Жаңалықтар

Жер шарында 300 миллионнан астам түркі тілді халық бар деседі

Қытайдың Таң əулеті алдымен (630 жылы) шығыс түріктерді, артынан (658 жылы) батыс түріктерді басып алды.
15.10.2014 10:42 3819

Түрік тілділер де - сақтарды түп-тұқиян еткен метис ұлттар. Бүгінгі жер шарында 300 миллионнан астам түрікі тілді халық бар деседі. Олардың дені Орта Азия мен Кіші Азияда жəне Қытайдың ШҰАР-ында, Ресейдің Татарстан сықылды əлде неше республикаларында тұрады. Түрік тілді ұлттардың тегі арғы сақтар мен Ғұн қағанатына қараған ұлыстағыларда жатыр. Б. з. 48 жылы шаңырақ көтерген Солтүстік Ғұн қағанатын түрік тілділер билеген алғашқы ел деуге болар.Түмен дейтін көсемінің жетекшілігінде Нөнен (Роуран, Жужан, Авар) елінің үстемдігін аударғанша, олар сол нөнендердің боданы болды. Осыдан соң түріктер лауазымды, жарғылы, жазулы, сонау Байқалдан Каспийге шейінгі аумақты билеген ел бола келіп, екіге (шығыс жəне батыс бөліктерге) айрылып кетті. Бұл əлсіреуді ұтымды пайдаланғандар бар.

Қытайдың Таң əулеті алдымен (630 жылы) шығыс түріктерді, артынан (658 жылы) батыс түріктерді басып алды. Сол себепті түріктердің талай жұрты Ұлы Даланың батысына - қандас, тілдес ағайындары жаққа қарай ауды. Оның арты əлемге əйгілі тарихқа ұласты...

«Үйсіннама» бұл əлемге əйгілі тарихты баяндауға міндетті емес əрине.

Түрік тілі Алтай тілі жүйесіне жатады. Түріктер - ақ пен сары нəсілділердің араласпасы, нағыз метис ұлттар. Хəн жылнамаларындағы деректерше болғанда да, түріктердің арғы тегі, мысалы көсемдері Мұқан мен Ашиналар (Алаш, Алаша хан) сақ текті, ақ нəсілді екен. Олардың, сол қатарда үйсіндердің жалпақ бетті, көк көзді, қызыл шырайлы болғаны айтылады. “Түріктердің тегі - сақ елі” деген де бар. Үйсіндерде, түріктер сықылды, көкқұрт (бөрі, қасқыр) жайлы аңыз барлығы жəне екеуінің де оны төтем ететіні сөз болады.

“Ғұн, Түрік, Моңғол, Қытай, т. б. ішінде талай еуропеоидтар болған. Түрік тайпалық одағындағы ең үлкен Ашына (Алаш)тайпасының түріктенген сақтар болуы ең ықтимал. Ал, орта жəне оң түстікте жасаған түріктер, мысалы Керейт пен Найман тайпалары - несториан дініне сиынатын еуропеоидтарды негіз еткен халық. Түріктермен қандастығы бар Шыңғыс қаған Түрік тайпаларының жарымына жуығын жоғалтқан соң ғана, бүгінгі Моңғолия өңірінде моңғолоидтар басым орынға шықты” дегендер жоғарыдағы көзқарасты тіптен нықтай түседі. Тек қана оның “түріктенген сақтар” деген шала сөзі сақтар ішінде əу бастан-ақ толып жатқан түріктер мен түрік тілділер болғанын, түрік емес талай сақтардың да кейін келе түріктескенін білмейтіндей əсер береді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға