Жаңалықтар

Жер астындағы жұмбақтар

Жер қыртысы қандай қабаттардан құралады? Мұнайдан басқа тағы қандай жер жыныстарын білесіз?
Жер астындағы жұмбақтар
23.04.2019 14:55 13915

Еліміз қазынасының қомақты бөлігін қазба байлығымыз толтырады десек келіспейтін кісі кем де кем. Онда да кен байлықтарының ішінде біз үшін мұнайдың орны алабөтен. Өйткені қара маржан бүгінде біздің ғана емес, әлемдік экономиканың да өзегіне қан жүгіртіп тұрған күретамыр. Тіпті, Әзербайжан сияқты тілін тапқандар мұнайды адам емдеу ісіне де кірістіріп үлгерді.

Бірақ бұл жазбада біз мұнайдың қаржылық яки саяси ықпалын баяндамақшы емеспіз. Немесе оның құрамы мен өңделуі сияқты техникалық сипатына да үңілмейміз. Біздің әңгімемізге тұздық болатыны мұнаймен бірге жер астында жұмбақ жатқан жыныс қабаттар. Ендеше мұнай қалай қазылады? Жер астында тағы қандай қыртыстар бар деген беймағлұм сұрақтарға жауап тапқыңыз келсе, материалды жалғасты оқыңыз.

«Жеті қатта» жасырынғандар 

Халық ауыз әдебиеті мен діни кітаптарда жеті қат жер асты деген тіркесті көп естіген боларсыз. Жердің жаратылысы туралы Құрани-Кәрімде де аспан мен жердің жеті бөліктен тұратынын, жаратылыстың жеті күнде пайда болғанын баяндайды. Бірақ біздің тақырыптың ол қабаттарға еш қатысы жоқ. Бұл арадағы жер қыртыстары әртүрлі жыныстардан құралып, бірінің үстіне бірі қабасттаса орналасқан түрлі химиялық құрамдар.

Егер құдықтан су ішсеңіз немесе таудың баурайында бұлақтан шөл қандырған болсаңыз онда судың жер табанынан шыққанын ұғыну қиын емес. Отанымызда Қарадала, Шәуілдір сияқты елдімекендерде, тіпті, ыстық күйінде атқылап, шапшып шығып жатқан шипалы минерал сулар да кездеседі. Бірақ әр жердің жер қыртысы әртүрлі болатындықтан кейбір мекендерде су жер астында 5-10 метрде, ал енді бірінде 25-50 метр, тіпті, одан да тереңде орналасады. Десе де  су жер астына жасырынған «жансыз» заттың тек бірі ғана.

Жер қозғалмай тыныш күйде жатқан сияқты көрінгенімен, онда да үнемі қозғалыс, өзгеріс бар. Жер мен бірге алып таулар да биіктеп, не шөгіп  отырады. Тек онысы көрер көз байқалмайтындай шамада. Жер бетіндегі өзен-көлдердің жөңкілгені тәрізді жер астында да сулардың ағысы қалыптасқан. Ал су қабатының асты-үстінде топырақтан бөлек, әк, тұз, тас, құм, гипс, көмір және газ, мұнай сияқты басқа да химиялық заттар орын алған.

4000 метр тереңдік

Географиялық аймақ пен жер түзілісіне байланысты мұнайдың орналасу қабаты да әртүрлі. Әлемдік мұнай өндірісінде көш бастап тұрған Сауд арабиясы және парсы шығанағы елдерінде мұнайдың орналасуы тым тайыз болғандықтан, сәйкесінше, оны игеру, кәдеге жарату да жеңіл. Өндіріс шығыны аз. Ал Қазақстанның теңізден шалғай (далалық аймақтағы) мұнай кенішінің ең беткі жұқа қабаты 250 метр болса, тереңдері жер табанына қарай 4000-5000 метрде бұғып жатыр. Сол себепті біздегі мұнайдың өзіндік құны салыстырмалы түрде жоғары. Тек Каспий маңындағы теңізге таяу орналасқан кеніштерден ғана мұнай біршама бергі қабаттардан табылады.

Толқынды «телефон»

Мұнай қорын анықтауда ең әуелгі істелетін шаруа – барлау. Әлгінде атап өткеніміздей, қара маржан жер астында көміліп жатқан көп қазбаның бірі дедік. Көмір сутектінің төресі мұнай кейде үлкен көл тәрізді жайылып, енді бірде аққан өзен сықылды ұзыннан-ұзаққа созылып жатады. Орнын дөп тауып, көлемін анықтау үшін оларға «телефон» шалып, хабарласу қажет.

Балалық шақтың белгісіндей болған жіп телефон деген ойынды ойнамаған бала кем де кем шығар. Екі пласмасс шөлмекті бір-біріне жіп арқылы жалғап, жіп ұзындығы бойында харбарласу құралын жасау балалар үшін қызықты сәттің бірі еді. Сөйтсек мұндай әдіспен мұнайдың да орналасу нүктесін анықтауға болады екен.

Ең әуелі, бес шақырымдық немесе одан да жырақ қашықтыққа мықтап қазық қағылып, оларға кабель байланады. Одан кейін осы кабельдерге орасан күшті толқын соғылады. Қатты толқын жер түбіне бойлап еніп, 5000, тіпті, 7000 метрдей тереңдікке дейін ұласады. Толқынның қай қашықтықта қандай жылдамдықпен тарағанына қарап, жер астындағы қыртыстар мен жыныстардың түрлері және қалыңдықтары анықталады. Толқынмен телефон шалу әдісі тек мұнай барлауда ғана емес, теңіз-мұхиттардағы су түбінің тереңдігін өлшеу және әскери мақсаттарда да айтарлықтай нәтижелі тәсіл.

Жер астына «жорық»

Мұнайдың тұрақты «мекенін» тапқанмен, оны тілге көндіріп, тысқа алып шығу әсте оңай шаруа емес. Оған дейін қат-қабат құрсаулы шепті бұзу керек. Алғашқы ұңғу топырақ қабатынан басталады. Тереңдеп қазған сайын  топырақтың қара топырақ, сары топырақ, ақ топырақ сияқты бірқанша түрлері ұшырасуы мүмкін. Ол сол өңірдің топырақ табиғатына байланысты. Топырақ беткейінен әрі дендеп енгенде құм-шағыл немесе жер асты су жылғасына жол түйіспек. Ұсақ шағылдар, ірі құм, қиыршық құм, ұсақ құмдардың бәрі 30-1000 метр ауқымында кездесетін жұмсақ қабаттар.

Келесі кезекте 1000 метрден асып, 2000-2500 метрге жеткенге дейінгі аралықта жолығатын тұз қабаты. Жұмсақ плацқа жататын бұл қабатта  тұздан бөлек, құм, гипс, көмір кездеседі. Тұз бен құмдардың қазба жұмысына оралғысы көп. Өйткені бұлар бос, сырғыма келетіндіктен құлау, қазған кеңістікті опырылып басып қалу сияқты ұсақ кедергілерімен біраз әуреге салады. Сондықтан қазба жұмысының тұтас кезеңінде осы жұмсақ плацта жүріс баяулап, үрдіс ақырындайды. 

Фото: 1872 метрден қазын алынған тұз.

Айта кетерлігі, ұңғу барысында бастапқыда 5 метр, одан 30 метр, үшіншісінде 1 шақырымдық тереңдікте құбыр салынып, құбыр сырты цементпен қатырылады. Әнтек соңғы құбырлар әуелгі құбырдың ішінен жіберілетіндіктен 600 миллиметр жуандықтан басталған құбыр бірте-бірте жіңішкере береді. 

Үшінші саты – қатты плац. Осы қабатқа жеткенде техколонна аталатын тағы бір құбыр жіберіледі. Әр қабатта да ұшырасатын аргиллиттан өзге  гипс, әктас ұқсаған қатты жыныстардан құралған бұл жыныстар мұнайдың үстінде жатқан жамылғы қабат. Содан әрі тағы да тереңдеп қазып, ылдилай бергенде мұнай жатқан қабатқа тірелеміз.

Қауіп пен қатер

Мұнайға жеткенмен, оны ала қою соншалықты оңайға соқпайды. Дәл осы сәттен бастап қатер күшейіп, қауіп ұлғаяды. Өйткені мұнай табылған  қабатта әдетте газ да қоса жүреді. Олай болатыны газ көбіне құм, көмір, гипс тектес бостығы мен саңлауы бар қабаттарда тығындалып тұрады. Сондықтан қысыммен келген газдың бетін қайтармай, мұнайды ала қою қауіпті. Көбіне тек мұнайды ғана көздеген кеніш қожалары газды ауаға жіберіп, жандырып жібереді. Мұндайда қоры мол кейбір кеніштерде газ апталап емес, айлап та  жанатын жағдайлар болады екен. Қысыммен көтерілген газ жолындағы қиыршық құмдар мен шағылдарды көтеріп әкетіп, ол құбырға қатты тиюден ұшқын пайда болса, онда одан газдың жарылысы туады. Сондықтан газ бар жерде қауіп те бар.

Кенішке бай Қазақстан

Қазіргі сәтте еліміздің көптеген облыстарында мұнай өндіріледі. Қашаған, Қарашығанақ деген атауларды теледидар немесе өзге де ақпарат құралдарынан кемінде бір рет құлағыңыз шалған болуы мүмкін. Иә, бұлар Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік масштабта да жиі аталатын алпауыт кеніштер. Ал еліміздегі мұнайлы алаптарды қандай да бір өңірлік, территориялық тұтастықпен жіктейтін болсақ, республикадағы аса ірі мұнай-газ кеніштерінің шоғыры – Каспий мұнайлы-газды аймағы. Бұл алапқа Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары және Ақтөбе облысындағы кейбір кен орындары енеді. Өзен, Жетібай, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы (Қаламқас) сияқты белгілі кен орындарын қамтыған Маңғыстау облысының өзінде 700 миллион тоннадан артық мұнай қорының барлығы анықталды. Бұл әзірге барланғаны. Ал болашақтағы көрсеткіштің тағы да өсетінін ескерсек, цифр әлі де ұлғаятыны сөзсіз. Каспийден кейін екінші айтулы шоғыр – Оңтүстік Торғай алабы. Қостанайдың Торғайы, Ақтөбенің Ырғызы, Қарағандының Ұлытауы, Қызылорданың Құмкөл, Жосалы сияқты тағы басқа да елдімекендердің өзара түйіскен алқабында орналасқан бұл мұнайлы аймақ 400 миллион тоннадан артық байлықты қойнауына көміп жатыр. Оңтүстік Торғай мұнай-газды алабында ірі кеніштерден Құмкөл, Арысқұм,  Майбұлақ,  Ащысай қатарлы белгілілері бар. Жоғарыда аталған алаптарға енбейтін, Жайсаң (Шығыс Қазақстан облысы) сияқты тұрақты шикізат беріп тұрған ұңғымалар және бар. Алғашқы тәуелсіздік жылдардағымен салыстырғанда мұнай өндірісі әлдеқайда алға озғанымен, еліміздің әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Барланбаған да қорымыз жеткілікті. Бүгінгі санақпен есептегенде орташа есеппен тұтас Қазақстанда ірілі-ұсақты болып мұнай-газ кеніштерінің ұзынырғасы 150-ден асады екен.

P.S. Әр өңір-аймақтың географиялық түзілісі, жер жыныстарының қабаттары  әртүрлі келеді. Сондықтан олардың орналасуында бір-біріне кереғар немесе рет-тәртібі ауысқан жағдай орын алуы мүмкін. Біз бұл материалды дайындауда Ақтөбемұнайгаз мекемесінің бас геологы О. Байбөпенің деректері мен кеңесіне негізделдік. Материал оқырмандарға осы тақырыпта жалпы танымдық мәлімет беруді ғана көздейді. Нақты құжат ретінде маңызының жоқтығын мәлімдейміз.    

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға