаламшарының серігі Ионың жер бедерін еске салады. Алайда бұл жай ғана ұқсастық, суреттегі көрініс Жерде түсірілген және ол калий тұзы, марганец және темірдің шайылып бетке шығуы әсерінен пайда болған терасса. Даллол вулканының кратері төртінші деңгейлі түзілімдердің шыңында орналасқан. Аталмыш вулканның соңғы атқылауы 1926 жылы тіркелген. Бұл жер америкалық және еуропалық кино жасаушылардың көзіне әлі түсе қойған жоқ. 

Фото: M. Penschow / Corbis

2. Толқын формациясы  

АҚШ-тың Аризона және Юта штаттарының шекарасында тастардан түзілген Толқын формациясы орналасқан. Ғалымдардың бағалауынша, мұндай қабат-қабат түзілімдер 250 мың жыл бойы құрамында темір оксиді, магний және марганец бар құм түйіршіктерінен қалыптасқан. Толқынның бетін тегістеу жұмыстарын жаңбырлар мен желдер атқарды. Негізгі мәселе – пайда болған конструкциялардың осалдығы, соның салдарынан бұл жерлерге туристер жіберілмейді. 

Фото: Imaginechina / Corbis

3. Улинъюань тауы 

Джэймс Кэмеронның атақты «Аватар» фильмі дәл осы жерде түсірілген. Бұл – Қытайдың Чжанцзяцзе ұлттық паркі. Фильмнен кейін Улинъюань тауларын көргісі келетін туристер саны күрт артты. Улинъюань таулары 3 мың шың мен құздан тұрады. Олардың бәрі өзендермен, көлдермен және сарқырамамен бөлінген. 

Фото: Xin ran / Corbis

4. Чжанъе Данься геологиялық паркі 

Атауы қиын бұл қытайлық геологиялық парк өзінің түрлі-түсті құздарымен танымал.  Олар жер қыртысының қозғалуы нәтижесінде пайда болды. 2010 жылы Чжанъе Данься паркі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Әлемдік кинотуындылар мұнда түсірілмейді, алайда National Geographic телеарнасының түсірілім топтары бұл паркке жиі келеді. 

Фото: Mark Moffett / Corbis

5. Сокотра архипелагы    

Йемендік Сокотра архипелагы Оңтүстік Арабиядағы ежелгі мемлекеттерден қалған мәдениетімен ғана емес, сонымен қатар ғажайып пейзаждарымен де танымал. Архипелагтың ерекшелігі сол, мұндағы өсімдіктердің көбі эндемик болып саналады, яғни тек осы жерде өсіп, өзге жерде кездеспейді. Бұл архипелагқа ресейлік шығыстанушылар ерекше қызығушылық танытуда. 1980-жылдардың өзінде олар мұнда этнолингвистикалық зерттеулер жүргізе бастады, тіпті жергілікті халықтар үшін араб графикасы негізінде жазба түрін әзірлеп берді. Оған дейін аборигендер хат алмаспай өмір сүрді. 

Фото: Hermann Erber / Look-foto / Corbis

6. Вади Рам шөлі  

«Марсианин» блокбастері  осы иорданиялық Вади Рам шөлінде түсірілген болатын. Бұл ландшафтар шынымен де Қызыл ғаламшардың бедерлерін еске салатындай.  Сонымен қатар «Арабиялық Лоуренс», «Трансформерлер 2» және «Прометей» фильмдері де осы жерде түсірілген.  

Фото: Colin Harris / era-images / Alamy / Diomedia

7. Мак-Мердо құрғақ шөлдері   

Антарктидадағы Мак-Мердо құрғақ шөлдері  – Жердегі ең құрғақ мекендердің бірі. Тау шыңдарынан шыққан жел ағымдарының жылдамдығы кейде сағатына 320 шақырымға жетеді. Бұл ылғалды тұрақты түрде кептіріп отырады. Ғалымдардың есебі бойынша, бұл алқапта соңғы 8 миллион жыл бойы мұз болмаған. Зерттеушілер бұл шөлді ландшафтарды Марстағы ландшафтармен салыстырады. Тіпті бұл аймақта кейіннен Қызыл ғаламшарға сапар шеккен «Викинг» аппаратын да сынақтан өткізген. 

Фото: Paul Springett / Alamy / Diomedia

8. Вале де Луа ұлттық паркі  

Бразилияда ғаламшарымыздағы ең ежелгі түзілімдердің бірі Вале де Луа орналасқан. Оның негізгі құрамдас бөліктері – кварц және кристалдар. Ұлттық парк орналасқан үстірт 1,8 жыл бұрын қалыптасқан. Жергілікті жартастар жасы бойынша Жердегі ең кәрі тастар саналады: олар Айдан бар болғаны екі жарым-ақ есе жас. 

Фото: The Art Archive / Global Book Publishing / Diomedia

9. Бикон алқабы    

Антарктидадағы Бикон алқабының өлі пейзаждары Қызыл ғаламшарға тек сыртқы сипаттамалары бойынша ұқсамайды: жергілікті табиғаттың қаталдығы, астробиологтардың ойынша, Марстікіне өте жақын. Бұл ауданда ылғал жоқтың қасы, а топырақ сілтіге бай. Алқап ғалымдардың қызығушылығын тудыруда. Мәселен, 2007 жылы ежелгі мұздықтардың бірінен бактерия штаммалары алынды. Олар кейін тіріліп, өсе бастады. Мұндай зерттеулер Жердегі, ашық ғарыштағы және өзге ғаламшарлардағы өмірдің тарихын түсінуде өте маңызды. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға